Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Қазақстанның әскери-теңіз әлеуеті қандай?

342

Қазіргі таңда бұл іспен Орал қаласындағы кәсіпорын айналысуда.

Картинки по запросу военно-морские силы казахстана

«Барлық кемелер Қарулы Күштердің Каспий теңізіндегі бөлігінде, ҚР ҰҚК Шекара қызметінде. Олардың бәрі де сол кәсіпорында жасалған. Сонымен бірге, әскери кемелерді жасауда тың бағытты жаңадан бастадық. Біз бұл саланы дамытатын боламыз», – деді осы орайда Бейбіт Атамқұлов.

Естеріңізге сала кетсек, «KADEX-2018» V халықаралық көрмесінде Бейбіт Атамқұлов қорғаныс-өндірістік кешені саласында Қазақстан әлемдік компаниялармен әріптесе жұмыс атқаруға әзір екенін хабарлаған еді.

Министрдің атап өткеніндей, осы мақсатта Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде ғылыми-техникалық кеңес құрылған. Ол кеңес арқылы министрлік барлық әлеуетті жобаларды қарастырады.

Қазіргі таңда осынау тізімде елуге жуық маңызды әскери жоба бар. Бұл ретте министр ҚӨК саласындағы шетелдік компаниялармен серіктесуге дайын екендігін айтқан еді.

25 жыл!

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың еліміздің әскери кеме жасау саласын дамытудың қажеттілігін сөз еткені бекер емес.

Биылғы жылы Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 25 жыл толды. Қазірде Әскери-теңіз күштерінің кемелері мемлекеттің алып Каспий теңізі секторында еліміздің шекарасын, экономикалық мақсат-мүддесінің тұтастығын қорғайтын ауқымды күшке айналған.

Бұл ретте Әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) та­ри­хын сөз ете кеткеніміз жөн болар.

Мемлекеттің әскер ісіндегі аса маңызды саналатын Әскери-теңіз күштерінің тарихи сәті Елбасы Н.Назарбаев­тың арнайы Жарлығы шыққан 1993 жылдың 2 сәуі­рі­нен басталады.

Жарлық шыққаннан кейінгі уақытта бірінші кезекте ӘТК-нің Ақ­тау қаласында әскери-теңіз базасы құ­рыл­ған еді.

 Бұл арада  «әскери-теңіз күштерін құру­дағы басты мақсат не?» деген сауалдың туындауы заңды.

Әскери сала мамандарының пікірінше, тәуелсіздік алғаннан кейін Каспий теңізінің қа­зақстандық бағытындағы  стратегиялық маңызды нысандардың мүддесін қорғау басты мақсат болды. Анығында, бұл экономикалық аймақ еді.

Өздеріңіз білетіндей Каспий аймағында табиғи ресурстардың өте бай қоры шоғырланған. Егемендік алған тұста оларды игеру жұмыстарының кө­лемі тез арада ұлғая бастады.

Әскери саланы бүге-шігесіне дейін білетін маман Дастан Ережептің айтуынша, бұл арада Каспий аймағындағы Тәуелсіз мемлекеттердің және басқа елдердің осы аймақтағы стра­те­гия­лық-саяси мүдделері бір арнаға тоғысып, ішкі саяси және сыртқы саяси факторлардың ықпалы барынша артты.

«Мұның басты факторы болып табылатын Таяу Шығыс­тағы және Ирандағы саяси оқиғалар, жаһандық лаңкестің өрістеуі, мұнай құбырлары, мұнай өндірілетін ірі кен орындары, порттар мен кемелердің тұрақтары сияқ­ты теңіз нысандарына, сондай-ақ теңізде және жағалауларда орналасқан су ком­муникациялары мен басқа да маңызды нысандарға бағытталатын диверсиялық әрекеттердің жасалу мүмкіндігі сияқты Каспий аймағындағы қауіпті шиеленістерден аңдауға болады.

 Мінекей, осындай жағ­дай Каспий өңіріндегі мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін еді»,  – дейді ол.

Тоқ етерін айтқанда, ілгеріде сөз етілген факторлардың барлығы Каспий аймағындағы елдердің барлығына өздерінің әскери-теңіз күштерін кү­шей­туге себеп болды.

Сала мамандарының пікірінше, бүгінгі таңда мемлекетіміздегі Әскери-теңіз күштерінің дамуы Қазақстанның Каспий теңізіндегі ұлттық мүддесін қорғау үшін, Каспий теңізінде қауіпсіздікті өзіміздің және ұжымдық әскери қауіпсіздік шеңберінде қамтама­сыз ету мақсатында жасалып жатқан жайы бар.

Жоғарыда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов тілге тиек еткеніндей, еліміз әс­ке­ри-теңіз күштерін қаруландыруға, әс­кери техникалармен жабдықтауға барынша көңіл бөліп отырғанын айттық.

ӘТК қол­басшылығы бұл тұрғыда жергілікті өндіріс орындарымен барынша тығыз байланыс орнатқанын атап өткен жөн.

Бұған дәлел қазіргі таңда әскери-теңіз қаруларының 80 пайызға жуық тапсырыстарын «Қазақстан инжи­ниринг» ҰК қорғаныс-өндірістік кә­сіпорыны жүзеге асырып жатыр.

 Қазақстан Әскери-теңіз күш­терінің Бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақов атап өткеніндей Әскери-теңіз күштерін құру, оны барлық әскери талаптарға сәйкес ұйымдастыру енді ғана егемендік алған елімізге оңайға түспеген.

КСРО тұсында Каспий аймағында әскери флоти­лиясы тұрғанмен, Қазақстанның аума­ғында бірде-бір әскери кеме болмаған екен. Осы себепті де ӘТК базасын жасау үшін алдымен оның іргетасын қалау қажет болған.

«Бұл бір ерекше кезең еді. Әскери-теңіз күштерін құру екі кезеңмен іске асырылған болатын. Алғашқы кезеңде Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы­ның құрамында 1-рангыдағы капитаны Руслан Ісламов басшылық еткен ӘТК бөлімі пайда болды. Осыдан кейін Ақтау қаласында 1993 жылдың күзінде теңізшілердің алғашқы әскери бөлімі  де құрылды, оның командирі болып 1-ші рангалық ка­питан Рәтмір Қомыратов тағайын­далған-тұғын. Осыдан бастап ӘТК бөлімдері мен бө­лімшелері құрылып, ол Батыстық стра­тегиялық бағытқа ойысқан еді», – деп еске алады Жандарбек Жанзақов бұл ретте.

 Сала мамандарының айтуынша, ол тұстағы ӘТК-нiң ең басты міндеті бірінші кезекте жауын­гер­лік әрі материалдық-техникалық қам­тамасыз ету бөлімдері мен бөлім­ше­лерін құру болды. Одан кейінгі маңызды мә­селе әскери теңіз мамандарын дайын­дау еді.

Осы мақсатта 1994 жылдың күзінде Орал қаласында Әскери-теңіз күштерінің арнайы оқу орталығы құрылады. Құрылған уақытттан бастап осынау орталық ҚК ӘТК мен ҰҚК Шекара әскерлері­нің теңіздік бөлімдеріне кіші кеме маман­дарын даярлай бастайды.

Ал  кәсіпке дайындау штурмандық-белгі берушілер, радио-телеграфшылар және де трюмдік моторшылар деген үш ма­ман­дық бойынша жүргізіле бастайды.

Әрине, маман дайындау үшін ұстаз қажет.

Сол жылдары елімізде әскери-теңіз саласын жақсы білетін мамандар болды ма? Болды.
Елімізде ӘТК құрылған бастапқы жылдарда Қайыргелді Есінеев, Серік­қали Бимурзаев, Марат Түлекбаев, Жандарбек Жанзақов,  Ахметжан Шақпұтов, Марат Базилов, Болат Алтымбаев сықылды күллі КСРО флоттарының құрамында жүріп алып мұхит­тардағы нейтралды суларда барынша шыныққан тәжірибелі флот офицерлері талмай еңбек етті.

Мінекей, осынау білікті мамандар өздерінің үлкен ортада көрген тәжірибелерін отандық теңіз күштерін құруға жұмсады.

1996 жылдың жазында Ақтау қаласында ӘТК қолбасшылығының басқармасы құрыл­ады. Мұның құрамына кемелер мен ка­тер­лердің үш бірдей дивизионы, тыл базасы, оқу ор­талығы, байланыс торабы, арнайы мақсаттағы рота, гидрографиялық қызмет кірді.

Елімізде кеме жасау бағдар­ламасы дайындалып, бекітілген кез осы тұс-тұғын. Осы кезде Орал қала­сындағы «Зенит» зауыты мен «Гидро­прибор» АҚ кәсіпорындарының база­сында ӘТК мен Шекара қызметінің те­ңіздік бөлімдеріне жауынгерлік кемелер мен катерлер жасауға алғашқы тапсырыстар беріле бастайды.

Ал 1999 жылдың жазында Жо­ғарғы қолбасшылықтың ұйғарымымен Қару­лы күштердің әскери-теңіз базасы барлық инфрақұрылымдарымен, соның ішінде әскери-жауынгерлік кемелерімен әрі жеке құрамымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты Теңіз бөлімдерінің құ­рамына кіреді.

Екінші кезең

Бұдан әрі қарай ӘТК-нің Қазақстан әскері құрамындағы қарулы күштердің дербес түрі ретінде қалып­та­сқан екінші кезеңі басталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 7-ші мамырдағы «Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру жөнін­-­дегі шаралар туралы» Жарлығынан кейін басталған еді бұл кезең.

Картинки по запросу военно-морские силы казахстана

Міне, сол жылдары Мемлекет басшысының бұйрығымен Ақтау қаласында жоғары білімді әс­кери теңізшілерді дайындайтын Әс­ке­ри-теңіз институтының қабырғасы қаланады. Оқу орнын 1-ші ран­га­лық капитан Ақметжан Шықпұтов басқарады.

Ең басты жаңалық – теңізші мамандармен қатар ӘТК түрлі қажеттіліктерге пайдалануға болатын жауынгерлік кемелермен жабдықтала бастайды.

Халықаралық әріптестермен келіссөздер жолға қойылып, араға үш жыл салып 2006 жылы Оңтүстік Кореядан Қазақстанға шағын күзет кемелері де жет­кізіледі.

Әрине, атқарылған жұмыс мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бір жылдан соң ӘТК құрамына Ресейдің іргелі кеме жасау зауытында жасалған «Жайық» гидрографиялық кемесі беріледі.
Ал 2008 жылдың сәуірінде Қазақстан Үкі­метінің Қаулысына сәйкес Астанада ӘТК Бас қолбасшысының басқармасы да құ­рылады.

Үшінші кезең

Бұл кезеңді сала мамандары ӘТК-нің Қазақстан әскері құрамындағы қарулы күштердің дербес түрі ретінде қалып­та­сқан үшінші кезеңі деп айтады.

Ілгеріде Астанада ӘТК Бас қолбасшысының басқармасы құ­рылғанын айттық. Бұл құрылымның міндеттеріне – өзге әскер түрлерімен қойын-қолтықтасып әре­кет ету, ӘТК-ға қарасты кемелерді, әскери-техникалық дүниелерді бір орталықтан басқару, білікті мамандар әзірлеу, сонымен қатар
Қазақстан ӘТК-сын жауын­герлік дайындау және де халықара­лық әскери ынтымақтастық орнату кірді.

Ал 2010 жылдың ақпанында Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әскери-теңіз күш­т­еріне Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыстады.

2012 жылдан бері әр жыл сайын ӘТК құрамы түрлі мақсаттарға пайдала­ны­латын жаңа кемелермен және де катерлер­мен толықтырылып келеді.

Әскери-те­ңіз күштерінің ең басты кәсіби серіктесі болып табылатын «Зенит» Орал зауыты» – бүгінгі кезде тек Каспий аймағына ғана емес, жалпы елімізге, тіпті шет мемлекеттерге таныл­ған кәсіпорынға айналып үлгерді. Оны ұзақ жылдар бойы өз ісінің білікті маманы Вячеслав Валиев басқарды.

Жетістіктеріміз қандай?

Серіктес демекші, «Зенит» зауыты қандай әскери-теңіх техникаларын жасап шықты? Енді соған тоқтала кетелік.

Соңғы 5 жылдың жүзінде судағы жалпы сыйымдылығы 240 тоннадан
500 тоннаға дейін жететін ракеталық артил­ле­риялық әскери кемелер Орал зауытында жасалып, қолданысқа берілді.

Айталық, 2012-2014 жылдары заманауи торап, навигациялық әрі радио­тех­никалық құралдармен, қажетті нысананы өзі та­батын және өзі көздеп ататын роботтандырылған жүйесі бар қарумен жаб­дықталған ракеталық-артиллериялық екі жауынгерлік кеме келді.

Бұдан кейінгі уақыттары «Зенит» Орал зауыты» АҚ Әскери-теңіз күштері үшін ІІІ санаттағы тағы бір ракеталық-артиллериялық кемені, ұжымның кемедегі өртпен, корпусқа кірген сумен күресуге жаттығатын арнайы-жаттығу стансасын жасап берді.

Әрине, әріптестік тек өз ішімізбен шектеліп қалмайды.

Еліміздің Әскери-теңіз күштері көрші Ресейдің іргелі кеме жасау зауыттарына да түрлі нақыштағы кемелерге тапсырыстар береді. Ресейдің Орта-Невск әскери кеме жасайтын зауытына су астындағы жарылғыш заттарды іздейтін әрі жоюға бағытталған кемесі осыдан 2 жыл бұрын айбынды «Алатау» деген атпен пайдалануға берілді.

Бұдан сырт осы уақыт аралығында «Индра Қазақстан инжиниринг» ЖШС кәсіпорнымен бір­лескен түрде аса қажетті жылжымалы бақылау стансасы жа­салды. Бұл еліміздің Каспий аймағындағы ахуалды ба­қылап, нақты міндеттерге тапсырма беру жүйесі бар тәжірибе учаскесін жасауға жол ашты.

Ал қазіргі таңда ӘТК құрамында заманауи қарулармен жарақталған  бірнеше ­функ­цио­налды 4 зымыран-артиллериялық кемесі, минатралдық кемелер және бір­неше шапшаң жүретін катерлер бар.

Сала мамандарының пікірінше, осы жобадағы кемелер алдыңғы қатарлы мемлекеттердің жауынгерлік кемелерінен кем түспейді екен.

Әріптестік

Ілгеріде айтып өткеніміздей әскери-теңіз күштері өзінің қа­лыптасу уақытында әлемнің көптеген мемлекетімен берік ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасты.

Айталық, осыдан 3 жыл бұрын еліміздің Әс­кери-теңіз күштеріне арнайы сапармен Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштері­-
нің бас қолбасшысы Джон Хо Сюб және Иранның бас қолбасшысы Хабибулла Сайари келді.

Былтырғы жылы құрамында «Сарыарқа» және де «Орал» зымыран-артиллериялық кемелері бар Қазақстан ӘТК жауынгерлік кемелерінің тобы арнайы сапармен Иранның Энзели портына барып қайтты.

ӘТК кемелері еліміздің жалауының астында түрлі жауынгерлік жорықтарға шығып, халықаралық әскери жаттығуларға, жарыстарға қатысып жүлделі оралды.

Бұған қоса соңғы кездері одақтасымыз Ресейдің ұйытқы болуымен өткізіліп жүрген халықаралық Әскер ойын­дарының құрамындағы «Теңіз биат­лоны» бойынша жарыстардан да қазақ­стандық кемелер қомақты  жүлдемен оралды.

Жалпы айтқанда халықаралық деңгейдегі жарыстарда үздік көр­сеткіштерге ие болған теңізшілер біздің елімізде жетерлік.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз