Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
6
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

Қазақстанның Ресейге қарсы санкциялардан қиналмай өту мүмкіндігі қандай,  сарапшы пікірі

Фото: ShuttersVOA
Ресейге қарсы санкциялардың жағымсыз әсерін, сондай-ақ экономикалық құлдыраудың салдарын Мәскеудің барлық негізгі серіктестері, соның ішінде Қазақстанға сезінуге тура келеді. Осыған байланысты Ұлттық экономиканың негізгі сын-қатерлеріне талдау жасап, жағдайды дамытудың ықтимал перспективаларын айқындау қажет.

Бұрын-соңды болмаған құлдырау

Ресейге берілген санкциялық соққының Қазақстанға да әсер етуінің негізгі себебі мемлекеттер арасындағы тығыз шаруашылық байланыстарда жатыр.

Ресей біз үшін жетекші сауда серіктесі болып табылады. Оның үлесіне Қазақстанның барлық сыртқы саудасының шамамен 24%-ы ($24,2 млрд) тиесілі. Сонымен қатар, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық импортының 42%-дан астамын РФ қамтамасыз етті, яғни шетелден сатып алатын тауарларымыздың жартысына жуығы ресейлік өндіріс тауарларына тиесілі.

Ішінара экономикалық интеграцияның осындай жоғары деңгейі ЕАЭО арқасында қалыптасты, оның шеңберінде елдер трансшекаралық сауданы белсенді түрде дамытып, көптеген тарифтік және тарифтік емес кедергілерді алып тастауға қол жеткізді. Көп жағдайда қазақстандық нарықтың Ресей экономикасындағы ауытқуларға сезімталдығы осыдан туындайды.

Украинаға әскери жорықтың салдарынан Ресейдің экономикалық шығыны қаншалықты ауыр болса, Қазақстан үшін шығындар ауқымы соған байланысты болады.

Сонымен бірге, “ядролық”санкциялар пакетінің салдарынан Ресей бірнеше жылға созылуы мүмкін айтарлықтай рецессияға тап болуы мүмкін. Құлдырау екі таңбалы сандармен бағалануы да мүмкін.

Мәселен, экономистердің бағалауы бойынша, ағымдағы жылдың II тоқсанында ғана Ресейдің ЖІӨ 8-12%-ға төмендейді. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша РФ экономикасының жалпы құлдырауы 30%-ға дейін жетуі мүмкін (Халықаралық қаржы институтының бағалауы, АҚШ). Мұндай ауқымды құлдырау оны ондаған жылдар артқа – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Ресей экономикасы ең терең дағдарысты бастан кешірген 1990-1993 жылдардағы деңгейге түсу қаупін тудырады.

Ресейдің қаржылық қауіпсіздік жастықшасы қанша уақытқа жететіні анық емес. 2022 жылдың басында $640 млрд мөлшеріндегі алтын-валюта резервтері болды, алайда ЕО мен АҚШ бұғаттағаннан кейін ОБ резервтерінің жартысын ($300 млрд) ала алмауы мүмкін.

Мұның барлығы Ресейдің Украинаға қарсы бастаған әскери іс-қимылдары өздеріне ауыртпалық әкелді, және қазірдің өзінде ішкі экономиканың жаппай құлдырауының елеулі белгілері байқалуда. Тиісінше, Қазақстан үшін көрші елдегі экономикалық жағдайдың құлдырауына да дайын болу маңызды.

Инфляциялық шок

Егер Қазақстанның Ресейге қарсы санкциялардан қандай арналар арқылы қысым көретінін талдап көрсек, бірінші кезекте инфляциялық шокты атап өткен жөн.

Рубльдің күрт құнсыздануы аясында Қазақстандық ұлттық валюта бағамы да әлсіреуге мәжбүр. Мәселен, соңғы айда теңге шамамен 20%-ға – бір доллар үшін 426-дан 500 теңгеге дейін арзандады. Бұл ҚР Ұлттық Банкінің мерзімді түрде валюталық интервенция жасауының арқасында, оның көлемі $1 млрд-қа жақындап қалды.

Бір қарағанда, бағамның әлсіреуі ұлттық өндірушілерді арзан ресейлік импорттан қорғау үшін қажет. Алайда, макро деңгейде теңгенің девальвациясы инфляцияны сөзсіз үдетеді, сондай-ақ халықтың нақты табысының бұрынғыдан да көбірек төмендеуіне әкеледі.

ҚР Ұлттық банкінің бағалауы бойынша инфляция көрсеткіштері соңғы бес жылда рекордтық мәнге жетіп отыр. Біз қазірдің өзінде импорттың, оның ішінде азық-түліктің қымбаттауына тап болып отырмыз. Ресми статистикаға сәйкес, ақпан айының өзінде өнім бағасы 10%-ға өскен.

Айта кетейік, Ресей Федерациясынан импорттың маңызды сегментін дәл осы азық-түлік тауарлары алады. Алайда, өз нарығын қорғау үшін Ресей қазір экспортқа (астық және қант), оның ішінде ЕАЭО елдеріне экспорттауға шектеулер енгізуде. Мұндай қадамдар дүрбелеңді күшейтіп, сонымен бірге қазақстандық нарықта бағаның күрт өсуіне және алыпсатарлық көңіл-күйге итермелеуде.

Экспорттық логистика мәселелері

Ресейге қарсы санкциялар салдарынан туындайтын тағы бір негізгі тәуекел қазақстандық экспорттың логистикасымен байланысты.

Мәселе біздің  мұнай, газ және металдарды сыртқы нарықтарға жеткізетін жолымыздың басым бөлігі Ресей аумағы мен РФ жүк порттары арқылы өтетіндігінде.

Мысалы, Қазақстанның мұнай экспорты толығымен дерлік (80-90%) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мен Новороссийск портына байланған. Қазақстандық газ да Еуропа нарықтарына ресейлік газ құбырлары арқылы да келіп түседі.

Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын түбегейлі қатайту аясында бұл инфрақұрылымға қауіп төніп тұр. Қазір көптеген елдер Ресей порттарынан жеткізілетін мұнайды сатып алудан бас тартуда. Сонымен қатар, наурыз айының басында қазақстандық Kusto Group серіктесі Қанат Көпбаев қазақстандық жүктердің РФ арқылы транзитіне қатысты үлкен қиындықтар бар екендігі туралы мәлімдеген болатын.

Сонымен бірге Мәскеуге санкциялық қысым тек арта түсетіні анық. Болашақта ЕО мен АҚШ тарапынан Ресейлік экспорттық порттардың бұғатталуын жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайда Қазақстанның өз тауарларын әлемдік нарықтарға жеткізу тетігі жаппай бұзылады.

Бір қызығы, мұндай қатер бұрын да болған, батыстың бұғаттау шараларынан емес, бір кездері қолайсыз ауа-райы жағдайларына байланысты ҚТГ құбыржол жүйесіне нұқсан келіп, қазақстандық мұнайды жеткізуді уақытша тоқтатуға тура келген болатын.

Экономикалық өсудің баяулауы және ЕАЭО үшін қауіп-қатерлер

Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан үшін тағы бір теріс әсері ұлттық экономиканың өсу қарқынының төмендеуінен көрініс табуы мүмкін. Бағаның жоғары құбылмалылығы және сыртқы күйзелісті факторлар аясында ҚР Ұлттық Банкі соңғы жылдары базалық мөлшерлемені 10,25%-дан 13,5%-ға дейін көтерді.

Мәселе мынада, қарыз алудың жоғары құны экономикадағы іскерлік және инвестициялық белсенділікті төмендетеді, бұл өсудің динамикасының әлсіреуіне әкеледі. Сонымен қатар, Ресейдегі ауқымды дағдарыс ҚР аумағында ресейлік инвесторлардың белсенділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

ЕАЭО-ға келетін болсақ, Санкциялар экономикалық одақтың жұмысына жақсы әсер ете қоймайды. Біріншіден, Ресейдегі экономикалық қиындықтар бірлестік ішінде өзара сауда қарқынының төмендеу қаупін тудырады.

Екіншіден, жалпы санкциялық қысым жағдайында Ресей экономикасы жұмылдыру негізіне жедел көшетін сияқты. Еуразиялық интеграцияның басқа қатысушылары үшін бұл ең алдымен өзара саудадағы кедергілердің ұлғаюын және Ресей нарығына қолжетімділіктің тарылуын білдіруі мүмкін.

Үшіншіден, экономикалық бірлестік жұмысын геосаясаттандыру қаупі одан әрі арта түседі. Қазақстан, мысалы, Мәскеудің Батыс санкцияларына ұжымдық жауап беруді ұйымдастыру әрекеттерін қайта жандандыратынына дайын болуы керек.

14 наурызда ЕАЭО Қытаймен бірлесіп Тәуелсіз Халықаралық Валюта-қаржы жүйесінің жобасын әзірлеумен айналысатыны туралы ақпарат тарады.

Шын мәнінде, бұл жоба қатысушы елдерді әлемдік қаржы жүйесінен ерікті және толық оқшаулауды көздеді. Бір қызығы, бұл жаңалық Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында жарияланды, бірақ кейіннен алып тастады.

Мүмкіндіктер аймағы

Ресейге қарсы санкциялардың теріс әсерлерімен қатар, Қазақстан үшін бірқатар мүмкіндіктерін де көруге болады. Жалпы алғанда, ол санкциялар жағдайында Қазақстан Ресей мен Батыс бизнесіне көрсете алатын делдалдық қызметтерге байланысты.

Шындығында, шектеулерге қарамастан, батыс компанияларының бір бөлігі Ресей нарығына деген қызығушылығын сақтап қалуы мүмкін. Ресейлік компаниялардың өздері де әлемдегі технологиялар мен инвестициялық капиталдың негізгі көздерінің бірі болып табылатын ЕО және АҚШ-тағы серіктестерімен диалог жүргізуге қызығушылық танытады.

Іс жүзінде бұл Ресейде “тыйым салынған” тауар ағынының бір бөлігі Қазақстанға қайта бағдарлануына және кейіннен қайта экспортталуына әкелуі мүмкін.  біздің Елдеріміздің арасында іс жүзінде кедендік шекара болмағандықтан және тауарлар салыстырмалы түрде еркін жүретіндіктен Қазақстандық нарыққа деген қызығушылық қосымша артатын болады.

Бұдан басқа, Қазақстан Ресей бизнесі үшін сұраныста болатын қаржы саласындағы делдалдық қызметтер топтамасын қалыптастыра алады. Атап айтқанда, Батыс алаңдарының ресейлік эмитенттердің қағаздарын орналастырудан бас тартуы АХҚО үшін мүмкіндіктер туғызады.

Сонымен қатар, қарама-қарсы тараптар арасында экономикалық көпірлерді жолға қою мақсатында Қазақстан санкцияларды айналып өту құралына айналмау және шектеулерге тап болмау үшін санкциялық тәуекелдерді өзі ескеруге тура келетіні анық. Сондықтан делдалдық мүмкіндіктер де шектеулі болатын тәрізді.

Осылайша, Ресейдің Батыспен геосаяси күресінің жаңа кезеңі Қазақстан үшін кешенді тәуекелдерен тұрады. Ел билігі таяу жылдарда елеулі экономикалық және қаржылық шығындарға дайын болуы керек.

Авторы: Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз