Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
445
+0.77
EUR
478
+2.56
RUB
4.85
+0.02

Қазақстандықтар COVID-19 алдын алу шараларына онша сенбейді — зерттеу

200

“Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы коронавирустық пандемия басталғаннан бір жыл өткен соң халықтың вирусқа қарсы шараларға деген сенімі туралы өз зерттеулерін жүргізді. Мониторинг нәтижелері туралы орталық президенті Гүлмира Илеуова өзінің Facebook-тегі парақшасында айтып берді.

Сонымен, “қорғауы мүмкін” деген шараларға мыналар кірді:

  • Қоғамдық орындарда және көлікте (дүкендер, кеңселер, мемлекеттік және мәдени мекемелер, автобустар және т. б.) медициналық маскаларды міндетті түрде тағу – 58,8%;
  • Мәдени-бұқаралық мекемелердің (театрлар, кинотеатрлар, мұражайлар, концерт залдары және т. б.) жұмыс режимін шектеу – 36,2%;
  • Мектептерде онлайн-форматта оқуды жалғастыру – 28,7%;
  • Сауда нүктелерінің жұмыс режимін шектеу (базарлар, сауда орталықтары, жәрмеңкелер және т. б.) – 26,1%;
  • Елді мекендер арасындағы қозғалыс еркіндігін шектеу – 23,6%;
  • Респонденттердің 22,1%-ы SARS-CoV-2 (COVID–19) ауруының алдын алу шарасы ретінде вакцинацияға сенеді

“Стратегия” орталығының әлеуметтік жобалар үйлестірушісі Ольга Симакова өз зерттеулерін зерделеп, әлеуметтанушылар қандай қорытындыға келгенін айтты.

Маскалар — иә, қорғауы мүмкін

— Біз респонденттерден республиканың барлық өңірінде қолданылған ең көп таралған және танымал бес шараны таңдап, қабылданып жатқан шараларға олардың көзқарасын сұрадық, – деп түсіндірді әлеуметтанушы. — Біз бір жылға жуық осы ортада өмір сүріп жатырмыз және жұқтырғандардың саны артқаны туралы ақпарат пайда болғанда осы шаралар қайта қолданысқа еніп жатады. Яғни, адамдардың қолынан ештеңе келмейді, жай ғана еріксіз бұл жағдайдың ортасында жүрміз.

— Үш күн ішінде қала жасыл аймақтан қызыл аймаққа және кері көшкенін ескерсек…

— Яғни қалада барлық шараны басқару қолмен жүргізілетіндігін білдіреді. Сондықтан халық оларға қалай қарайтынын және болып жатқан жағдайға қалай қарайтынын зерттегіміз келді. Естеріңізде болса, 2020 жылдың наурыз, сәуір және мамыр айларында барлығы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талаптарын мүлтіксіз орындады. Ол кезде күтпегендік әсер етті. Ешкім ештеңе түсінбеді және бәрі бұл шараларды орынды деп санады. Профилактикалық іс-қимылдардың ұтымдылығын халық қазір қалай қабылдайды, соны білу маңызды болды.

Нәтижесінде, осы бес жалпы шараның мысалында біз маскаларды 59%, яғни респонденттердің жартысынан көбі қолдайтынын көреміз

Бірақ 22%-ы оларды бейтарап қабылдайды, қарсы болғандар 20%-дан аз. Бұдан қандай нәтиже шығады? Маска біздің күнделікті атрибутымызға айналды және ашу тудырмайды. Тіпті сәнге айналды десек болады.

Зерттеу нәтижесі бойынша, кейбір нысандарға баруға шектеулер мен қозғалыс еркіндігіне қатысты барлық мәселе адамдар үшін белгілі бір қолайсыздық тудырады. Бұл көбінің ашуына тиеді. Мәдени мекемелердің жабылғаны аса наразылық тудырмады. Олардың локдаунға жабылғанын кейбірі тіпті байқамаған да.

Әйелдерге жүктеме

— Ал мектептерде жағдай мүлдем басқаша шығар?

— Иә. Онлайн-оқуды көбіне әйелдер қолдамайтынын көрдік. Ер адамдар бұл тақырыпқа бейтарап жауап берген.

35 пен 54 жас аралығындағы топ әсіресе қолдамайтындар қатарында

Бұл орта мектеп оқушыларының белсенді ата-аналары. Қорытынды —қазақстандық аналардың шыдамы таусылуға жақын.

— Олар қашықтан оқытуды неге қолдамайтынын сұраған жоқсыздар ма? Білім сапасы төмендейді деп есептей ме, әлде балалардың оқуын өз жұмысымен үйлестіру қиын ба?

– Өкінішке қарай, сұрамадық. Сауалнамамыз мониторингтік болғандықтан, шараларға деген көзқарасты ғана өлшедік.

Бірақ егер біз 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген “БҰҰ-Әйелдер” зерттеуіне қарасақ, бірінші локдаунда әйелдердің жүктемесі күрт артқанын байқадық.

Көптеген адам онлайн-жұмысқа ауыстырылды, ал біреулері әдеттегідей жұмысын жалғастыра берді, үй шаруашылығын жүргізу бойынша жүктеме артты

Әйелдер балаларына сабақ оқытуға мәжбүр болды. Бұл процеске ер адамдар аз дәрежеде қатысты. Сонымен қатар, әйелдер балаларға тамақ дайындауды және басқа да үй жұмыстарын орындауды жалғастыра отырып, бос уақытын да қамтамасыз етті. Мұның бәрін жұмыспен қатар алып жүрулеріне тура келді. Бірнеше баласы болса, тіпті қиын болды.

Біз әлі бұл жағдайдан шыға алмай жатырмыз. Мектеп чаттарында балалар сабақта жоқ деген хабарлар көбейіп келеді.

Тәртіптің бұзылуы және оқу сапасының төмендеуі байқалады. Бұл ата-аналар мен мұғалімдер, ата-аналар мен балалар арасында қақтығыс тудырады

Менің ойымша, нәтижесі өте нашар болады. Көптеген адам осы жылды шартты түрде қайталау керек деп айтып жүр. Яғни ел болып екінші жылға қалу.

Вакцинаға сенім күмән тудырады

— Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі маскаға сенсе, вакцинацияға сенетіндер төрттен бірден аз. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз? Вакцинацияға қарсы адамдардың жеңісі ме?

— Біз адамдар неге вакцинацияға сенбейді деген сұрақ қойған жоқпыз, бізде мұндай міндет болған жоқ. Біз жай ғана фактіні анықтағымыз келді — олар сенеді ме, жоқ па. Болашақ зерттеулерде біз осы тақырыпқа қайта оралуымыз мүмкін.

Вакцинация айналасындағы ақпараттық толқын оған сенімсіздікке әсер етті деуге болады. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім сияқты проблеманы да ұмытпауымыз керек.

Вакцинаға қарсы көзқарастағы адамдардың шабуылы қоғамға соншалықты әсер етті дей алмаймын. Құбылыс ретінде ол соншалықты кең таралған емес

Есесіне өмірің вакцинаға қарап тұр деген сыңайлы ақпарат тарату да ақылға қонымсыз. Сонымен қатар, оның салдары туралы зерттеулер жеткіліксіз деген де жаңалықтар бар. Соның салдарынан қайтыс болғандар туралы ақпарат пайда болды. Бұрыңғы қайғылы тәжірибе аясында, адамдар тұмауға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болғанын ескеріп, көптеген адам вакцинациядан қорқады. Көбісі кезектің соңында болуды жөн көреді, бірақ әзірге жай ғана бақылайды.

Егер бізде вакцинацияның сәтті тәжірибесімен байланысты ақпарат болса, тілек білдірушілер көп болуы мүмкін деп ойлаймын

Қазір адамдар негізінен өзін-өзі сақтау инстинктімен қозғалады. Тіпті сараптамалық медициналық ортада вакциналарға деген көзқарас әлі де түсініксіз.

Сондай-ақ, БАҚ фармкомпаниялар өзара жарысып жатқаны жайлы да жазып жатыр.

– Иә, саясиланып кеткені тағы бар…

— Саясидан бұрын қаржылай қызығушылық бар — фармкомпаниялар қандай пайдаға ие болады деген. Сондай-ақ, бізге вакцина өндірушілердің ресурстары шексіз емес және олар бұл вакциналарды тез және жеткілікті мөлшерде жеткізе алмайды дейді.

Демек, вакцина салуға мәжбүрсіз, себебі өлу қаупі бар, бірақ вакциналар саны шектеулі

Мұндай ақпараттық хабарламалар бұл жағдайға сенімсіздік тудырады. 44 жасқа дейінгі жас аралықта осындай көңіл-күйді байқаймыз. Белгілі болғандай, егде жастағы адамдар вакцинацияға сенеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз