Ташкенттің бас имамы Анвар-қари Тұрсынов электр, су және газ қызметі үшін ақша төлемеген азаматтарды қарыздарын жабуға шақырды. Ол қарызы барлардың Меккеге қажылыққа бара алмайтынын ескертті. Бұл діни тұлғаның коммуналдық берешегі барларға қатысты жасаған бірінші уағызы.
“Егер адамның бір сум болса да, қарызы болса, оның қажылығы қабылданбайды. Біз оларды ұшаққа да отырғызбаймыз”, – деді бас имам.
Өткен айдың соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бас прокуратура жанынан коммуналдық қарыздардың төленуін қадағалайтын бюро құруды тапсырған.
Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанда газ, электр және су қызметі үшін ақша төлемеген жеке және заңды тұлғалардың қарызы бес триллион сум (1,25 миллиард доллар).
Өзбекстандықтар болса, жарық пен газдың жоқтығын айтып, шағымданады. Көптеген аймақтарда электр жарығын тек бірнеше сағатқа береді. Кейбір облыстарда газды мүлдем өшіріп тастаған.