Банктер бір жылдың ішінде 4,5 трлн теңге тұтынушылық, 818,3 млрд теңге ипотекалық несие берген.
Бұл абсолюттік рекорд, халық ешқашан осындай көлемде қарыз алмаған
2019 жыл мұндай «жетістіктерге» толы болды. Бұған дейін 2018 жылдың шілде айында 334,9 млрд теңге тұтынушылық несие беріліп, рекорд жасалған. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәуір айына дейін сақталып тұрды (363,7 млрд), ары қарай несиенің айлық көлемі 370 млрд теңгеден төмендеген жоқ.
Жыл бойы тұтынушылық несиенің өсуіне жоғары пайыздық көрсеткіш те кедергі болмады. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес берілген қарыздар бойынша сыйақы жылдың алғашқы 10 айында 19,5% (наурыз) бен 21,5% (шілде) аралығында құбылып тұрды. Алайда 2019 жылдың соңында пайыздары айтарлықтай төмендеді. Қараша айында орташа статистикалық несие 18,5% (2016 жылдың мамырынан бері ең төменгі көрсеткіш), желтоқсанда – 18,8%-бен берілді.
Нәтижесінде Қазақстандағы тұтынушылық қарыздардың жалпы көлемі 27%-ға өсіп, 2020 жылдың басындағы қарыз көлемі 4 трлн 211,1 млрд теңгені құрады.
Ипотекалық несие көлемі тұтынушылық несиеден де жылдам өсіп жатыр. 2020 жылдың бас кезінде тұрғын үй салу және алу үшін банктер берген қарыз көлемі 1 трлн 767,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдаймен салыстырғанда 35,65% (463,8 млрд) артық. Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй қолжетімділігін арттырып, ипотека бойынша пайыздарды төмендетті. Мәселен, қазан айында қарыздар орта есеппен 7,2%-бен берілген, бұл ең төменгі көрсеткіш 2019 жылдың соңында біршама өсті (7,6%). Ең маңыздысы бұл шама соңғы төрт ай бойы 8%-дан төмен қалпын сақтап тұр.
Бұл салада да берілген несиенің айлық көлемі рекордтық деңгейді көрсетті. Қазан айында халық жалпы сомасы 93 млрд теңге ипотекалық несие алып, рекорд жасады. 2019 жылдың әр айында екінші деңгейлік банктер орта есеппен 68,2 млрд қарыз берген.
Бас-аяғы бір жылдың ішінде жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 25,6%-ға артқан, яғни 5,3 трлн теңгеден 6,67 трлн теңгеге жеткен. Бір жағынан экономикаға ақша салып, түрлі саланың дамуына ықпал еткен жақсы шағар, бірақ
қарыздың бәрі бірдей қайтарылмайды
Бұл туралы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Президент мемлекет республиканың қаржы секторына үлкен қолдау көрсетіп жатыр, бірақ барлық проблемалық сұрақтар шешілген жоқ деді.
«Несие беру корпоративтік секторда – 8,7%-ға, ШОБ – 18%-ға, ауылшаруашылығында – 48%-ға қысқарған. Мұның барлығы халыққа тұтынушылық несие беру көлемінің артуынан (24%) болып отыр. Бір айта кетерлігі, жеке тұлғалар алған несиенің үштен екі бөлігі кепілсіз берілген. Елдің қаржы секторындағы проблемалар айдан анық көрінеді. Басқаша айтқанда, қаржы жүйесінің жай-күйі нашар», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылы жағдайы төмен, қиындыққа тап болған жарты миллионнан артық азаматтың несие бойынша қарыздарының жабылғанын еске салды. 1,2 млн қазақстандықтың тұтынушылық несиесінің айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілген еді.
Президент «Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне реттеу шараларын қолға алып, мұндай жағдайдың қайталануын болдырмауды тапсырды. Несиені қайтара алатын адамдарға ғана беру қажет деді.