Байқасыз ба, орыстілді аудитория тыныш. Соған қарағанда, олардың түгі кетпейтін сияқты.
Шырқырап жатқан баяғы қазақтілді қауым, қазақтілді орта.
Бұл жаман емес негізінде. Ата Заңның 26-бабына енгізілгелі отырған өзгертулерге қатысты алдымен қазақтілді сегмент үн қатуда.
Қарсылық танытуда. Бұл да жөн. Биліктің тарапынан қабылданған немесе қабылданбақ шешімдерге қатысты көзқарасымызды білдіру біздің иммунитетімізді күшейтеді. Ертеңгі күні ақпараттық соғыста дайындығымызды пысықтайды.
Бұл ретте саясаттанушы Дос Көшім мен сенатор Серік Ақылбайдың пікіріне тоқталғанды жөн көрдік.
Бұл екеуінің көзқарасы қарама-қайшы. Сонысымен қызықты. Сонысымен өзекті. Екеуінің айтары бар. Біреуі бұл бапқа өзгеріс енгізуге қарсы, екінші құптап отыр.
“Егер ҚР Конституциясын халықтық референдум арқылы қабылдасақ, Конституцияға енетін барлық өзгерістер мен толықтырулар да референдум арқылы қабылдануы тиіс” депті Көшім Abai.kz сайтында жарияланған пікірінде.
Айтуынша, бүгінге дейін Конституция баптарының, кем дегенде, үштен бірі өзгеріске түсті, бірақ билік бір де бір бапты халықтың талқысына салмаған.
“Өткен жылғы жер мәселесінің екі сұрағы шешімін таппай тұрғанда, Конституциядағы меншікке қатысты бапты өзгерту – халықты көшеге шығару үшін жасалған арнайы жоспар сияқты”
, дейді ол бұл ретте.
Көшім осындай ой түйеді. Айтуынша, жерін, өзен-көлін, ауасын жекеменшікке жатқызуды қазақ қоғамы қабылдамайды. Әрине, сан түрлі айла-шарғылармен кез келген заңды қабылдауға (қабылдатуға) болатын шығар, бірақ оның түбі үлкен жарылысқа алып келетіні анық.
Сонымен қатар, ол «жер – мемлекеттің меншігі» деген тұжырыммен келіспейтінін айтыпты.
“Жер – соны сақтап қалған, өз қанымен қорғаған халықтікі, қазақ ұлтының меншігі.
Қазақ жері халықтың емес, мемлекеттің меншігі болғанда – ұлт өзінің жерінен айрыла бастайды екен: Кеңес одағына кірген Қазақ мемлекетінің басшылары «экономикалық қажеттілік» деген сылтаумен «өздерінің меншігіндегі жерді» Ресейге де, Өзбекстанға да таратты… Билікке беруге болмайтын екі нәрсе бар; біреуі – адамдардың құқығы мен еркіндігі (мемлекет тек сол құқықтың сақталуының кепілі ғана), екіншісі – жер (мемлекет жерді тиімді пайдалануды реттеуші ғана), – дейді ол
Көшімнің пікірінше “әркімнің меншігі» қорғалуы керек. Бұл дұрыс. Бірақ, бұл ұғымға ұлттың меншігі кірмейді. Бірінші кезекте, осы мәселені заңдандыру керек сияқты.
Бұл тұрғыда 26 бапқа қатысты пікір білдіргісі келген қауымға көзқарасын нақты ресми орынға жіберуді ұсыныпты.
“Билік әлеуметтік желіде қанша адам өзінің пікірін білдірді деп санап жатпайды, «біздерге осыншама пікір түсті, оның осынша пайызы 26-бапқа өзгеріс енгізуге қарсы, ал мұншасы жақтады» деген қорытынды жариялайды. Сол уақытта санымызды соғып қалмайық”, деп түйіндепті сөзін Дос Көшім.
Осыған антитеза ретінде сенатор Серік Ақылбайдың пікірін беріп отырмыз. Сенатор бұл баптың Жер туралы мәселеге қатысы жоқтығын айтыпты.
“Азаматтар» деген сөз «әркім» сөзімен алмастырылады. «Бұл жерде «әрқайсысы» деп Қазақстанның азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар деп түсінуге тиіспіз.
Неге біз еліміздің резиденті емес адамның немесе азаматтығы жоқ адамның мүлкінің сақталуын қамтамасыз етпеуіміз керек?
Мәселен, оның көлігі, киімі, компьютері бар. Мұның бәрі сол адамның мүлкі болып саналады. Одан басқа, шетелдік азаматтар мұнда инвестиция әкеледі, ол да мүлік. Келген инвестиция қорғалуы керек, оның Конституциямен сақтандырылуын қамтамасыз ету керек»,
— дейді Ақылбай мырза.
Сенатордың пікірінше, Жер туралы мәселе — басқа мәртебеге ие және мүлде басқа ережемен реттеледі
«Біз бұл жерде Конституцияның 6-бабына жүгінуіміз керек, онда жер заңда көрсетілген жағдайларда ғана жеке меншікке берілетіні жазылған. Яғни, мұнда Жер туралы және Азаматтық кодекстерге сілтеме жасалған, ал ол заңдарда шетелдіктердің ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сатып алуы туралы бірде-бір сөз жоқ», – дейді ол.
Сенатор сөй деп отыр. Айтуынша, 26-баптың 1-тармағына байланысты жер туралы пікірталастың негізі жоқ. Өйткені, жер мәселесі бұл ережемен қарастырылмайды.
«Шетелдіктердің Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жерлерге ие болуы мүмкін емес! Дұрыс түсіндірілгенде, ешқандай олқылық болмау керек. Бәрі де біздің заңдарымызға сәйкес болып отыр. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұрын да айтқан болатын.
Жер, су, табиғи ресурстар — олар мүлік емес. Олар ерекше мәртебеге ие»,
— дейді Серік Ақылбай.
Оның сөзінен түсінгеніміз бұл бап бизнесті қорғау тақырыбына байланысты. Қазақстан билігі шетелдік азаматтың да, азаматтығы жоқ адамның да жеке мүлкіннің қорғалуын қамтамасыз етуге тиісті екен. Тек осылай ғана мемлекет олар әкелген инвестиция мен заңды түрде алынған мүлкінің қорғалуына кепілдік бере алады.
Айтпақшы: 26-бапқа қатысты алып-қосар ойыңыз болса, редакциямыздың электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз. Салмақты, айтар ойы бар дүниелерді жариялауға тырысамыз.