Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Қазақстанда дәрігерлердің кәсібилігін қалай арттыруға болады? — сарапшылар пікірі

3 наурызда Атырау облысының Қызылқоға аудандық ауруханасында 11 айлық бала шетінеп кетті. Бала құсу және диарея белгілерімен ауруханаға түскен. Туыстары балаға қажетті көмек көрсетілмеді деп санайды.

Жоғалған уақыт

Науқас бала үнемі құсып, жылай бергені үшін медбикелер оған ұрысып, ал дәрі тамызғыш салатын кезде науқастың тамырына түсе алмаған. Сонымен бірге бала мен анасын екі рет үйге — демалуға жіберген. Баланың жағдайы жақсармаған соң қайтадан медициналық мекемеге келуіне тура келген.

Ақыр соңында баланың тыныс алуы қиындай бастаған, дәрігерлер оттегі беретін катетер таба алмай, жылауын тоқтату үшін димедрол  беріп ұйықтатып тастаған. Жарты сағаттан соң бала қайтыс болған…

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-тармағы “Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебі сараптама нәтижелерінен кейін анықталады.

Өкінішке орай, дәрігерлер пациентті құтқара алатын жағдай бола тұра құтқармаған кездер болып тұрады. 2019 жылдың соңында Алматы облысында дәрігерлердің кінәсінен желшешек салдарынан бала көз жұмды

Осындай қайғылы оқиғалар тек өңірлерде ғана емес, медицина деңгейі жоғары болуы тиіс республикалық маңызы бар қалаларда да орын алуда. Соның бір мысалы — 2021 жылдың қараша айында Алматының 4-ші қалалық ауруханасында инсульттан ер адамның қайтыс болуы. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер қажетті емдеуді уақтылы қамтамасыз етсе, ол аман қалуы мүмкін еді.

Бүгінде кадрлар даярлау деңгейінің төмендігі — Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы елеулі проблемалардың бірі. Неліктен пайда болғаны және оны қалай шешу керектігі туралы біз осы саланың сарапшыларымен сөйлесуді жөн көрдік.

Оқудан бастау керек

Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықованың пікірінше, медицина қызметкерлерінің біліксіздігі кейбіреулерінің ақылы бөлімшелерде оқып, сабаққа салғырт қарауына да байланысты. Пандемия студенттерді практикадан екі жылға қол үздіріп тастағанының салдары қандай болатыны тіпті қорқынышты.

— Медицина саласында тек грант ұтып алып қана оқу керек деп есептеймін. Және жалқау адамды гранттан айырып отыру керек. Сонымен қатар,

қатаң іріктеу қажет, ал емтихан комиссияларының құрамына кәсіби қауымдастықтардың сарапшылары кіруі тиіс. Ал қауымдастықтар өз құрамына қандай да бір түлекті қабылдағысы келетін-келмейтінін шешуі керек

Ал жұмыс істеп жатқан дәрігерлерді ынталандыру үшін, әрине, жоғары жалақы қажет. Бірақ бүгінде бастапқы жалақы 210 мың теңге. Әрине, тәулік бойы кезекшілікте жүріп бұл сомаға өмір сүру мүмкін емес. Дәрігер екі-үш жерде жұмыс істеуге мәжбүр болғанда қатты шаршап, қателіктер жібере бастайды”, — дейді ол.

Өңірлердегі жағдай

Қазақстан онкологтары қауымдастығының төрайымы Диляра Қайдарова өңірлердегі медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін ерекше атап өтті. Өңірлерде жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының қажетті кадрлар санына өтінімдер дұрыс берілмеуі жағдайды ушықтырады. Жергілікті шенеуніктерде мәселе туралы түсінік жоқ.

— Біз әр өңірден қанша онколог оқыту қажеттігі туралы өтініштер жинаймыз және нақты сандар беруді талап етеміз.

Алынған мәліметтерді біз университетке жібереміз, ол жалпы өтінімді қалыптастырады және оны денсаулық сақтау министрлігіне жібереді. Олар оқуға квота бөледі. Бұл тар шеңберлі мамандарға қатысты

Біз оқыған мамандарды өңірлерге жібереміз, бірақ, өкінішке орай, олар жұмыс істеу үшін тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасамайды.

Бәрі ақшаға байланысты

— Дәрігер бөтен қалада өзін жайлы сезінуі үшін қызметтік тұрғын үй, лайықты жалақы мен үстеме ақы қажет. Бірақ өңірлердегі әкімдіктер бұған қызығушылық танытпайды, дегенмен әр кез кадрлардың жетіспеушілігіне шағымданады. Бірақ біз жіберген мамандардың жарты жылдан кейін қайтып оралуына кім кінәлі? — деп сұрақ қояды ол.

Қайдарованың айтуынша, біліктілікті арттыру үшін дәрігерлер екі жыл бойы резидентурадан өтуі тиіс. Бірақ көпшілігі мұны қаламайды.

— Біз өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан онкология бойынша резидентураға бес адамды жіберуді сұраймыз. Мемлекет барлығын төлейді деп айтамыз. Бірақ барлығы екі жыл оқуды қаламайды — мәселе осыда

Оқу кезінде жалақы шамамен 180 мың теңгені құрайды, ал көптеген дәрігерлердің отбасылары бар. Ер дәрігерлер отбасын асыраушылар, ал бұл ақша өмір сүруге жетпейді. Сондықтан бәрі жалақыға келіп тіреледі, және оны резидентурада білім алушылар үшін арттыру мәселесі шешілуде, — деп атап өтті сарапшы.

Тәуелсіздік жылдарындағы сәтсіздік

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин дәрігерлердің біліктілігі төмен қазіргі жағдай — тоқсаныншы және нөлдік жылдары білім деңгейінің төмендеуінің нәтижесі деп санайды. Бұл тек медицина саласына ғана қатысты емес. Иә, жалақысы да мәз емес.

— Мен кезінде Алматы мемлекеттік медицина университетінде оқытушы болып 15 жыл жұмыс істедім. Оқытушы-дәрігердің жалақысы педагогтың және дәрігердің жалақысынан тұрды. Ал қазір дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы төмен. Ол соңғы уақытта ғана өсе бастады. Бірақ осы аралықта

көптеген жақсы дәрігерлер жұмысын тоқтатты немесе жеке тәжірибеге көшті — бөлім меңгерушісі болды және т.б.

Медициналық білім беру сапасы мәселесі — бұл ең алдымен медициналық клиникалардың мәселесі. Барлық университеттің дәрігерлерді оқытатын клиникалары жоқ. Сондықтан кейде тіпті резидент дәрігерлер үш жыл оқиды, бірақ білімі мен тәжірибесі аз.

Біздің мамандардың дайындық деңгейі дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда нашар. Онда резидентураны аяқтағаннан кейін дәрігер ауруханаға келіп, өз бетінше жұмыс істей бастайды. Бізде олай істей алмайсың. Клиникаға резидентті ала отырып, біз оны дәрігердің көмекшісі ретінде тағы екі-үш жыл дайындаймыз.

Нақты жалақы

— Өңірлердегі медицина жағдайына келетін болсақ, ол да біртіндеп нашарлады. Жергілікті ауруханаларда ауыр операциялар тоқтатылды. Дәрігерлер мотивациясын жоғалтып жатыр, көбісі облыс орталықтарына немесе Астанаға кетеді. Сонымен қатар, бізде медицинада бопсалау сияқты құбылыс пайда болды. Дәрігерлерді жақсы ынталандыру керек деп санаймын — олар көп ақша табуы керек.

Келесі жылы дәрігерлер 500 мың теңге алатын болады. Бірақ қазіргі бағам бойынша бұл мың доллар, бұл өте аз. Қазір дәрігерлердің орташа жалақысы миллион теңге шамасында болуы тиіс

Үнемі оқуға, тәжірибе алмасуға, шет тілдерін үйренуге мүмкіндік болуы керек. Моральдық мотивация да қажет — біз дәрігердің мәртебесін көтеруіміз керек және мұны мемлекеттік деңгейде жасауымыз керек.

Бұрын мұғалім мен дәрігер кез-келген елді мекендегі ең құрметті адамдар болған. Бізге соны жаңғырту қажет,  — деп қорытындылады Локшин.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз