Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-14
USD
496
-2.06
EUR
523
-2.87
RUB
4.94
-0.03

Қазақстан және Қытай – жақын көршілер, саяси сенімді достар мен ынтымағы жарасқан серіктестер

213

Барлық мемлекеттер, әлемдік саясат, қазіргі уақытта күйзеліс пен белгісіздік кезеңін өткеруде. Жалпы тұрақтылық пен қауіпсіздікке жаһандық және аймақтық қауіп төндіретін әрекеттер, оның ішінде терроризм, діни экстремизм, сепаратизм және басқа да қайшылықтар салдарынан жанжалдар туындауда. Орталық Азия мен Таяу Шығыс Азия елдеріндегі әрекеттер, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастар, басқа да мемлекеттердің ішінде болып жатқан әрекеттер Қазақстанның да өміріне тікелей әсер етуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, коронавирус пандемиясының басталуынан бастап әлемдік саясатта тектоникалық қозғалыстар орын алды, соның себебінен жаһандық күйзелістер мен дағдарыстар орын алуда.

Қазақстан Республикасы территориялық орналасуына сай үш алпауыт: Қытай, Ресей және ислам әлемі сияқты саяси бағдарлардың ортасында орналасқан. Сондықтан, аталған саяси әлемдердің біздің мемлекеттің бүгініне, болашағына да үлкен ықпалы тиу ықтималдығы жоғары болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтынын қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет» деп айтқан болатын. Президенттің сөздеріне қарап, еліміздің дамуы кезінде болатын қиындықтар мен дағдарыстарды жеңу мен отандық экономиканы қалай дамыту мен жақсартуға болады деген айқын сұрақтар туындауда. Дәл осы жолда, еліміздің дамуына көршілес мемлекеттердің, оның ішінде Қытай Халық Республикасының маңызды роль мен қызметтерді орындайтындығын айтқым келеді. Себебі, аталған мемлекет Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы сәтінен бастап қолдау жасап, қазіргі кезде саяси ынтымақтас елдердің біріне айналды.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының басталуының тарихы

Осыдан 31 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 3 қаңтары кезінде, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізі қаланған болатын. Өткенді саралайтын болсақ, аталған мемлекет аралық қарым-қатынас дамудың сәтті жолын өткізіп, аймақтық және халықаралық ареналарда болып жатқан қиындықтар мен сынақтарды да өткере алды. Аталған қарым-қатынастың осы уақытқа дейін созылуының негізі, ол екі мемлекеттің де көршілес мемлекет болғандықтан, достық пен татулықты ұстануға бағытталған саясаттары болатын.

1992 жылдың ақпан айында Пекин қаласында Қазақстан мен Қытай мемлекеті арасындағы екі мемлекеттің тәуелсіздігін құрметтейтін, территориялық бірегейлікті сақтау мен мемлекеттің ішкі саясатына араласпау мен өзара теңдік пен бейбітшілікке бағытталған саясатты ұстану мен сол бағытта жұмыс істеуге негізделген екі мемлекет аралық келісім жасалған болатын. Осы келісімде көрсетілген ұстанымдар қазақстан-қытай арасындағы қарым-қатынастың дамуының негізі болып, аталған аймақтарда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мен дамытуға ықпал жасаған болатын.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан сәтінен бастап ядролық қаруды қолданудан бастартып, бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің болуына ықпалдасқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Аталған әрекетке қатысты, әлемде ядролық державалардың бірі болып табылатын ҚХР 1995 жылы біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қол сұқпауға қатысты өзінің кепілдігін білдірді. Дәл сол жылы, Қазақстан мен ҚХР шекараға байланысты мәселелерді сәтті түрде келісімшарт жасасу арқылы шешкен болатын. Келісімнің сәтті аяқталуының көрінісі ретінде, 1780 шақырым болатын қазақстан-қытай шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары сәтті аяқталды.

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа қарқыны 2013 жылдың қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанның астанасындағы кездесуде бірге жаңа Жібек жолының экономикалық белдеуін құру ұсынысынан басталған болатын. Аталған бастаманың мәні ол халықаралық достықтың жаңартылған үлгісін іздеу барысында құрылатын қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттерді дамыту және Қытай елінің қатысуымен өзара әрекеттердің қолданыстағы аймақтық екі тараптық және көп тараптық механизмдері мен құрылымдарын дамытуға бағытталған болып келеді. Қазіргі уақытта аталған жоба шеңберінде Қазақстан мен ҚХР арасында экономика, сауда-саттық, транспорт, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша байланыстар орнатылып, қарым-қатынас жақсарған болатын. Сондай-ақ, еліміз Қытаймен әрдайым цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, транспорт және логистика салалары бойынша байланыстар жасауға әрдайым қызығушылық танытады.

Пандемия кезіндегі ынтымақтастық

2019 жылы бүкіл әлемде орын алған COVID-19 пандемиясы кезінде қазақстан-қытай арасындағы сауда-саттық, экономикалық және көршілес мемлекеттер ретіндегі қарым-қатынас тоқтамады, керісінше ол жаңа қарқынға ие болып, мемлекеттер арасындағы достықтың тұғырының мықты екендігін көрсетті деуге болады. 2021 жылдың деректері бойынша екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 15,2%-ға өсіп, ол $18,2 млрд. көрсеткен. Бұл жайлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша соңғы 30 жылда қазақстан-қытай қарым-қатынасы нығайып, барлық салалар бойынша стратегиялық серіктес бола алғандығын атады. Мемлекет басшысы, сонымен қатар қазақстан-қытай арасындағы қарым-қатынастың мәңгі, жан-жақты, саяси сын-қатерлерге төтеп бере алатындығын да айтып кеткен болатын.

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың беріктігі мен дамуын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинде мақсат ретінде қарастырады, ол 2022 жылы басталатын  Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 жылдық достықтың «алтын» кезеңінің басталатындығын атаған. Қытай басшысы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасының жүзеге асырылған жылдарында жеткен жетістіктерді ескере келе, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың оң екендігін атап өткен болатын. Қытай Төрағасы сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, жасанды интеллект, қаржы және электронды сауда салаларындағы өзара ықпалдастықтың келешегіне де баса мән берді.

Еліміздің тарихын саралай келе қиын-қытау кезеңдерде елімізге келген ұлттарға қазақтар мен қазақстандықтардың қолдау болғанын, ал қазақстандықтардың басына қиын кезең келгенде басқалардың, оның ішінде қытайлықтардың да қолдау болғандығын айтқым келеді. Мысалы, 2020 жылғы пандемия кезеңінде барлық мемлекеттердің ішінде дағдарыс орын алды, дәл осы сәтте Қытай – Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өзара көмек көрсетуге бағытталған болатын. ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо Қазақстанның коронавирус пандемиясы кезінде қытай халқына алғашқылардың бірі болып көмек пен қолдау көрсеткендігін атаған. Елшінің айтуынша, бұл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, өзара сенімді жыне тату көршілік қарым-қатынас рухын жарқын көрісіні болды. Сол кезде, Елші енді Қытайдың Қазақстан халқына көмек көрсету кезегі келгендігін де атап өткен болатын.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2020 жылдың 24 наурызында Президент Қ.-Ж. Тоқаевқа телефон арқылы Қытайдың Қазақстанға 26 медициналық бұйыммен гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлаған. Бір аптадан кейін, 2 сәуірде Алматы әуежайына Бейжіңнен ұшақпен гуманитарлық көмектің бірінші партиясы жеткізілді. Содан кейін, Қазақстанға Қытайдан тұрақты және қомақты көлемде жүздеген тонна дәрі-дәрімектер мен медициналық құралдар келді. Сонымен қатар, аталған ауыр кезеңде Қазақстанға Қытайдан 15 дәрігер-инфекционисттер үш аптаға келіп еліміздегі жағдайды зерттеп, қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарған болатын. 2021 жылы Қытай Қазақстанға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен COVID-19 Vero Cell (Sinopharm) және CoronaVac (Sinovac) вакциналарының жалпы көлемі 4,5 миллион дозаны құрайтын екі түрін берді.

Пандемия кезінде Қытай біздің еліміз үшін барлық гуманитарлық көмектің 80%-ын берген болатын. Сондай-ақ, мұндай көмектерді тек мемлекеттік деңгейде ғана емес сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардан да келіп түскен болатын. Яғни, «CNPC» корпорациясы 2020 жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп Алматы облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктеріне 50 бірлік өттегі концентраторын берген. Сонымен қатар, «CNPC» корпорациясы сол кездегі Нұр-сұлтан және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау басқармаларына жедел жәрдем автомобильдеріне, өкпені жасанды желдету аппараттарын, оттегі концентраторларына, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрімектерді сатып алуға 4 млрд.теңге берген болатын.

Пандемия көптеген мемлекеттердің өміріне тікелей әсер етті, азаматтардың денсаулықтарына зардап тигізді, мемлекеттің экономикалық ахуалдары нашарлаған болатын. Сондықтан, Қазақстанда ДДҰ қамқорлығымен эпидемиологиялық аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы бастама өзекті болып саналады.

Биологиялық терроризм қаупімен байланысты қауіптер ерекше алаңдаушылық тудырады. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.-Ж. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынған болатын.

Қазақстандағы «Қаралы Қаңтар» оқиғасы кезіндегі Қытайдың қолдауы

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының маңыздылығын қаңтар айындағы қайғылы оқиғалар растады, онда біздің елімізге қарсы конституциялық құрылысты бұзу және мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатында халықаралық террористердің, экстремистердің және шетелдік содырлардың мұқият дайындалған шабуылы ұйымдастырылды. ҰҚШҰ бітімгершілік контингентінің қолдауымен қазақстандық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің батыл және жедел әрекеттерінің арқасында бұл қылмыстық әрекеттер тоқтатылып, бұзақылар жазаланған болатын.

ҚХР басшылығының берік және қағидатты ұстанымы қылмыскерлерді тез және шешуші түрде жеңуге және Қазақстанның ішкі істеріне сыртқы араласуды бейтараптандыруға айтарлықтай ықпал етті. «Қытай, – деп атап өтті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, – Қазақстанды тәуелсіздікті, егемендікті және аумақтық тұтастықты сақтауда берік қолдайды, әрқашан Қазақстанның сенімді досы және мызғымас серіктесі болады және тұрақтылықты сақтауға, экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесуге дайын» деген болатын.

Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық қарым-қатынастары

Қытай қазіргі уақытта әлемдегі жетекші экономикалардың бірі болып табылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, коронавирустық пандемияға қарамастан, 2020 жылы ҚХР-ның жалпы ішкі өнімі шамамен $16 трлн құрады. Сарапшылардың болжамынша, бірнеше жылдан кейін қытай экономикасы әлемде бірінші орынға шығады. Сондықтан Қытай Қазақстан үшін негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі.

Қазақстанның Қытаймен сауда айналымының үлесі 2020 жылы Қазақстанның жалпы саудасының 18,1% құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда 4%-ға өсіп, $15,4 млрд құрады, бұл ретте Қытайға экспорт 9 9 млрд құрады, ал Қытайдан импорт 6,4 млрд. 2021 жылдың 11 айында Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы $17 млрд құрады.

Қытай Қазақстанның ең ірі инвесторларының «бестігіне» кіреді (Қазақстанға инвестициялардың жалпы көлемінің 4,7%). 2005 жылдан 2020 жылға дейін Қытайдың Қазақстанға тікелей инвестицияларының (ТШИ) жалпы көлемі $19,2 млрд құрады, 2020 жылы Қытайдан Қазақстанның қаржылық емес секторына ТШИ шамамен 6 600 млн құрады, өз кезегінде Қазақстаннан Қытайға ТШИ көлемі 6 667,2 млн құрады.

Екі жақты индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде Қазақстан аумағында $24,5 млрд сомасына 56 заманауи өнеркәсіптік кәсіпорын салу жоспарлануда. Қазақстанда 700-ден астам бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорындары жұмыс істейді. Осылайша, елімізде кәсіпорындардың көп ашылуы халықтың жұмыспен қамтылуын, соның негізінде өмір сүру көрсеткіштерін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан үшін Қытаймен сауданың перспективалы бағыты ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау болуы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, бұл елдің азық-түлік нарығының жылдық көлемі 1 1,5 трлн. Қазір Қытай басқа шет мемлекеттерден, соның ішінде Латын Америкасы, Австралия, Жаңа Зеландия елдерінен көптеген азық-түлік түрлерін (ет, сүт, жеміс) импорттайды. Қытайдағы халықтың өсуі, өмір сүру деңгейінің жоғарылауы азық-түлікке, соның ішінде экологиялық таза тағамға сұраныстың артуына әкелді. Бұл біздің ауылшаруашылық өндірушілерімізге Қытай нарығына шығуға және өз орнын алуға нақты мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 600-ге жуық отандық бидай, сиыр еті, шошқа еті, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өндірушілері өз тауарларын Қытайға экспорттауға рұқсат алды.

Қорытынды және ұсыныстар

Қазіргі кезде, Қазақстан мен Орталық Азия елдері тұрғындарының едәуір бөлігінде тарихи фобиялармен ғана емес, сонымен қатар халықтың ҚХР қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы жеткіліксіз хабардар болуымен байланысты қытайфобия әлі де болса сақталуда. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде жекелеген блогерлер Қытайдың болжалды экономикалық экспансиясы, Қытайдан Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қоршаған ортаны ластайтын өндірістерді шығару, аймаққа қытайлық еңбек мигранттарының көптеп келуі және т.б. туралы алаңдатарлық хабарламалар таратуы салдарынан халықтар арасындағы сенімсіздік күйлері де көрініп жатады. Сондықтан, қазіргі кезде мемлекеттің ішіндегі халықтардың бір-бірінен қорқуы мен жасанды үрей сезімдерін болмауы үшін де жұмыстар жүргізілуі керек. Осы бойынша, сауда-экономикалық қарым-қатынаста орын алған қателіктерді анықтап, тауарлар мен қызметтер сапасын жақсарту арқылы халықтың қауіпсіздігін сақтау мен бейбіт қарым-қатынас жағдайларын жасау керек.

Екіншіден, Қазақстан-Қытай арасында жүзеге асырылатын және асыру жоспарланған жобалар туралы халыққа түсіндіру мен ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Осы бойынша, аталған жобалардың жергілікті халық пен мемлекеттің экономикалық жағдайына жобалардың маңызын, олардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, өмір сүру сапасын жоғарылататындығын көрсету керек.

Үшіншіден, Қытайлықтар мен Қазақстандықтардың ұлттық, тарихи құндылықтарын зерттеу маңызды. Неге? Себебі, жергілікті халық болып есептелетін қазақтан мен қазіргі қазақстандықтар талай тарихи саяси сындардың құрбандары болды, сонау қуғын-сүргін замандарында жергілікті қазақтар өз жерлерінде пана сұрағандарға пана болып, қиын-қыстау заманда қытайлықтармен бір нанды да үзіп жеген. Дәл солай, біздің қандастарымызда. Олар да өздері қиындыққа тап болған кезде қытайлықтардан пана тапқан, бірге еңбек етіп, нанын жеген. Осыған қарап-ақ, екі мемлекет те өз халқының жағдайын жасауға бағытталғандығын, оның қауіпсіздік, ынтымақтастық, бейбітшілік пен тыныштыққа, бейбіт дамуға бағытталғандығын көре аламыз. Сондықтан, әлі де Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық, серіктестіктің алтын ғасырының кемелдену кезеңі болады деген үміттемін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз