Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Қазақстанның газ саласы: біз не бітірдік, енді не істейміз?

796

Осы мақсатта 2020 жылға дейін 9 облыста газдандыруды ұлғайту мақсатында жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын газ құбырларын салу және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.

2014 жылдан бері газдандыру жұмысы үлкен қарқынмен қолға алынып, әзірге дейін қолымыз жеткен біраз жетістік бар.

Мысалы, 2017 жылдың қазан айында Қазақстан Қытайға газ экспорттай бастады. Бұл республиканың газ саласы үшін жаңа бағыт. Ол жобаны газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «Қазтрансгаз» АҚ жүзеге асырды.

Бірыңғай жүйе рекордтық мерзім ішінде құрылды

Ол жоба тым маңызды еді. Содан болар, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының газын трансұлттық «Орталық Азия — Қытай» құбырына қосу салтанаты онлайн режимде өтіп, ол бүкіл елге тікелей трансляцияда көрсетілді.

Бұрын Қазақстанның газы Еуропаға Ресей арқылы ғана жеткізілетін. Енді балама жол пайда болды. Бұл тарихи келісімге қол жеткізбес бұрын ұшан-теңіз жұмыс атқарылды. Рекордты қысқа мерзім ішінде ұлттық оператор «Қазтрансгаз» АҚ барлық магистралды газ құбырларын бір жүйеге біріктірген жобаларды іске асырды.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының бірінші кезегі (Бозой — Шымкент учаскесі) – 2013 жылдың аяғында қолданысқа енгізілді, ал 2015 жылдың қараша айында магистралды газ құбырының екінші кезегі іске қосылды. Қытайға газ экспорттау туралы келісім 2017 жылдың маусым айында жасалды.

Магистралды газ құбырының жалпы қашықтығы 1477 шақырым, газ тасымалдау көлемі 10 млрд текше метрге дейін жетеді. Әзірге ол жылына шамамен 5 млрд текше метр газ айдауда, бірақ 2019 жылға қарай газ көлемін екі есеге арттыру жоспарланған.

Президент тапсырғандай, Қазақстанның оңтүстігін газбен үздіксіз, тұрақты қамту міндеті орындалды. Енді жаңа ифнрақұрылымдық нысандардың енгізілуімен артық газды Қытайға сату мүмкіндігі пайда болды.

2018 жылғы тамыз айының басында Қазақстан 2018 жылдың қазан айына таман Қытайға жеткізетін газ көлемін 5 млрд текше метрге жеткізу көрсеткішін нақты жоспар еткенін растады.

Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі – бұрынғы кеңес елдері кеңістігінде ең үздік

Шетел бізге қызығады. Бұрынғы кеңес елдерінің газ тасымалдау жүйелеріне салыстырмалы сараптама жүргізген ресейлік мамандар соңғы екі жыл ішінде газ саласының ең қарқынды дамуы Қазақстанда байқалғанын мойындапты.

Республика территориясымен 3 трансұлттық газ құбыры жүреді: Орта Азия – Орталық, Бұқара-Урал және Орталық Азия – Қытай. “ҚазТрансГаз” АҚ-на қарасты газ тасымалдау жүйесі 55 мың шақырымнан астам газ құбыры және газ бұру құбырларынан тұрады. Оның 19 мың шақырымы магистралды газ құбыры, құбырлардың ұзару көлемінің үштен бірі соңғы бес жылда жасалды, мұның өзі сөзсіз үлкен жетістік, – деп отыр ресейлік сарапшылар.

Соңғы жылдары газ шаруашылығында үлкен модернизация жүргізілді. Осының ақрасында газ тасымалы көлемдерін арттыруға мүмкіндік алдық. Ал егер нарықтағы жағдай өзгеріп жатса – біз бағыттарды кез-келген жаққа ауыстыра аламыз.

Бүгінде газ өнеркәсібінің даму серпіні бойынша Қазақстан ТМД бойынша көш басында келеді. Өйткені өңірдегі өзге елдер негізінен КСРО-дан мұраға қалған ескі газ құбырларының желілерін пайдаланып отыр, – дейді мамандар.

Кеңестік мұраны жай ғана пайдаланбаймыз

Қазір Қазақстанның газ тасымалдау желісі қарқынды дамып келеді. Көптеген газ жобалары жүзеге асырылды, саладағы негізгі қорлар толықтай жаңартылды. Бұл өз кезегінде барлық құбырларды бірыңғай желіге біріктіруге жол ашты. Мәселен, Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысы бірден үш маңызды мәселені шешуге мүмкіндік берді: оңтүстікке газ келді, газ тасымалдаудың бірыңғай жүйесі құрылды және экспорт көлемі артты.

Осы жобаның арқасында болашақта Астананы газдандыру да қолдан келетін іс екені анық байқалды.

Ресейлік сарапшылардың зерттеуінде айтылғандай, Қазақстанның бұрынғы кеңестік өзге елдерден ерекшелігі – КСРО мұрасын жай пайдаланып қана қоймай, оны одан сайын күшейтіп, дамытып отыр. Осының арқасында отандық газ саласы өңірдегі мұнайгаз өнеркәсібінің «драйверіне» айналды.

Әлі бүкіл ел газбен қамтылады

2018 жылдың наурызында бес әлеуметтік бастамасын мәлімдеген мемлекет басшысы бесінші бастама ретінде елді газдандыру қажеттігін айтқан.

Бүгінде елді газдандыру деңгейі 50%-ға жуық. 9 облыста ғана газ бар, негізінен батыс пен оңтүстікте. Ал орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр, – деген Нұрсұлтан Назарбаев бір-бір жарым жыл ішінде солтүстік өңірге газ тартуды тапсырған.

Сонда біз 2,7 миллион адамды газбен қана қоймай, елдегі экологиялық жағдайды жақсартамыз, – деп атап өткен президент.

Одан кейін осы мақсатта магистралды газ құбыры бойынша бірден екі жоба ұсынылды. Екеуінің де өз басымдықтары болған, бірақ ақыр соңында Қызылорда – ЖезқазғанҚарағандыТеміртау – Астана – Көкшетау – Петропавл” маршрутына таңдау түсті. Бұл газ құбыры Сарыарқадеп аталды.

Бұл жобаны таңдаудағы бір себеп – мейлінше көбірек халық қамтылады. Құбыр бойындағы индустриалды дамыған өңірлер де қазақстандық газды тұтынатын болады.

Міне, бұл тәуелсіздік жылдарындағы үшінші ірі газ жобасы. Қуатты инфрақұрылыммен бірге Қазақстан ірі магистралдық құбырлар құрылысы мен оларды басқару бойынша да құнды тәжірибе де жинақтап келеді.

Жаңа жұмыс орындарын ашатын экологиялық жоба

Бүл жоба бірнеше кезеңнен тұрады:

  • 1 кезең1081 шақырымдық «Қызылорда-ЖезқазғанҚарағанды-Астана» құбырын салу. «ҚазТрансГаз» бұл кезеңнің жұмысын қаржыландыру басталғаннан кейінгі бір жылдың ішінде аяқтаймыз деген уәде берген.
  • 2 — 276 шақырымдық «Астана-Көкшетау» құбыры. Ол Ақмола облысын, оның ішінде Көкшетау қаласы мен Щучинск-Бурабай курортты аймағына газ жеткізеді.
  • 3-ші кезеңде Көкшетау мен Петропавл арасы магистралды құбырмен жалғанады. Бұл бағыттың қашықтығы 177 шақырым болмақ.
  • 4-ші кезеңде тұтыну көлемдерінің артуына байланысты «Жезқазған» және «Теміртау» деген компрессорлық стансалар салу көзделген. Содан кейін магистралды газ құбырымен жылына 3 млрд текше метр газ айдауға болады.

Астана мен өңірлерді газдандыру жаңа жұмыс орындарын ашады. Көмір жағып, мазутпен уланып отырған өңірдегі экологиялық жағдай айтарлықтай оңалады. Трасса бойында табиғи газ пайдаланатын жаңа өндірістер ашуға мол мүмкіндік болады.

Қазірдің өзінде бірнеше инвестордан жекелеген ауылдарда газ-турбиналық электр стансаларын салу туралы ұсыныстар бар.

Болашақ бар!

Ал енді Астананың өзіне келсек, шамамен 200-дей жекеменшік және шамамен 50-дей шағын коммуналды қазандықтар табиғи газға көшеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 20 мыңдай жер үй көмірден газға ауысады. Нәтижесінде бұрынғыдай жылына 650-700 мың тонна көмір жағылмайды. Улы түтін, энергетика министрлігінің уәдесіне сенсек, жылына 36,1 тоннаға, немесе алты есеге азаяды.

Қазақстан – табиғи газ қорына өте бай мемлекет. Ал газ саласы отандық экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Мысалы, қазірдің өзінде Қазақстан газ магистральдарына диагностика жасау үшін көп елдің қолы әлі күнге жете алмай отырған технологияларды пайдаланады.

Отандық газ саласының болашағы зор. Осы саладағы соңғы жылдардағы жетістіктер еліміздің даму мен модернизация жолына сәтті түскенін көрсетсе керек.

Фото: kapital.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз