Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
16
USD
444
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.82
0.00

Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді түрде әрекет етуге тиіс — Мырзалиев

998

Осы орайда, біз еліміздің алдағы инвестициялық саясаты мен мүмкіншіліктері туралы Америкалық атақты «DUKE» университетінің түлегі, Дүниежүзілік банкте, Үкімет аппаратында, Қостанай және Түркістан облыстарында инвестиция мен экспорт, кәсіпкерлікті дамыту саласында облыс әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған, қазіргі кезде инвестиция және мемлекеттік басқару саласындағы практик-сарапшы Мейіржан Мырзалиевпен сұхбаттасуды жөн көріп отырмыз. 

Мейіржан Ұябайұлы, ең алдымен арнайы уақытыңызды арнап, өз пікіріңізбен бөлісуге келіскеніңізге алғысымызды білдіреміз. 

  1. Сарапшы ретінде Қазақстанның инвестициялық тұрақтылығын қалай бағалайсыз? Инвестициялық саясат пен бағыт бағдары туралы әңгімені өрбітсек? 

Дұрыс айтасыз, Мемлекет Басшысы өзінің Жолдауында экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7% жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін
2 есеге ұлғайту, яғни $450 миллиард жеткізуді мақсат етіп қойды. Инвестиция экономиканың негізгі қозғалтқыштарының бірі, яғни инвестицияны экономиканың тамырына қан жүгіртетін құрал деп айта аламыз. Ескіріп тозығы жеткен энергожүйені жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайту, сондай-ақ қатаң ақша-кредит саясатын ескере отырып, Қазақстан инвестицияға аса мұқтаж.

Жаһандық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) үшін тартымды және шетелдік инвестициялар легі бойынша Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір көшбасшы болып табылады. Алайда қазіргі геоэкономикалық және геосаяси ахуалда осы жағдайды сақтап қалу және нығайту үшін Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді түрде озыңқы әрекет етуге және үнемі инвесторлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға тиіс.

Ұлттық Банктің статистикалық деректеріне сәйкес біздің экономикамызға ТШИ ағынының тұрақты түрде жоғары екендігін көре аламыз. 

Ұлттық Банктің деректері бойынша 2010 – 2020 жылдары Қазақстанға ТШИ жалпы легі шамамен $249 миллиард құрады, оның ішінде 30,4 % немесе $75,6 миллиард  мұнай-газ секторына, 23 % немесе $42,1 миллиард металл кендерін өндіруге және металлургияны дамытуға тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіне $39,4 миллиард  немесе барлық ТШИ-дің 15,8 %-ы тартылды.

Ол 2021 жылы – $23,8 миллиард, 2022 жылы – $28 миллиард, ал 2023 жылдың I-жарты жылдығында – $13,3 миллиард  құрап отыр. Дегенмен, инвестицияның көп бөлігі шикізат өндіруге келеді. 2022 жылы мұнай мен газ өндіруге $9,6 миллиард, металлургияға – $4 миллиард  астам, электрмен жабдықтау секторына – $636 миллион, ал тамақ және сусындар өндірісіне небәрі $178 миллион инвестиция тартылған. Бұл дегеніміз экономиканың дамуы мен тұрақтылығының кепілі болып табылатын өңдеу өнеркәсібіне қаражаттың жеткіліксіз мөлшері инвестицияланады.

Үкіметпен былтыр Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және ТШИ көлемін $25,5 миллиардқа дейін ұлғайту көзделген болатын, дегенмен осы көрсеткішті 2022 жылдың өзінде Қазақстан артығымен орындағанын атап өтемін. 

Тұжырымдама инвестициялар құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіруді бәсекеге қабілетті болатындай етіп өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді. 

Маңызды қадам ретінде отандық және шетелдік инвесторлар іске асыратын инвестициялық жобаларды тиімді және пәрменді түрде қолдау жөніндегі қызметті үйлестіру мен бақылау деңгейін арттыру есебінен оларды іске асыру арқылы экономикалық өсудің жоғары қарқынын және ұлттық экономиканы нақты әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлығының қабылдануын айтуға болады.

  1. Қазіргі таңда инвестиция тарту вертикалы қалай қалыстасқан? Кімдер жауапты? Міндеттері қандай?

Қазіргі таңда инвестиция тарту мәселесі Үкіметтің алдындағы ең маңызды функциялардың бірі. Орталық атқарушы органдар болсын, жергілікті атқарушы органдар болсын барлығының ең басты міндеттерінің бірі жаңа өндіріс орындарын құру, жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады. 

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыра отырып, сондай-ақ инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы жауапты мемлекеттік органы болып табылады. 

Инвестицияларды тарту жөнінде мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыру салаларында Сыртқы істер министрлігінің стратегиялық функцияларын орындауға қатысушы ведомствосы болып Инвестиция комитеті табылады. 

Сонымен қатар экономиканың басым секторларына шетел инвестицияларын тарту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу арқылы Қазақстан Республикасының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру мақсатында құрылған «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемелері Елшіліктер де инвестиция тарту бойынша өз үлестерін қосып жатыр деп айта аламыз.

Сондай-ақ Ел экономикасына инвестициялар тарту процесіне “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ, “Бәйтерек” ҰБХ” АҚ, Тікелей инвестициялар қоры, АХҚО және т.б. белсенді қатысады. “Астана” халықаралық қаржы орталығының басты міндеттерінің бірі Англия мен Уэльстің құқық қағидаттарында және халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарында ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу болып табылады. 

Көріп отырғанымыздай мемлекеттік басқару жүйесінің барлық сатыларында инвестиция тартуға жауапты органдар анықталған.

  1. Инвестициялық мәселелер бойынша инвесторларды тарту бойынша Кеңес жұмыс жасауда. Cөзіңіздің бірінде осы кеңеске қатысты Президенттің жарлығы туралы айттыңыз, сол туралы толығырақ ашып тарқатсаңыз?

2021 жылы құрылған Инвестициялар тарту кеңесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің міндеттері Қазақстан Республикасының аумағында орындалатын және инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясат шеңберінде әлеуетті инвесторлармен жұмысты жандандыруға бағытталған инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау және Үкімет басшылығы деңгейінде шешімдер қабылдауды талап ететін инвестициялық жобалар бойынша мәселелерді қарау болып табылады.

Мәселен, Түркістан облысының Сайрам ауданында “Polcotton S. A.” поляк компаниясы салған ең заманауи жылыжайлардың бірі жұмыс істейді. Компания шамамен $35 миллион инвестиция құйған.  Бұл компания 2020 жылы Түркістан облысы әкімдігіне электр қуатына қосылу үшін техникалық шарттарды алу мәселесімен жүгінді. Жылыжай кешенін толық іске қосу үшін компанияға шамамен 14 МВт электр энергиясы қажет болды. Алайда, сол кезде жақын маңдағы қосалқы станциялардың қуаттылығы болжамды қажеттіліктерді жабуға мүмкіндік болмады. Сонымен қатар, электр энергиясының жоғары тарифтері осы қызмет түрі үшін қолайсыз болды. Сол мезетте облыстық инвестициялық штабтың бұл мәселені көптеген себептер бойынша шеше алатын өкілеттіктері болған жоқ. Көтерілген мәселе сол уақытта шешімін таппады. 

Жоғарыда аталған Мемлекет басшысының қабылданған жаңа өзгерістеріне сәйкес, инвестордың көтерілген мәселесі үстіміздегі жылы оң шешімін тапты. Бұл штаб жұмысының жаңа тетігі Президенттің инвестициялық Кеңес туралы бұйрығының нәтижесі ретінде өз нәтижелерін бере бастағанын көрсетеді.

Аталған Жарлықтың қабылдануымен инвестициялық штаб қызметінің тиімділігі артатын болады деп есептеймін. Жарлыққа сәйкес Инвестицияларды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік кеңес күшейтілді. Оның өкілеттігі кеңейді – ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті шешімдер қабылдауға және заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге мүмкіндік алды.

Нәтижесінде бірінші кезекте стратегиялық және ірі шетелдік бизнестің қатысуымен жобалар бойынша орталық және жергілікті деңгейде  мемлекеттік органдар тарапынан уақытылы шешімдер қабылданып, туындаған проблемалық мәселелер жедел шешімін табатынына үміттенемін. Бұл мәселе қазірдің өзінде әртүрлі деңгейлерде бірнеше рет талқыланды.

Сонымен қатар, Инвестициялық штабтың басшысы мен мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына оның шешімдерін орындамағаны үшін жеке жауапкершілік енгізілді. Жобаларды жүзеге асыруға нақты адамдар жауапты болады және әрбір туындаған проблема мен оны шешуге кедергі болған лауазымды қызметкерлер айқын болады.

Президенттің қол қойған жарлығы жүзеге асырылуы тиіс іс-әрекеттердің нақты векторын айқындады. Инвесторлар барлық жобалардың сәтті аяқталатынына сенімді болатын жерлерге келеді. Инвестициялар әрқашан жаңа жұмыс орындарын, жаңа білім мен технологияларды білдіреді. Бұл ел азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер.

  1. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің даму жағдайы қалай? Ол туралы не айтасыз?

Кез-келген елдің экономикасының негізін – шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) құрайды. Біздің елімізде де ШОК дамытуға жан-жақты және кешенді қолдау көрсетіліп отыр. Үкіметтің ресми ақпаратына сәйкес, мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімдегі ШОК-ң үлесі 36,4% құрап тұр, бұл көрсеткішті алдағы жылдарда 40-50 % жеткізу жоспары қойылған. Сонымен қатар, 2023 жылы ШОК саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8% өсіп, бұл салада 4,3 миллион азаматтар жұмыспен қамтылған

Ал ШОК қаржыландыруға келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда 209 миллиард теңгеден, 288 миллиард теңгеге ұлғайып отыр. 

Өзіңізге мәлім, елімізде кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий жарияланған болатын. Ол осы жылдың соңына дейін қолданыста болады. Сол себепті Үкіметіміз 10 мыңға жуық қосымша талаптардан кәсіпкерлерді босатты.

Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады, ол 2024 жылғы
1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаюы күтілуде.

Алайда, орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі ақсаңдап келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны – 2,2 млн. Оның 99,9 пайызы – шағын кәсіпкерлік, қалған 0,1 пайызы ғана орта кәсіпкерлік субъектісі. Табысты орта кәсіпорындар көп емес,  оларға қолдау көрсету қажет. Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуі, нақты шараларды қамтитын жоспарларды әзірлеуі қажет. Сонда ғана өндіріс көлемі артып, жұмыс орындарының саны көбейеді.

Тағы мәселелердің бірі шағын және орта бизнес саласында салық саясатының жетілдірілмеуіне байланысты. Қазір дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлер біраз наразылық айтып жатыр. Бірінші кезекте бұл қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты, яғни оның мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру ескерілген. Сондықтан ҚҚС көтеру мәселесі жан-жақты зерделеуді және отандық кәсіпкерлермен талқылауды қажет етеді деп санаймын.

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – халқы. Халықтың әл-ауқаты жоғары болса, мемлекет те қуатты болады. Мемлекет Басшысының бастамасымен жасалып  жатқан барлық реформалар бірінші кезекте халықтың игілігіне бағытталған. Қазіргідей  әлемдегі геосаяси ахуал сәт сайын өзгеріп отырған жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасау қажет. 

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды келген Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Аспандарымыз ашық, денсаулықтарымыз мықты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, ауызбіршілігіміз берік болып, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын! 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз