Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қазақстанға ауыр айып таққан қырғыз ағайынға аяқ-асты не болды? Мамандар пікірі

Сонымен бірге, Қазақстан қысқа мерзім ішінде өз көршісіне көмектер мен күштер жіберді және елдегі егіс науқанына қолдау көрсетіп, тез арада жанармай мен тұқым жеткізді.

Жалпы алғанда, Қазақстан бауырлас қырғыз халқын қолдау мақсатында 11,6 миллион доллардан астам сомаға гуманитарлық көмек жіберді.

Керісінше, Қазақстан қабылдаған осы және өзге шаралардың нәтижесінде, көптеген адам шығынына әкеп соғатын ушығулар орын алған жоқ.

Міне, нотада осылай дейді. Бұл ақиқат қой. Сонда қырғыз ағайын осы жақсылықтың қадірін білмегені ме?

Уәлихан Төлешов

Ақталудың еш қажеті жоқ

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов те 2010 жылы жүздеген қырғыз азаматының өмірін жалмаған Қырғызстандағы саяси тұрақсыздыққа бүгіндері Қазақстанды әкеліп қыстырудың еш қажеті жоқ деп мәлімдейді. Оның пікірінше,

бұл – сау басқа сақина тілеумен бірдей жайт.

– Қазақстан ол кезде экстремистер біздің елге аяқ баспасы үшін шекараны жапты. Оны барлығы жақсы біледі. Бұл арада ақталудың еш қажеті жоқ. Жалпы, саясаткерлер елінде өткен оқиғаны азаматтардың бостандық құқығын қорғау қағидаттарына сүйенетін қазіргі халықаралық қарым-қатынастың факторына айналдыруға еш болмайды. Мұны саясат тілінде, сауатсыздық, сау басқа сақина тілеу дейді.

Бұл – Қырғыз еліндегі сайлау науқаны алдындағы саяси топтардың қатерлі саяси ойыны

Дос Көшім

Саясаттанушы Дос Көшім 2010 жылы Қазақстан шындығында Қырғызстанды азаматтық соғыстан аман алып қалды деп санайды. Оның пікірінше, көрші елдің саясаткерлерінің қазіргі мәлімдемелері президент сайлауы кезіндегі саяси ойын болуы мүмкін.

Алайда Дос Көшім кез келген саяси ойынды, әсіресе қаралығын халықаралық қарым-қатынас деңгейіне көтеру өте қауіпті, сондықтан қырғыз елшісінің мәлімдемесіне біздің тараптың қарсы нота жолдауын өте орынды деп есептейді.

– Көрші елде қиын-қыстау кезеңде блокада жасады дегенге сай өте ауыр ойлар айтылды. Шындығында, бұл блокада болмайтын. Халықаралық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарастырсақ та сол кездегі Қазақстанның іс-әрекеті дұрыс деп саналады. Өйткені көрші елде түрлі-түсті төңкеріс жүріп жатты, қолына қару ұстаған азаматтар көрші елдің билігіне қауіп төндірді. Сондықтан мұндайда шекараны қымтамаса болмайды. Иә рас, елдегі қиын саяси-экономикалық жағдай салдарынан халық аш болды. Сондықтан бізге қарай өткісі келген азаматтар болғаны, сөйтіп құрбандыққа ұшырағаны рас шығар.

Бірақ бұл біздің кінәміз емес. Ең алдымен, өз азаматтарының қауіпсіздігін, жағдайын қамтамасыз ете алмаған сол елдің жайы емес пе, бұл?

Қазақстан сол кезде Бакиевті тез алып кетті, сөйтіп ереуілдің азаматтық қақтығысқа ұласуына жол бермеді. Мүмкін мәселе осында шығар. Кез келген саяси науқан кезінде саяси технологиялар іске қосылады. Ондайда қаралау да, айыптау да болады. Сондықтан бұл ішкі саяси топтардың саяси ойыны, өткенде кеткен есесін қайтарғысы келгені болуы бек мүмкін. Бірақ мұны осы күйінде қалдыруға еш болмайды.

Серік Жанболат

Екі ел достығы үшін айтылмаған бізде де көп нәрсе бар

Сол кезеңді еске алған танымал журналист Серік Жанболат: „2010 жылы күнде дүрбелең жасап, әскерінің қаруын тартып алып өрекпіген қырғыз жігіттері тауда, жайлауда қоян-қолтық отырған қазақ туыстарына келіп, автомат атып әлек салыпты дегенді естігенбіз„ деп Фейсбуктегі жеке парақшасында жазады.

„Бір емес, бірнеше рет естідік. Бірақ, біздің құзыретті органдар, мекемелер түк білмейтіндей жұмған аузын ашпай үнсіз қала берген.

Сол кезде айдай әлемге жария қылып мәлімдеме жасап барып жабу керек еді шекараны.

Сөйтсек қой, Қырғызстан президенті Атамбаев жеті жыл өткен соң бүйтіп бұра тартып, кінә артып отырмас еді. Енді, міне, шекараны жапқан соң дәрі-дәрмек тапшылығына ұшырап, жан-тәсілім еткен қырғыздар үшін біз кінәлі сияқты болып отырмыз. Уақыт өтіп кеткен соң ақталдың не, ақталмадың не? Шекараны үн-түнсіз жаба салғанымыз рас. Бұл – факт. Ал, оның себебі енді ешкімге керек емес…„ делінеді жазбада.

Сөз соңы: Жалпы, қырғыз тарапының бұл айыптауын түсінбей жатқан біздің ғана саясаткерлер емес екен. Бұған қырғыз саясаткерлері де аң-таң. Әрине, бұл жала дейді олар. Бірақ, әзірге олардың арасынан түсінікті түсіндірме берген әлі бір мәлімдемені кездестірмедік.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз