Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
-7
USD
389
0.00
EUR
428
0.00
RUB
6.08
0.00

Қос өнерді біріктірген көрме

Тараз қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шара Жамбыл облысының 80 жылдығына арналды. Әйгілі Фирдоуси ғазалымен аталған кешті жас ақын Нұржан Қадірәлі жүргізді. Көрме әуелі ашық аспан астындағы классикалық вальспен ашылды. Содан кейін жүргізуші ортаға шығып, картиналардың бетперделерін аша жүріп өлең оқыды. Осы сәтте өңірдегі «Ақкербез» бишілер тобының ұлттық нақышта киінген арулары да барлық картиналардың бетперделерін ашып, оларды көпшілік назарына ұсынды.

Әулиеата өңірінен қазақ әдебиетінде есімі белгілі тұлғалар көптеп шыққан. Көне заманда да Шығыс шайырларының Таразды тамсана жырлағаны тарихтан белгілі. Бұл орайда Алтынбек Қартабай өзінің тұңғыш шығармашылық көрмесін ақындардың өлеңдерімен керемет үйлестіре білуімен де ерекшеленді деуге болады. Фототілші қазақтың ару қыздары, сонымен қатар алтын күз, ақындар бейнесі, табиғат көріністері сияқты көркем көріністерді де қалт жібермеген. Ал, бұл шығармалар Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рақым, Күләш Ахметова, Серік Томанов, Маралтай Райымбекұлы сияқты ақындардың өлеңдерімен жақсы жарасым тауып, көрмені тамашалаушыларға керемет күй сыйлады. Фотопоэзия көрмесін тамашалауға келген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мұндай кештің Тараз топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, көрме иесінің жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл күні Алтынбек Қартабай Жамбыл облысының 80 жылдығына орай көпшілік назарына 80 сурет ұсынды. Оның ішінде өңір тарихынан сыр шертетін туындылар да бар. «Туған жердің, қоршаған ортаның керемет сұлулығын көрмеу мүмкін емес. Мен бұл көрмеде өзімнің фототуындыларыммен қос өнерді біріктіріп, ақындар шығармашылығын да осы кешке арқау етуді мақсат еттім», дейді Алтынбек Қартабай. Бұл күні тараздықтар түрлі тақырыптағы картиналарды тамашалап, өз әсерлерімен бөлісті.

© «365 Info», 2014–2019 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз