Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-2
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Көпбалалы аналар тегін оқып, мамандық алуға қызықпай отыр – Раушан Сәрсембаева

175

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева көпбалалы және аз қамтылған аналарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, қауымдастықта көпбалалы аналарға арналған «Жәрдем» республикалық бағдарламасы іске қосылған. Алайда бұл бағдарламаға қатысуға аналар белсенділік танытпай отыр.

«Біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытамыз: аспаз, наубайшы, сұлулық маманы, тігінші. Алматыда «Бақытты отбасы» орталығы арқылы 120 орын ұсындық, онда біз әйелдерді оқытып, сол жерде жұмысқа орналастырдық. Өкінішке қарай, бізде оқығысы келетін адамдардың тізімі жоқ. Көпбалалы аналардың өздері әртүрлі сылтау айтады. Бірінің балаларын тастайтын жері болмаса, енді бірі уақытының жоқтығын алға тартады. Біз Нұр-Сұлтанда екі аспаз және екі тігіншіні дайындап оқыттық. Біз оларға өз ісімен айналысу үшін бәсекеге қабілетті орындарда үйреніп, кейін сол жерде жұмыс істеуге жағдай жасадық. Тігінші мамандығы бойынша оқығысы келетін 16 адам тіркелді. Оның 8 расталды, оқуға 2 адам келді. Бизнесті үйретуге дайынбыз, біз оларды тегін оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыруға әзірміз. Бізге тек Алматыдан ғана қауымдастық мүшелерінен 120 орын қажет, бірақ олар қызығушылық танытып отырған жоқ», – деді спикер.

Сонымен бірге ол қазақстандық отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) туралы айтты. Раушан Сәрсембаева атап өткендей, «АӘК қарапайым отбасы мүшелерінің табысына байланысты болғандықтан, бұл тәуелді көңіл-күй туғызады, әйелге жұмыс істемей-ақ мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алып отырған ыңғайлы».

«Көпбалалы аналар АӘК алуға дайын, бірақ бұл отбасының табысына байланысты. Әйелдер жұмыс істеген жерінен кетеді, өйткені егер әйел бір жерде жұмыс істеп, төрт балаға 90 мың алса, АӘК одан көбірек. Сондықтан олар үйде отырғанды жөн көреді. Олар күйеуінің табысын жасыру үшін ажырасуға дейін барады. АӘК-нің табысқа байлануы біз көріп отырған жағымсыз жайттарға алып келді. Әйел жұмыс істегісі келетін шығар, бірақ оған АӘК алу тиімді. Біріншіден, мемлекеттік құрылымдарға АӘК-ті отбасы табысымен байланыстыруды алып тастау қажет. Біз адамдарды оқытып, жұмысқа тұрғыза алмай отырмыз. Олар атаулы әлеуметтік көмектен қағыламыз деп қорқады”, – дейді Раушан Сәрсембаева.

Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналармен кездесу барысында АӘК-ті шынымен мұқтаж отбасылар алуы керек екенін баса айтты. Алматыда 1300-ден астам көпбалалы отбасыға төлем тоқтатылды, айына 83 миллион теңге дұрыс төленбегені анықталды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз