Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақстан – халықаралық деңгейдегі теңдессіз арағайын

344

Естеріңізге сала кетсек, 1994-ші жылы Ресейде құрылған ПИР орталығы жаһандық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік пен интернетті басқару, жаһандық жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру мәселелеріне мамандандырылған үкіметтік емес ұйым.

«Атом қаруының кесірінен Хиросима мен Нагасакидің күл-талқаны шыққалы жетпіс жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың XXI-ші ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын», деген ұсынысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан үш жыл бұрын Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясында білдірген болатын.

Қазақстан президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын» қабылдауды да ұсынған еді сонда. Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан жер бетінде төртінші орында болған ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, Орталық Азияда аймағында ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш мемлекет. Осыны жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруі тиіс, деген ұсыныс тастаған болатын.

Бұл манифест – шынайы мәнге ие құнды құжат

Ия, қазір әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ болса, солардың бірі біздің Орталық Азия. Қазақстан аймақта алғаш болып осыдан 27 жыл бұрын өзінің ядролық полигондарын жауы, Орталық Азия аймағын ядролық қару қасіретінен құтқарған еді. Дегенмен де Орталық Азия мен шекаралас мемлекеттер жаппай қырып-жою қаруларын сынауды әлі де тоқтатар емес. 2016 жылы Вашингтонде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстанның мемлекет басшысы осы жағдайға үлкен алаңдаушылық білдірген.

Бейбіт күн кешуге ұдайы ұйытқы болатын Елбасы тығырықтан шығар тиімді жолдарды осы «Әлем. XXI ғасыр» манифест-бағдарламасында айқындап берді. Ал қазақстандықтар Ұлы даланы ядролық қарудан азат еткенін өскелең ұрпақ үшін жасалған батыл қадам дейді:

«Шыны керек, осы соңғы 25 жылдың ішінде әлемде бейбітшілікке бағытталған көптеген оң өзгерістер байқалады. Егер адамзат ядролық қаруды, басқа да жаппай қырып-жою қаруларын әлі күнге дейін қолданып келгенде әлі планетаға қаншама зиян келіп, қаншама адамның өмірі қыршыннан қиылар еді…», «Қазақстанның ядролық полгионды жапқаны өте дұрыс қадам болды деп ойлаймын. Халыққа, жалпы адамзат үшін өте дұрыс. Өзіміз көрдік қой, ядролық соғыстардың залалы мен зардаптарының қандай болғанын…», «Әрине, Елбасының мұндай бастамаларын толық қолдаймыз. Айналып келгенде атом қаруынсыз қазақтардың дені сау болады. Қазір дені сау ұрпақ туылып, қазақ халқының саны да өсіп келе жатыр», дейді Астананың қарапайым тұрғындары.

Тарих беттерінде ядролық қарудың орасан залалын айғақтайтын талай қасіретті таңба бар. Яғни, адамзат баласының бастан кешкен 15 мың соғыстан миллиондаған жан ажал тырнағына ілініп, жаппай қырып-жою қаруының құрбаны болды. Елбасы бұрын-соңғы құлақ естіп, көз көрмеген зұлматты оқиғалар көбейіп, Жер шарының тең жартысы ғана жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан азат екенін әлемдік державалардың лидерлерінің жиынында айрықша атап өткен.

«ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керек», дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыров Елбасы бастамаларының аса маңызды екенін айтады. Әлем елдерінің көшбасшылары президенттің «Әлем. XXI ғасыр» манифестінде айқындалған міндеттерге жұмыла кіріскені абзал. Геосаяси мәселелер бұған өз ықпалын тигізбеуі тиіс, дейді сарапшы.

Егер шынымен де үлкен ядролық державалардың бірі ядролық кнопканы басса – ешкімге де жақсылық болмайды. Мысалы, Ресей Америкаға қарсы басса, немесе Америка Ресейге қарсы басса, оның зардабы сол елдерге ғана тимейді, бүкіл әлемге, жалпы адамзатқа орасан зиян тиіп, үлкен қиянат болар еді. Сол себептен әрине, бұл ядролық арсенал қанша жерден үлкен күш болса да, адамзат одан бәрібір де бас тартуы керек. Және де біздер біздің Қазақстан сияқты мемлекетіміздің, оның президентінің әлемді бейбітшілік, тыныштық пен аманшылыққа бастайтын игі бастамаларын қолдауымыз керек, дейді сарапшы.

Соңғы жылдары мұсылман елдерінің арасында да тұрақсыздық туындады. Бұл жағдайға президент Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде кеңінен тоқталған. Сөйтіп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ислам әлемінің тату-тәтті күн кешуін көздейтін Стамбұл декларациясын қабылдаған.

Әлемде ядролық қасірет енді қайталанбауы керек. Жер-жаһанның саясаткерлеріне осылай деп үндеу жолдаған Елбасы жаппай қырып-жою қаруларының көлемі жағынан төртінші болған еліміз оларды сынау жұмыстарын түгел тоқтатқанын жүрген жерінде насихаттаудан танбай келеді.

Әлемді дағдарыс қыспаққа алған кезеңде адамзат балсының алауыз болуы ешкімді пұшпаққа шығармасы тағы анық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз