Бізге Ресей жау ма? Бізге Қытай жау ма? Қауіп қайдан? Орыстан! Соған қарамай Қазақстанда орыс бауыр, орыс дос деген саясат жүргізілуде. Ақын Мырзан Кенжебай осындай пікір білдіріпті. Айтқанын дәлелдеп беруге тырысқан екен ақын…Ал оқиық.
Маған бүгінгі Қазақстан билігінде отырғандардың көпшілігі өмірге, осынау жарық дүниеге көзқарасы қалыптаспаған, іс-әрекеті бірде – олай, бірде – бұлай, аумалы-төкпелі, мінез-құлқы, сөйлеген сөзі, айтқан ой-пікірі қысқа күнде қырық құбылып тұратын, сөйте тұра мол байлыққа, топан ақшаға кенелудің жылт еткен сәтін қалт жібермейтін дүниеқоңыз, той-думанға тоймайтын жасөспірім «переходный возрасттағы» жігіт-желең, қыз-қырқын сияқты көрінеді де тұрады.
Оны несіне айтып отырсың дейсіз бе? Қараңыз!
1. Қазір көшеде де, көпшілік-қоғамдық орындарда да қазақтарды тыңдап отырсаң, ғасырлар бойы қазақтың жер-суын, байлығын талап-тонап, өзін аштан қырып, қорлап-зорлап, тілін бүлдіріп, ұрпағын сол тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырып келген Ресей емес әлдеқашан жер бетінен жойылып кеткен Жоңғария деген бір ел екен деп қаласың. Бұл – арғы-бергісін білмейтін жасөспірімнің сөзі емес пе?
2. Қазір сана-сезіміне биліктің әнжі саясаты сіңіп қалған қазақтар қыздарымыз қытайларға күйеуге тиюде деп зарлайтын болды. Ау,
қазақ қыздары кімге қатын болмай жатыр?! Қыздары орысқа тигеніне мақтанатын, баласы орыстан қатын алса «интернациональная семья» болдық деп күмпілдейтін қазақ емес пе едік?
Оны былай қойғанда қазақ қыздары Ресей асып, италиялыққа, испанға, канадалыққа, чехқа, негрдің түр-түріне қатын болып кетіп жатыр ғой! Соны мақтан тұтып жүрген қазақ қыздарымыз қытайға тиюде деп неге қайғыратыны мүлде түсініксіз.
Әлде орыстан, ағылшыннан, еврейден туған жиен қазақ болып шығады деп ойлай ма екен?! Бұл да қазақтың өз пікірі, өз көзқарасы қалыптаспаған, соңғы 26 жыл ішінде әлі толық ержетпеген бозбала қалпында қалғанының дәлелі емес дей аласыз ба?
Ресейдің қалың қазақ тұратын Орынбор, Орск, Сарытау (Саратов), Хажы-Тархан (Астрахань) аймақтарында қазақ мектебі түгіл қазақ сыныбын аштырмайды. Шындығында оның бәрі орыстар тартып алған қазақ жері. Ал
Қытайда бірнеше телеарна күндіз-түні қазақша сарнап тұр.
Ондай телеарна Қазақстанда жоқ. Қытайда қазақ балаларына қазақ мектебі көп. Не көп, қазақша газет-журнал көп. Ресей қазақтары түгіл Қазақстан қазақтары өз тілін білмейді. Ал 2 млрд. Қытайда тұратын қазақтар сөзіне бір ауыз қытай сөзін араластырмай сөйлейді. Сонда
қазақтың тіліне, дініне, салт-дәстүріне қауіп қытайдан ба, орыстан ба?
Тәуелсіздік алдым дегеніне 26 жыл болған Қазақ тілі әлі кімнің тілінің бұғауынан шыға алмай отыр? Қазақстанда қытайға қазақша сөйлесең, жауапқа тартылмайсың, ал орысқа сөйлесең жауапқа тартыласың деп қорқытып қойғанын біле тұра қазекем қытайдан қорқатыны несі? Бұл ержетпеген «переходный возрастта» қалғанының белгісі емес дей аласыз ба?
Айта берсең, бұндай мысал шаш етектен. Қысқасы,
қазір Қазақстанда қазақтың ең жақын досы, бірге туған бауыры қазақтың мұңын-мұңдап, жоғын-жоқтайтын тек орыс деген саясат жүргізілуде.
Қазір қазақтардың санасын арабтарға қарсы қою саясаты да жоқ емес. Тәуелсіздік алдық деп 26 жыл бойы күндіз-түні, қысы-жазы той-думан, мереке-мейрам өткізіп шуылдаумен келе жатқан, сол 26 жыл ішінде өз елінде өз тілін төрге шығара алмағанымен жұмысы жоқ қазақты енді қазақи-ислам, түркілік-исламды ұстануға шақыру қызу қолға алынды.
Бұл – қазақ халқын әлемдік исламнан, ислам елдерінен алшақтатудың бір тәсілі.
Бұл орайда Қазақстан дінбасылары сыртқы саясаттың жетегінде кеткелі де көп болды. Ал сыртқы саясат қашанда ойнамалы, құбылмалы, бүгін-былай, ертең-былай боп өзгере береді. Міне, қаншама жылдан бері Ауғанстанда, Иракта, Ливияда, Палестинада одан бері де Шамда (Сирия) мұсылмандарды жүзмыңдап қыру жүріп жатыр. Ал
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы соның бірде бірінде, қаза тапқан бір мұсылманға арнап бір мәрте де дұға оқыған емес.
Бұл не деп білесіз? Оның орнына исламның қазақ салт-дәстүріне қайшы тұстары деген сөз жиі айтылатын болды. Біздің білуімізше қасиетті ислам діні ешбір халықтың тіліне, дініне, салт-дәстүріне тыйым салмайтын бірден-бір дін емес пе еді?
Дереккөз: Abai.kz
Айгүл Еркінбекқызы