Ақан Сатаевтың «Рэкетир 3» фильмі Қырғызстанда прокаттан алынды. Бұған дейін фильмнің түсірілім тобын көршілес елде қылмыстық беделді тұлға Камчы Көлбаевтың ұлы күтіп алған еді. Мәліметтерге сенсек, 20 ақпанда «Кыргыз тасмасы» мемлекеттік киноорталығы фильмнің прокат куәлігін қайтарып алған. Қазір кинотеатрлар сатып алынған билеттер үшін ақшаны қайтарып жатыр.
«Бұл шешімнің нақты себебін «Кыргыз тасмасы» ұйымынан сұраған дұрыс. Біз тек олардың шешімін орындаймыз. Егер фильмді көрсетсек, айыппұл төлейміз» – деп түсіндірді «Синематика» кинотеатрлар желісінің өкілдері басылымға.
Қызығы, фильмнің түсірілім тобын, соның ішінде танымал қазақстандық актер Саят Исембаевты Қырғызстанда Камчы Көлбаевтың ұлы Руслан Көлбаев қарсы алған. Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда Көлбаевтың түсірілім тобын шекарада күтіп алып, ұлттық мейрамханада қонақ еткені және премьера кезінде қызыл кілеммен бірге жүргені көрінеді.
«Бүгін ғана Руслан Көлбаевтың біздің фильмге қатысы бар деген ақпаратты естідім. Бірақ сенімді түрде айта аламын. Русланның фильмге еш қатысы жоқ. Ол басқа шақырылған қонақтар сияқты жай ғана қатысушы болды. Бізді дистрибьюторлық компания қарсы алды. Қырғызстан билігі біздің жағдайымызға түсіністікпен қарайды деп үміттенемін», – деді актер.