Заманауи әлемдегі қауіпсіздік пен қорғаныс мәселесінің өзектілігін ескерген Қазақстан қорғаныс саласында өндірілетін өнімнің түрі мен санын ұлғайтпақшы.
21-қыркүйекте Йоханнесбургте (Оңтүстік Африка Республикасы) «Парамаунт Груп» трансұлттық корпорациясы және оның Қазақстандағы еншілес кәсіпорны — отандық қорғаныс өнеркәсібі саласындағы көшбасшылардың бірі — «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС бірлескен мәлімдеме жасады. Оның негізгі мәні – қос компания «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнын одан ары дамытып, оның жерде, әуеде, теңізде пайдаланылатын өнімдерінің санын мен түрін ұлғайту.
Сөйтіп, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» біртіндеп әскери және арнайы техниканы жеткізудің әлемдік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналады. «Парамаунт Груп» корпорациясының негізін қалаушы және директоры Айвор Ишиковитц өз сөзінде Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіндегі жетістіктерін ерекше атап өтті.
«Біз «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясын дамытуды, оның әлеуетін арттыруды асыға күттік. Елдегі біздің өндірісіміздің зор табысын ескере отырып, осы комапанияны біртіндеп, жерде жүретін техниканың жаһандық жеткізушісіне айналдыруды көздеп отырмыз», — деді корпорацияның негізін қалаушы.
Ал «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорны бақылаушы кеңесінің басшысы Айбек Барысов, өз кезегінде, кәсіпорынның жоспарлап отырған өндірісін кеңейту – еліміздің болашағына қосылған үлес екенін атап өтті. Өйткені отандық экономиканы дамытудың басымдылықтарының бірі – экспортты әртараптандыру болып табылады. Барысов атап өткендей, «Парамаунт Груп» қауіпсіздік пен қорғаныстың әлемдік индустриясындағы маңызды қатысушылардың бірі.
«Біздің табысымыз Қазақстан болашағына бұдан кейін де құйылатын салааралық инвестициялық мүмкіндіктерді ынталандырады деген үміттемін. Біз жаһандық жеткізудің құрамдас бөлігі болу үшін «Парамаунт Груп» тарапынан сапа мен өндіріске қойылатын жоғары стандартқа қол жеткізгенімізді ерекше мақтан тұтамыз», — деді бақылаушылар кеңесінің басшысы.
«Парамаунт Груп» — Африкадағы әскери және аэроғарыш бағытындағы өнім өндіру жөніндегі аса ірі компания. Кәсіпорын қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы инновациялардың сөзсіз көшбасшы ретінде танылған. «Парамаунт Инжиниринг» корпорациясымен әлемдегі көптеген елдердің үкіметтері бірлесіп жұмыс істеуде.
Атап айтарлығы, мамыр айында «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-і Ресейдің қорғаныс өндірісі кешеніне кіретін «Буревестник» ғылыми-зерттеу кәсіпорнымен және «Батыс-Қазақстан машина құрылысы компаниясы» акционерлік қоғамымен әрекеттестік туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Тараптар қашықтықтан басқарылатын 30-мм әскери модульді бірлесіп дайындап, жасау және өндіру туралы келісімге келді. Аталмыш әскери модульдер «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-і өндіретін брондалған дөңгелекті машиналарға орнатылады деп жоспарлануда. Дайындау жұмыстары 2018 жылы басталады.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС — MRAP тұрпатындағы минаға қарсы күшейтілген қорғанысы бар брондалған дөңгелекті заманауи машиналарды өндіру жөніндегі Орталық Азияда ашылған алғашқы зауыт. Кәсіпорын брондалған дөңгелекті «Арлан», «Номад» машиналарын және дөңгелектерінің формуласы «6х6» және «8х8» «Барыс» бронетранспортерлері сияқты брондалған техникаға арналған түрін шығарады. Бұл машиналар өз санаты бойынша әлемдегі ең үздіктердің қатарында.
8х8 «Барыс» бронетранспортері алғаш рет 2016 жылғы маусымда Астанада өткен IV KADEX Қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктің халықаралық көрмесі барысында көрсетілген болатын. 2018 жылдың қысында бронетранспортерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сарапшылары қысқы экстремалды жағдайда сынақтан табысты өткізді. Сынақ бағдарламасына штаттық қарудан күндізгі және түнгі уақытта шартты қарсыластың алғы шептерін атқылау кірді.
Бронетранспортерге Aselsan түрік компаниясымен бірлесіп, КАЕ электронды-оптикалық өнімін өндіретін қазақстандық зауыт жасап шығарған 30-мм 2А42 автоматты зеңбірек және 7,62-мм ПКТ қосарланған пулеметі бар, сарбаздар отырмайтын тұрақтандырылған мұнара орнатылған.
Жаңа бронетранспортер «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-нің «Парамаунт Груп» корпорациясымен бірлесіп жасаған тәжірибелік- конструкторлық жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Алдыңғы қатардағы технологиялық шешімдерді қолданудың арқасында, броневик көпфункционалды, ұтқыр әрі баллистикалық және минаға қарсы қорғаныстың жоғары талаптарына сай.
Мамыр айында Астанада өткен KADEX-2018 Қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктің халықаралық көрмесі барысында «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» отандық күштік ведомстволардан дөңелектері 4х4 формуласындағы алдыңғы қатардағы брондалған «Арлан» машиналарын жеткізуге тапсырыстар алды. Тапсырыстар 2020 жылға қарай толығымен орындалады.
«Арлан» — ең сұрапыл климат жағдайына бейімделген, брондалған дөңгелекті машиналардың жаңа буыны. Машина экстремалды жағдайдағы сынақтардан өткен. Кабинаны жылыту мен салқындатудың инновациялық жүйесінің арқасында, оның экипажы Цельсии бойынша -50 мен +50 градус температурасы диапазонында өзін жайлы сезінеді. Брондалған бұл автомобиль химиялық шабуылға төтеп беретін сенімді қорғаныс жүйесімен жабдықталған.
Қазіргі таңда «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» бүкіл Орталық Азиядағы брондалған дөңгелекті машиналарға деген сұранысты толық қамтамасыз етуге қабілетті. Кәсіпорын жылына аталмыш техниканың 200-ден астам данасын шығара алады.