Жақында Шынжаң ұйғыр телеарнасының «Шырын түс» бағдарламасының тақырыбына арқау болған қандасымыз Зайра Асейінғазықызының ізгі істері Қытай халқын тебірентіп, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің өзім 4 жасымда жетім қалдым. Ер жетуіме, өмірімдегі қиын кезеңдерді еңсеруге көптеген мейірбан адамдар көмек берді. Кішкене кезімде тұрмысымыз өте төмен болды. Сонда, кейін ер жеткенде, өзім секілді жетім балаларға жәрдем қылсам, маңдайынан сыйпасам деп армандайтынмын. Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге қаражатым болмады. Сосын зауытқа тұрып, ауыр жұмыстар істеуге мәжбүр болдым», – деп әңгімелейді Зайра Асейінғазықызы.
Осылайша ерте жастан еңбекке араласқан ол көптеген қиыншылықтарды бастан кешкенін айтады. Сырқаттанып төсек тартып қалған кездері, тіпті, 40 күндей тек құрғақ нан жеп, қайнаған сумен өзек жалғаған кездері болыпты. Әйтсе де, тағдырдың ауыр сынағын еңсеруге мейірбан жандардың көмегі көп септігін тигізген.
«Ауруым асқынған кезде жеке емханасы бар бір дәрігер кісінің арқасында тегін емделіп, жазылдым. Бұл маған жігер берді. Ақшам жоқ болса да, өмірде жақсы адамдар бар екеніне көзім жетті. Кейін көшеде нан сұрап, қайыр тілеп жүрген бір әжені көріп, әңгімеге тарттым. Ол кісінің балалары өмірден ерте озыпты. Мен әжеге көмектесіп, оған бала болдым. Осылайша өмірден өзіме көптеген аналар, әкелер таптым. Өзім көрген қиындықтарды бүгінгі жетімдер көрмесе екен дедім. Сол үшін ата-анасынан айырылған мүгедек балаларды жинап, бауырыма бастым. Олардың өнерін ұштауға, өмірден өз үлестерін алуға барынша жігерлендіріп келемін. Бүгінде 8 ұлт өкілінен 62 балам бар. Олардың бірінің әкесі жоқ, бірінің шешесі жоқ, біреуінің аяғы жоқ, бірінің көзі көрмейді», – дейді Зайра Асейінғазықызы.
Оның айтуынша, бұл әлем жақсы адамдарға толы. Өмірде барлық адам тең. Алайда, солай бола тұра, адамдар ақшадан, жақсы өмірден жалығуы мүмкін, ал ізгілік пен махаббаттан, қамқорлық пен мейірімнен адам баласы еш жалықпайды.
«Мен бұл жетімектерді ізгі-ниетті жандардың көмегінің арқасында бағып жатырмын. Көмек қолын созатындар көп. Қазір балаларымның 20-сы үйленді. Мен осы ортада жүріп көптеген әсерлі, ізгі істерге куә болдым. Бірде 23 жастағы он екі мүшесі сау, оқыған қыз келіп, көзі мүлдем көрмейтін зағип жігітпен бас қосты, отау құрды. Айналасындағы біраз жұрт оған: «Сен оқығансың, болашағың бар қызсың, неге мүгедек жанға өз тағдырыңды байлайсың», деп қарсы болды.
Сонда әлгі қыз: «Мен бұл дүниеден ештеңе істемей өтсем де, осы жігіттің қос жанары болайын», – деді. Міне осыдан артық қандай адамгершілік, қандай ізгілік бар», – деп көзіне жас алады Зайра Асейінғазықызы.
Бағдарлама барысында, Зайра Асейінғазықызының тәрбиесіндегі жарымжан қазақ қызы ән салды және қолы жоқ, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын баланың аузымен, аяғымен салған суреттері көрсетілді. Сонымен бірге бағдарламаға қонақ ретінде шақырылған кәсіпкерлер қайсар қазақ қызының мейірімділігіне, ерлігіне алғыстарын білдіріп, өз көмектерін жасады.