Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Кімге жымыңдадың?..”. Мамандар әйеліне қол көтеретін еркектің әлсіз жерін айтты

1785

https://kaz.365info.kz/meni-napsi-khyrtty-boten-erkekpen-bolgan-ajeldin-myny-259968

 

Журналист Шынар Әбділдә бұл ретте: “неге отбасылық кикілжің туғанда еркектер әйелін ұруға дайын тұрады? Алланың алдында қорғауға, жоғын түгендеп, барын алдынан келтіруге ант-су ішті емес пе бұлар?” деген сауалды көлденең қойып, әйелін ұратын еркектерді ақылға шақырыпты. Автордың айтқанын ықшамдап ұсындық.

Исламда «Әйел – Алланың аманаты!» делінген. Имам, ұстаз Арман Қуанышбаев:

«Исламда әйеліне қол көтеретін еркектен төмен еркек жоқ. Әйелге ғана күші жететін еркек дейді ондайды. Еркекке күші жете алмайтын. Оны бишара дейді. Себебі, көзімен, сөзімен басқарса, қол көтерудің қажеті де жоқ»,

– деп уағыз айтады.

Жалпы, қоғам таяқ жеген әйелге көбіне үстірт қарайды. «Таяқты жегенді білген екенсің, енді ары қарай өз мәселеңді өзің шеш» дейді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», «Неде болса өзі бірдеңе бүлдірген ғой» дегеннен аспайтын пәлсапа түбі орны толмас ұлттық дертке айналмасына кім кепіл?!

Махаббат қайда қалды?

Кез келген отбасылық қарым-қатынас махаббаттан басталады. Ұрып-соғу қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүрген кезде көрініс бермейді. Екі жас отбасы құрып, бір шаңырақтың астында тұра бастағанда, еркек әйелге белгілі бір билік жүргізгенде барып кикілжің туындайды.

Әйелін бақылауда ұстайтын еркектер көбіне оның төркінімен, құрбыларымен байланысын шектеуге тырысады. “Қайда болдың, кіммен қыдырдың”, деп есеп алып отырады.

Не істесе де сын айтып, сымбатын мінеп отырады. Өзің жақсы көретін еркектің ұрғанына көну, оның қас-қабағына тәуелді болу – көңілге қаяу салатын, жүрекке жара салатын жағдай. Күйеу – тек ұратын еркек емес, ол сол әйелмен төсектес болатын, көңілі құлазыған кездерде ақыл айтатын ақылшысы (көбіне болуы тиіс, бірақ болмай қалған ақылшысы). Сондықтан ұрған адамнан кетісу қиынға әрі ұзаққа созылады. Өзін ұратын күйеуден кетісе алмаудың тағы бір себебі – қауіп.  Келешек алдындағы үрей таяқтайтын күйеуден кетуді қиындатады.

Биылғы жылдың статистикасы бойынша, Қазақстанда бір жылда 36 әйел күйеуінің ұрып-соққанынан қаза болып, зорлық-зомбылықтан зәде болған 742 әйел өз өзіне қол жұмсаған. Бұл тек ресми көрсеткіш.

Қылмыстық кодекстің 108 «Денсаулыққа жан күйзелiсi жағдайында зиян келтiру» және 109 «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру» баптары бойынша күйеуі ұрып-соққан жағдайда шағым түсіруге болады. Бұл шағым тым құрымағанда үнемі зәбір шегетін әйелдердің құқы тапталғанын нақтылап, олардың күйеулеріне қандай жаза бар екенін ұқтырады.

Картинки по запросу әйелге қол көтеру

Еркек…

Еркек бір сөз айтты ма, сол сөздің дұрыстығын қалайда дәлелдеп шыққысы келеді. Сөзі жетпей қалған жігіт міндетті түрде іске жұдырықты қосады. Күш көрсетіп, әлімжеттік қылады. Бірі өзіне лайықты бәсекелес іздеп тапса, екінші бірі отбасыда шу шығарып, төбелесіп, әйелі мен бала-шағасын сабау арқылы өзінің менін өсіргісі келеді.

 

https://kaz.365info.kz/men-adastym-bastygymen-konildes-bolgan-ajeldin-syry-287158

 

Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың айтуынша,

қазақта әйел сабау ырымы болған екен

«Қазақта әйел сабау деген ырым болған. Көбінесе, салақ әйелдерді сабаған. Сосын ел көшкенде түйеге жүгін дер кезінде арта алмай, жұрттың соңында қалатын әйелдер, жігіттермен жымыңдасып қойған тоқалдар таяқ жеген.

Бірақ сабау дегенге шындап сабады деп ойламау керек, көбінесе тулақ жауып, соның сыртынан қамшы тигізіп ырымын жасаған.

Солай әйелдің ұятын оятқан» — дейді өнертанушы.

Психологтердің айтуынша, «Егер ер адам бір рет қол көтерсе, ол міндетті түрде бұл қылығын қайталайды. Қанша жерден ант-су ішіп, уәде берсе де, өзін-өзі жеңе алмайды. Мұндай еркектермен ат құйрығын кесіскен дұрыс. Оларды аяу бекер. Қол көтеретін еркекке тағы бір мүмкіндік беру дегеніңіз – тағы да таяқ жеуге өз қолыңмен үкім шығару».

Мақала жазу барысында күйеуінен таяқ жеген әйелдердің хаттары толассыз келіп жатты. Күйеуінен зәбір көрген әйелдерге пана болатын «Араша» үйіне бардық.

Ондағы әйелдердің бәрі таяқ жеуден шаршағандықтан жергілікті органдардан көмек сұрағандар. Әрбірінің оқиғасы әр түрлі. Қанша адам, сонша тағдыр. Көбінесе күйеулері неге ұратынын өздері де білмейді.

Себепсіз таяқ жейтіндері көп. Әдет боп кеткен.

Түзеле ме?

«Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорын басқаратын Маргарита Өскембаева гендерлік теңдік және білім сапасы туралы
мәселелерді зерттеумен шұғылданады.

Әйелді ұрудың себебін Маргарита Өскембаевадан сұрадық, ол былай деп жауап берді: «Біріншіден, ерлердегі агрессияны емдеткен жөн. Немесе ол адам өз-өзін ұстап үйренуі керек. Психологтер, психиатрлар жұмыс істейді, солардың көмегіне жүгінсін. Егер адам өз-өзіне ие бола алмаса, сырттан көмек сұрауы қажет.

Әйелін ұратын еркектер көрінгенге жұдырық ала жүгірмейді.

Тек әлі жететін әйеліне, үй-ішіне ғана әлімжеттік жасайды. Сырт көзге көрінбейді, өзім би, өзім қожамын деп ойлайды. Ал, егер қарсы шықса, олар тоқтайды. Бір әйел болды бізде көмек сұраған, бірден қарсы шығып, күйеуін тоқтатқан, содан кейін араларында кілтипан болмапты. Немесе тағы бір әйел айтады, 8 рет үйден қаштым, енді қашатын шамам жоқ, милиция шақырып, күйеуіне шағымданып, сот әйеліңе қол жұмсасаң, 20 тәулікке қамаласың деген соң дереу әлімжеттікті тоқтатып, әйелін ұрмайтын болыпты. Бір реттен тыю керек. Заңмен болса да, отбасында болса да».

Баланы кім ойлайды?

Отбасында зорлықты жиі көретін бала өз қатарластарынан өзгешеленіп тұрады. Олар үнемі жалтақ, қорқақ, тез шаршайтын, психосоматикалық ауытқуларға бейім, күйзеліске ұрынғыш, өзін төмен бағалайтын, түнімен жаман түс көргіш, агрессияға бейім болып өседі.

Әкесі шешесін сабағанды көріп өскен бала өзі зорлықшылдың құрбаны болатын баламен деңгейлес келеді. Оның бойында да жалтақтық, күйзелгіштік белең алады.

Мұндай бала өзі келіп, шешесіне ажырасып кетші деп айтады. Несеме, ата-әжесіне барып тығылады. Солармен өмір сүрген ыңғайлы болады. Кейбіреулері интернаттарда өмір сүрсе, кейбірі зорлық-зомбылықтан қажып, үйден қашып кетеді. Психологтердің айтуынша, отбасында зорлық-зомбылықты, ұрып-соғуды көріп өскен бала осы тәрбиені бойына сіңіріп, зорлықты өзінің есейген шақтағы өміріне ала келеді. Ұл бала әкесінен көргенін істеп, әйелін сабағыш болады. Қыз бала анасының таяқ жегенін көріп өссе, өзін ұратын жігітті таңдап алады.

Және бір жаманы, психолог В.Синельников айтып өткендей, ата-ананың агрессиясынан баланың агрессиясы он есе күшті болады. Яғни, ұрыс-керісті көріп өскен бала әкесінен он есе ашуланшақ, он есе қатыгез болып шығады.

Күйеуінен таяқ жейтін әйелдер үнемі қорқыныш пен күйзелісте өмір сүреді.

Өзіне деген сенімі шайлығады. Өзін өте төмен бағалайды. Үнемі аурушаң болады. Басы ауырады, ұйқысыздық мазалайды, белі ауырады және т.б.

Өзінен де бар ма?

Егер еркек зорлық-зомбылық, ұрып-соғуға әйелімнің өзі итермелейді десе, мұндай сөзді ғылыми зерттеулер жоққа шығарып үлгерген.

Әйелге қолын бір рет көтерген еркек екінші некеде де дәл сол қарым-қатынасты жалғастыратыны анықталған.

Жұдырығын ала жүгіретін еркектердің басым бөлігі ашу кезінде бәрін сезіп, түсініп отыратын халде болады. Яғни, өзін өзі ұстай алатын психологиялық жағдайда. Көбінде олар әйелін ұру үшін жағдайды, мезгілді, орынды анық таңдап алып ұрады. Әйелі екеуі оңаша қалғанда, немесе тек өз балалары куә болатын кезде. Ол тек әйелін бақылап ұстағысы келеді. Достарын, бастығын, әріптестерін емес.

Қол жұмсаудың басты мақсаты – әйеліне дегенін істету, сондықтан оны өлтіргісі келмейді.

Қазақ халқы қызды төрге отырғызып, ұлынан артық қадірлеген. Себебі, Нұқ пайғамбар туралы хадисте үлкен ұлы Сам әкесінен қарындасын неге төрге отырғызатыны туралы сұрайды. Сонда Нұқ пайғамбар былай деген екен: «Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді». Бұл дәстүр әлі күнге дейін өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Сияр Шәріп атты Мұхаммед пайғамбардың өмірі хақындағы отбасылық хрестоматияда: «Жұмақ та, тозақ та ананың табанының астында. Үмбетіңе айт, жұмақ іздесе үш қыз тапқан ананы қадірлесін, — дейді Жебірейіл. Пайғамбар: «Үмбетіме: «Анаңды, әйеліңді, қызыңды, құрметте, сыйла» деп айтайын» делінген.

Яғни, анасын, әйелін, қызын құрметтеу ер-азаматтың Алладан алған аманаты.

Аманатқа қиянат жасамауды үйренейік.

https://kaz.365info.kz/tyr-ornynnan-ajeldin-aldynda-tizerlegen-zhigittin-khalaj-maskhara-bolatynyn-bilesiz-be-289682

Шынар Әбілдә

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз