Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков “Қырғыз Республикасы үкіметінің отставкасы туралы” жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көрші ел басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
“Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші ҚР үкіметіне сенімсіздік білдіргені үшін ҚР Конституциясының 85-бабының 6-бөлігін, “ҚР Үкіметі туралы” ҚР Конституциялық заңының 13-бабының 1-бөлігінің 5-пунктін басшылыққа ала отырып ҚР үкіметін отставкаға жіберді”, – делінген Қырғыз Республикасы президентінің сайтында.
Дауыс беру қорытындысы бойынша министрлер кабинетін отставкаға жіберуді 101 депутат қолдап, бесеуі қарсы болған.
Еске салайық, Жогорку Кенештің үш фракциясы – “Республика – Ата Журт”, “Онугуу-Прогресс” және “Ата Мекен” үкімет есебін қабылдаудан бас тартқан. Депутаттар өзекті мәселелер бойынша сұрақ қойып, нәтижесінде үкімет есебін қанағаттанарлық емес деп тапқан. Парламент Сапар Исаковты 2017 жылдың 25 тамызында премьер-министр етіп сайлаған.
Сол уақытта үкімет құрамына тіркелген 103 депутаттың 97-ісі қолдап дауыс беріп, бесеуі қарсы шыққан.