Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Константин көки бастады. Орыс неге Қазақстан билігіне «ұлтшыл» адамның келуінен қатты қорқады?

Душеновқа дейінгілер айтаққа салғандай соңғы рет бір мезгілде ұлардай улап, Қазақстанды бір дүрліктіріп еді. Ол – 2013-2014 жылдар. Яғни, бұл – Кеден одағының Еуразиялық экономикалық одаққа аяқ басқан тұсы. Ол кезде Ресей тарапында қорқыныш болғаны рас. Өйткені кез-келген мемлекет экономикалық одаққа одақтастарымен бірге қол ұстасып, бірге қарыштап даму үшін барады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ мұндайдан жұрдай еді.

Тіпті, ол кезде Ресей халықаралық қауымдастықпен санкция бұғауына алынып, Мәскеумен бірге интеграция құрғандарға оның зардабы белгілі бір деңгейде әсер ететіні анық болды. Одақ келісіміне қол қояр кезде де оған мүше мемлекет басшыларының пікірі бір жерден шыға алмай, қоғамда қатты қобалжу жүрді. Сондықтан психологиялық шабуыл бұл арада артық болмайды деп шешілген сынды.

Ал бұл жолғы – «Русь православная» талдау агенттігінің директоры Константин Душеновтың Ақтөбедегі оқиғаны ілік етіп, орыс саясаткерлерінің бұрыннан айтып келе жатқан шатпағын қайталауын неге жоруға болады?..

Жорамалға көшпес бұрын, өзге ұлттардың орыстан үнемі төмен тұрады деген жалған идеяларын ерінбей тағы тықпалаған Константин Душеновқа біз де ерінбей жауап қайтарғымыз келеді. Қазақстан елдігінің тереңдігін біз талай жазып, талай дәлелдегенбіз. Оны елегісі келмесе, бұл ретте ресми мәлімдемелермен, оның ішінде президенттердің айтқандарымен сөзімізді қадап, шегелеп тасталық.

Душенов секілділердің шатпағы көбейіп, қазақ қоғамында наразылық күшейе бастағанда бұл мәселеге ҚР Парламент Мәжілісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, тіпті Елбасының өзі араласуға мәжбүр болғаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев (Душенов өз сөзінде қу адам деген) 2015 жылды Астана қаласының активімен кездесуде Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығының мерейтойы деп белгіледі. Бұл шара еліміздің барлық өңірінде жаппай тойланып, қазақтың терең тарихы кеңінен насихатталды. Сөйтіп, Қазақстан мемлекет болмаған деген лақпа әңгімеге Елбасының ресми тапсырмасымен де нүкте қойылды.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі Жириновский мәлімдемесіне қатысты Ресейге нота жолдаған болатын. Депутаттар болса, бүтін елдің намысына кір келтірген Жириновский мен Лимоновты елге кіргізбеу туралы сыртқы саясат ведомствасына хат жолдады. Осы уақытта Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко да Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін ешқандай ақылға сыймайтынын тік мінезіне сай Мәскеудің бетіне басып айтып салған. «Егер осы қағидамен әрекет қылсақ, онда Қазақстан мен Моңғолияға (!) Ресейдің жерін, Батыс Еуропаның, Шығыс Еуропаның жерін қайтарып беру керек» деді кекесінмен ол 2014 жылы Евроньюске берген сұхбатында. Сөйтіп Беларусь президенті кезінде Ресейді Алтын Орда хандары билегенін Қызыл Кремльдің есіне салып, естерін жиғызғандай болды.

Қалай дегенмен де, ол кезде Қызыл Кремлдегілер ақыры ақталуға мәжбүр болған. Мәскеу: «Бұл адамдардың сөзі ресми мәлімдеме емес, ол Ресей Федерациясының позициясын танытпайды, бұл жәй әшейін сөз бостандығының көрінісі» деп қысқа қайырды. Осы жағынан алсақ, Душеновтікі де сөз бостандығының көрінісі екені хақ. Душеновты білмейміз, ал алдындағылардың шынымен де Ресейдің қоғамында салмағы жоқ тұлғалар екен.

Федор Лукьянов

Федор Лукьянов, ресейлік басылымның редакторы

Дала мен қала газетіне берген сұхбатында «Жаһандық саясаттағы Ресей» журналының бас редакторы, Ресейдің ішкі және қорғаныс саясаты Кеңесінің мүшесі Федор Лукьянов орыс қоғамы сөз арасында Жириновскийді «алжыған шал» деп айтады деген.

Оның пікірінше, Лимонов болса, творчестволық тұлға, сонымен бірге жауапсыз адам, оның сөзінің қоғамда салмағы жоқ. Демек, мұндайларға «ит үреді, керуен көшеді» деп қарау керек. Алайда бұл жолғы лақпа мәлімдеменің астарынан Қазақстанды бір өзгеріс күтіп тұрғандай әсер алады екенсіз.

Енді Душеновтің жеке сайтында айтқан сөзіне қысқаша тоқтала кетелік: «…Мәселе, біздің Қазақстанда да Украинадағыдай бомба көріп отырғанымызда. Назарбаев өте қу адам. Ол Қазақстанды Ресейден бөліп алса, барлығы құритынын біледі. Ол қазір қартайды. 1986 жылдан  бері билікте отыр. Өзі де ұлтшылдардың көтерілуі нәтижесінде басшылыққа келген. Содан бері 30 жыл Қазақстанды басқарып отыр. Қазір қартайды. Теледидардан оның әрең жүріп жүргенін көруге болады. Ол кеткен соң не болады? Орнына келген азиаттар Қазақстанды қай бағытқа қарай бағыттайды. Бұл бейқам қарайтын мәселе емес» деп ол іргедегі мемлекеттің жайына қиналыс білдіреді.

Онда да оны қинап тұрған барша қазақстандықтың жайы емес екен. Ол орыс диаспорасына алаңдайды.

«…Біз ресми түрде, мемлекеттік деңгейде орыс халқы бір мемлекет құрамында өмір сүруге құқы барын бекітуіміз керек. Осындай бағытта Қазақстандағы орыстарға қолдау жасау керекпіз. Ол бірінші кезекте Қазақстандағы орыстардың Ресеймен байланысын үзбеуіне көмек көрсету керек. Сонда ғана Назарбаевтың орнына болашақта кім келсе де, 1991 жылы заңсыз алынған, орыстар қоныстанған Ресей территориясы Қазақстаннан қайтарылып, Ресей құрамына өтуі керек!», — дейді бұл ретте Душенов.

Біріншіден, бұл арада біз Душеновтің Елбасымыздың денсаулығына күмән келтіріп отырғанын аңғарамыз.

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі

Екіншіден, оның сөзінде Қазақстан билігіне «ұлтшыл» адам келіп қоя ма деген үрейі «ойбайлап» тұр. Бұл тұрғыда Душенов  қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның бір күн бұрынғы айтқанын естіп қойғандай.

Иә, Мұхтар Тайжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ақтөбедегі оқиға – елорда идеологиясының жеңілісі. Сондықтан еліміздің идеологиясы мен ішкі саясатын қазақтілді қазақтар басқаруы керек, тек солар ғана жастарға бұл мәселенің артық-кем жерін дұрыстап түсіндіре алады. Ондай адамдар бізде жетерлік» деп жазды.

Қоғамда айтылған бұл бір ой, бір ұсыныс Душеновқа денесіне шоқ түскендей әсер еткен болуы керек.

Үшіншіден, Қазақстандағы жер мәселесі жәй ғана ілік, әйтпесе бұл қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық әділетсіздіктен шаршағанын, төзімі біте бастағанын білдіретінін ол жақсы түсініп отыр.

Сондықтан Душенов Қазақстандағы әлеуметтік наразылық Ресейге «экспортталып» кетпесе екен деп қорқатын секілді.

Расында, қазір санкция бұғауынан әлі арыла алмай келе жатқан Ресей Федерациясының экономикалық ахуалы қиын жағдайда. Жақында ғана Дмитрий Медведевтің зейнетақы индексациясын сол күйі қалдыру туралы мәлімдемесі Ресей қоғамының наразылығын туғызды. Оларда да жазықсыз ұсталып, айдалып жатқан адамдар баршылық. Ресей халқының да төзімі таусылып барады. Сондықтан мұндайда ұлттық рухты қайрайтын мәлімдемелер керек болып жатқан секілді.

Иә, саяси технология амалдарына жүгінсек, ұлттық рухты көтермелейтін мәлімдемелер елдің экономикалық ахуалы қиын кезде жасалады. Халықтың көңілін аулау үшін. Физикалық жағынан әлсіреген адамды рухани тұрғыда күшейту дегендей.

Қазақстанды тағы бір төмендеткен орыс саясаткерінің айтқанына қатысты біздің жорамалымыз да, айтарымыз да осындай. Ал құзырлы орындар не дер екен?.. Бүтін елдің, бір мемлекеттің басшысына сөз келіп жатқанда, олар құр қарап қалмас деп үміттенеміз…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз