Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-14
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Қазақстандық көшірме: Өзбекстан халықаралық қаржы орталығын құрып жатыр

144

Британ үкіметі Өзбекстан үкіметіне Ташкентте халықаралық қаржы орталығын (TIFC) құруға көмектесетіні туралы жаңалық басында фейк ақпарат сияқты болып көрінді.

Алайда, Өзбекстанның капитал нарығын дамыту агенттігінің (ӨКНДА) ресми ақпараты шыққаннан кейін іс жүзінде мұндай жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Қазіргі уақытта Ұлыбритания үкіметі TIFC тұжырымдамасын зерттеудің екінші кезеңін бастау үшін техникалық көмек көрсетуді мақұлдады.

Аренада сол, баяғылар

Тұжырымдаманы қаржы және заң қызметтерін ұсынатын жетекші компанияларды біріктіретін британиялық корпорация — TheCityUK-тің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлеп жатыр.

Бұл корпорация Қазақстанға жақсы таныс — “Астана” халықаралық қаржы орталығы (AIFC) онымен алғашқы жылдардан бастап ынтымақтасып келеді. ӨКНДА Нью-Йорк, Лондон, Гонконг, Сингапур және Дубай қаржы орталықтарымен қатар AIFC қызметінің тәжірибесіне жүгінетіні белгілі. Бүгінде бірнеше жыл бойы өңірлік бизнес және қаржы орталығы ретінде іс жүзінде әрекет етіп келе жатқан және Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикаларын өзара байланыстыратын AIFC-ті елемеу мүмкін емес.

Естеріңізге сала кетейік, AIFC Елбасы — Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша “Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 қадам” ұлттық бағдарламасы шеңберінде құрылған болатын. AIFC құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. Содан бері Қазақстан астанасындағы қаржы орталығы британиялық Z/Yen Group Limited және қытайлық China Development Institute құрайтын Global Financial Centres Index, GFCI тиісті жаһандық рейтингісінде ұсыныла отырып, қарқынды дамып келеді.

AIFC дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылы Astana International Exchange (AIX) қаржы орталығының биржалық алаңы құрылды. Оның акционерлері AIFC-тен өзге, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы сияқты мықты инвесторлар болып табылады.

Биржа, AIFC сияқты, сенімді инвестициялық орта ұсына отырып, ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жұмыс істейді.

Көшірме ретінде

ӨКНДА-дің ақпаратына сүйенсек, көршілеріміз Қазақстанға ұқсас бағытта қозғалмақ. Әзірге TIFC тұжырымдамасын жасаушылар Ташкент қаржы орталығының қаржылық және құқықтық экожүйесін, сондай-ақ оның толық жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастырудың оңтайлы моделін анықтайды.

Өткен жылдың жазында Ташкенттегі британ елшілігінің қолдауымен TIFC құрудың қажеттілігін алдын-ала талдау аяқталды. TheCityUk-пен қол қойылған меморандумға сәйкес тараптар өзбек-британ біріккен байланыс тобы форматында өзара іс-қимыл жасайтын болады. Бұл Ұлыбританияның қаржы секторының үздік тәжірибесін пайдалана отырып, Өзбекстанның капитал нарығын жаңғыртуға ықпал ететін болады.

Өзбекстанның акционерлік капитал нарығын одан әрі дамыту бойынша есепте де TIFC аталады. Есептің атауы өте өршіл — “Өзбекстан: қор нарығын дамыту стратегиясы және Өзбекстан үшін жол картасы”.

Бұл 333 беттен тұратын құжатты британиялық BTA Consulting Limited компаниясы ӨКНДА мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкіне дайындады. Ал қаржыландыруды Жапония-ЕҚДБ Техникалық Ынтымақтастық Қоры ұсынды.

Қаржыдағы былық

Бұл есепте The City UK қолдауымен TIFC құру үшін техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға арналған техникалық тапсырманы әзірлеу және бекіту ұсынылады. Алайда бұл ұсыныс тек бірнеше жолға жазылғандықтан, кеңесшілер Ташкенттегі халықаралық қаржы орталығын нақты қандай етіп көргісі келетіні түсініксіз болып қалды.

Бірақ Өзбекстанға алдымен өзінің қаржы экономикасында қарапайым тәртіп орнатып алу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғаны түсінікті. Мысалы, британиялық кеңесшілер есеп айырысуды аяқтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін төлемдер туралы заңды жаңарту қажет екенін атап өтті.

Бұл елдің банктері IBAN, BIC-пен келісілген сенімді төлем жүйелерін пайдаланбайды, олардың барлығы SVIFT Ғаламдық жүйесінің мүшелері емес, сондықтан Өзбекстандағы халықаралық төлемдер өте сенімсіз.

Ұлттық қор нарығында да проблемалар бар, сондықтан Өзбекстан үкіметіне Даму стратегиясы толығымен іске асырылғанға дейін және бұл нарық дамушы мәртебеге жеткенге дейін оның өтімділігін тек ел ішінде құру және қолдау ұсынылады.

Велосипед ойлап табудың қажеті қанша?

Осы жағдайға байланысты еріксіз сұрақ туындайды: көршілерімізге өз эмитенттерін Қазақстандағы AIFC алаңына шығарудың орнына TIFC жобасын әзірлеуге уақыт пен бюджет ақшасын құртудың қажеті қанша?!

AIFC алаңында оларға Лондонға немесе Нью-Йоркке барудың қажеті болмайтын еді. Жақын орналасқан Қазақстан астанасында олар қажетті нарықтық тәжірибеге, сонымен бірге толыққанды даму үшін қажетті өтімділікке ие бола алатын еді.

AIX хабарлағандай, коронавирус пандемиясының нарыққа қысымына қарамастан, Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық инвесторлардың қызығушылығының жоғары деңгейі сақталуда. Бұл, бірінші кезекте, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі және шетел валютасында капиталды тартуға дайын перспективалы жеке компаниялардың пайда болуының арқасында.

Қараша айында AIX-те өткен жылдың осы айымен салыстырғанда ай сайынғы сауда-саттық көлемі 5,6 есе — $3,7 млн дейін өсті, желтоқсан айының басында осы алаңда акциялар мен жаһандық депозитарлық қолхаттарды, облигацияларды, биржалық қорлар мен ноталарды қоса алғанда, 80-ге жуық бағалы қағаздардың листингі өтті.

2018 жылдан бастап AIX эмитенттері $321 млн-нан астам меншікті капитал, оның ішінде биылғы жылы $104,7 млн тартты

Қарыз капиталы AIX арқылы өткен жылдың 11 айында $3,7 млрд-ты қоса алғанда, $8,6 млрд тартылды. AIX өзінің негізгі инфрақұрылымын — Nasdaq сауда жүйесін Amazon Web Services-ке (AWS) көшірген әлемдегі алғашқы биржа болды.

2020 жылғы шілдеде Қазақстан мен Орталық Азиядағы орта бизнеске акционерлік қаржыландыруға үздік қолжетімділікті ұсыну мақсатында өңірлік акциялар нарығының (REMS) сегменті іске қосылды. Әрине, қазір AIX қызметінің басым бөлігі онлайн режиміне көшірілді. Сондықтан да Ташкенттен Нұр-Сұлтанға ұшып келмей-ақ AIX-те қашықтан тыныш сауда жасап отыра беруге болар еді.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз