Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
14
USD
427
0.00
EUR
497
0.00
RUB
5.5
0.00

“Қойсай болды…”. Жиенбеков пен Атамбаев ашық айқасып жатыр

162

Екі мықтының ерегесі бір-бірін ашық айыптауға ұласып жатыр. 24.kg-ға сұхбат берген Жиенбеков әзір Социал-демократиялық партияның тізгінін ұстап отырған Атамбаевтың өзіне орынсыз кінә таққанын айтып, ағынан жарылыпты.

– Көріспегенімізге көп болды. Соңғы рет сонау наурыз айында ұшырасқанбыз. Содан бері маған сан рет күйе жақты. Президенттіктің алғашқы төрт айын ауыр өткердім. Сол кезде қолтығымнан демеудің орнына, сыртымнан сөз тасыды.

“Жемқорлықтың ұшар басында тұрған Жиенбеков, Пішкектегі жылу электр орталығының апатына да сол кінәлі” десті.

Социал-демократиялық партияның съезіне осы ұйымның  отымен кіріп, күлімен шыққан Ош өңірінен келген ардагерлерді кіргізбей, босағадан кері қайтарды.

Қиын-қыстау жылдары партияны сақтап қалуға қол ұшын созған, әрі Атамбаевты да аман алып қалған солар емес пе еді? Жағдайды осыншалықты ушығады деп ойлаған жоқпын. Осы уақытқа дейін тіс жарғам жоқ. Алмазбектен іргемді аулақ салам деген ой жоқ-тұғын. Партиялас едік, мүдделес едік осы күнге дейін.., – деген Жиенбеков партия қатарында жүргенде Атамбаевқа адал қызмет еткенін айтыпты.

“Алайда Алмазбектің қолбаласы емеспін” дейді Қырғызстанның қазіргі президенті.

“Менен қолбала жасауға тырысып, көлденең көк аттылардың көмегімен іс-әрекетімді өзінің қолайына қарай бағыттауға ұмтылу Атамбаевқа абырой әкелмейді.  Оның осы арқылы неге ұмтылатынын ұғына алмай-ақ қойдым. Бір өзі бар ауыртпалықты мойнымен көтергендей сөйлейді. Социал-демократиялық партияны бүгінгі деңгейге жеткізген тұлғаларды санаттан шығарып тастады. Партияның бүгінгідей деңгейге жетуі жалғыз Алмазбектің арқасы емес. “Досым”, “партияласым” дегенде сондай. Сөзі мен ісі сай емес, бірақ. Нағыз дос, нағыз партиялас дәл Алмазбектей пасық пиғылға бармайды, – депті күйінген Жиенбеков.

Айтуынша, небір алмағайып заманда Атамбаевтан алыстамай, жанында жүріпті Жиенбеков.

“Басына күн туып, жападан жалғыз қалған кездері де қасынан табылдым. Ол тұстары Атамбаевтың үзеңгілесі болу басыңды бәйгеге тігумен тең еді. Соған қарамай, отбасыма, туған-туысқа төніп тұрған қауіпке қарамай Алмазбектің айтқанына сендім.

2009 жылы Атамбаев Социал-демократиялық партияның атынан сайлауға түскенде оның оң қолы болған штабқа жетекшілік еттім. Сол кездегі жүйе Атамбаевқа жақтасқандардың терісін тірідей сыпыруға әзір-тұғын. Алмазбектің сөзін сөйлеу көзсіз ерлік еді сол тұстары. Ашығын айтайын, Атамбаевтың жолында ажал құшуым да мүмкін еді. Ол үшін қандай құрбандыққа барғанымды Алмазбек жақсы біледі.

Соның бәрін ұмытып кетті. Мені сатқын деп сыбап жүр. Алмазбек пен оның жақтастарының сүйікті сөз бұл. Көрерміз. Кімнің кім екенін уақыт көрсете жатар…”, – депті Жиенбеков.

Айтуынша, дәл қазір оның Атамбаевтың айыптауларына алаңдайтын уақыты жоқ.

“Қырғыз халқының мәңгілік мұраты бар. “Қырғыз көші өз жолын жалғастыруы керек”. Менің ұраным, менің ұстанымым осы. Президенттер келеді кетеді, халық қалады. Тәуелсіздік атты тарихи жолды жалғастыруымыз керек”, – депті Жиенбеков.

ДайындағанДуман БЫҚАЙ

Дереккөз: Dalanews.kz 

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз