Қызылордада ішімдікке тойып алып әйелінің әпкесін өлтірген полицейге қатысты сот аяқталды.
“Алдымен сотталушы әйелімен сөзге келіп, оны соққыға жығады. Күйеуіне ренжіген әйел әпкесіне барып, болған жағдайды айтып берген”, — деп хабарлады Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мамандары.
“Бірақ бұл уақытта сотталушы мас болған. Ол қолына пышақ алып, қайын әпкесінің кеудесіне сұғып алады”, — деп хабарлады соттағылар.
Әйел есін жимаған күйі ауруханада көз жұмды. Қылмыскер сот алдында жауап берді.
Қызылорда облысында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол ҚР ҚК 99-баптың 1-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.
Бұдан өзге ер адам полиция аға лейтенанты шенінен айырылып, жәбірленуші тарапқа екі миллион теңге (шамамен 5,4 мың доллар) көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.