Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасындағы дау ауыр жарақатқа ұласты. Қаладағы №267 мектептің 15 жастағы оқушысын пышақтап кеткен. Оқиға күндізгі уақытта, яғни сабақтан тыс мезгілде болған. Бұл туралы https://kaz.365info.kz/ сайты Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, жоғары сынып оқушысы мен колледж студенті арасында сөзге келіспеушілік туындап, артынша жанжал төбелеске ұласқан. Сол сәтте тараптардың бірі екіншісіне суық қару қолданған. Осылайша мектеп оқушысы іш және кеуде тұсынан жарақат алған. Дәрігерлер зардап шеккен жасөспірімнің жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Қазір ол қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды», – деді Серік Тоқтыбаев.
Мектеп әкімшілігі болса, оқиға сабақтан тыс уақытта болғанын айтып, бұл жағдайдың білім ордасына қатысы жоқ екенін жеткізді. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен ұстаздарды балалардың мінез-құлқына, ортасына және әлеуметтік желідегі белсенділігіне көбірек назар аударуға шақырды.