Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
17
USD
447
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.79
0.00

Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өте қысқа мерзімде дайындалды — ҰОК

Конференцияда сөз алған Андрей Крюков 2022 жылғы қысқы Олимпиада қарсаңында әлем чемпионатын ұйымдастырудың маңыздылығын айрықша  атап өтті. Бұл күндері Алматыда өтіп жатқан ірі спорт додасы Бейжің Олимпиадасы қарсаңындағы соңғы әлем чемпионаты саналады. Сол себепті, бұл бәсекенің мәртебесі жоғары. ҰОК бас хатшысының айтуынша, Ұлттық Олимпиадалық комитет пен ұлттық федерацияның халықаралық федерациялармен тығыз қарым-қатынас орнатуының арқасында Алматы қаласы фристайлшылардың ең басты бәсекесін қабылдауда.

«Біздің елімізге сенім білдіргені үшін Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті атынан Халықаралық шаңғы спорты федерациясына тағы да алғыс айтамын. Әлем чемпионатын өткізу құқығына біздің еліміз дода басталардан 26 күн бұрын ғана ие болды. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ҚР Спорт және мәдениет министрлігіне және Ұлттық қауымдастықтарға мұндай ірі бәсекені ұйымдастыруда белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіреміз.

Уақыттың тығыздығына және ғаламдық пандемияның жалғасуына байланысты біз қабылдаған шешімнің оңай болмағанын айтқым келеді. Бірақ жарысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысымыз өз жемісін бергенін байқап отырмыз. Халықаралық федерация да, ресми тұлғалар мен спортшылар да біздің чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейін өте жоғары бағалады.

Әлем чемпионаты мен Конференция бүгін өтетін Халықаралық Олимпиада комитетінің 137-ші Сессиясы аясында ұйымдастырылып отыр. Сессия барысында Томас Бахты президенттікке қайта сайлау және өзге де олимпиадалық қозғалыс мәселелері қарастырылады. Қазақстанда әлем чемпионатын өткізу арқылы спорттық оқиғалардың қайта жанданғанын көріп отырмыз. Бұл жарысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтап, Ұйымдастыру комитетінің жұмысын дұрыс ұйымдастыру арқылы ірі турнирлерді өткізуге болатынының нақты дәлелі. Біздің бұл тәжірибеміз қысқы Олимпиада ойындарының қарсаңында пайдалы боларына сенімдімін», – дейді Андрей Крюков.

Бас хатшының пікірінше, әлем  чемпионатын ұйымдастыру еліміздің халықаралық аренадағы имиджін жақсартып қана қоймай, біздің спортшыларымызға төрелік жасауда және Олипиада ойындарының алдындағы рейтингті түзуде ерекше әсер етеді. Одан бөлек, әлем чемпионатын өткізу арқылы аталған спорт түрінің елімізде қарқынды дамуына жол ашылып, төрешілер мен бапкерлер құрамының біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді.

«Бұдан бұрын әлем кубогі кезеңдерінің өткізілгені еліміздегі фристайлдың дамуына айтарлықтай серпін берді. Могул да, шаңғы акробатикасы да қарқынды түрде дамып жатыр. Ұлттық құрамаға былтыр ғана қосылған 15 жастағы Анастасия Городконың қола жүлдесі мұндай бәсекелерді елімізде өткізудің маңызды екенін дәлелдейді.

Бұдан бөлек, біз өзге командалардан әлем чемпионатын ұйымдастырғанымыз үшін алғыс естіп жатырмыз. Былтыр көптеген жарыс өткізілмей, біразы кейінге шегерілді. Сондықтан бұл жарыстың орны ерекше. Могулшылар мен акробаттардың ынтасы ерекше екенін байқадық. Олар қандай жағдай болмасын бәсекені жалғастыра береді және олардың эмоциялары бүкіл әлем көрермендеріне беріледі», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы.

Кездесу барысында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығының жарыс кезінде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны да айтылды. Сонымен қатар, шетелдік мамандармен өте қысқа мерзім ішінде дайындалған спорттық нысандар мен жарыс жолының сапасы да сөз болды.

Конференция кезінде фристайлдан Алматыдағы әлем чемпионаты мен FIS әлем кубогінің финалдық кезеңдерінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, форумға қатысушылар ірі спорттық жарысты өткізу тәжірибесімен бөлісті. Осы орайда, Орталық Азияда шаңғы спорты түрлерін дамыту мәселесі де айтылды.

Жиынға ҚР Ұлттық шаңғы қауымдастығының, Өзбекстан шаңғы спорты федерациясының, Қырғызстан шаңғы спорты федерациясының, Ресей фристайл федерациясының және Беларусь шаңғы одағының басшылығы қатысты. Отырысқа қатысқан сарапшылар қатарында FIS жарыс директоры Стефан Хуберт, халықаралық сарапшы, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының кеңесшісі Гернот Лайтнер бар.

Еске сала кетейік, бұл күндері Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық спортшылар могул бойынша үш медаль жеңіп алды. Юлия Галышева күміс жүлдегер атанса, Павел Колмаков қолаға қол созды. Ал 15 жастағы Анастасия Городко параллельді могул бойынша үздік үштікке енді. Бүгін шаңғы акробатикасы бойынша бәсеке аяқталып, 2021 жылдың 13-14 наурызы күндері шаңғы акробатикасы мен могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңдері өтеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз