Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
13
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақстан әскері – Путиннің қолшоқпары ма? Мамандар пікірі

Досым Сәтбаев

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

– Қазақстан қазір осы мәселеде араағайындық танытушы модератор имиджін түзіп жатыр. Ал Сириядағы әскери қимылға Қазақстанның күшін қолдану туралы идея Астана процесінің бүтін мазмұнын жоққа шығарады. Бұл кімге керек өзі?

Мұндайда Сирия шиеленісінде Қазақстан Ресейдің әскери одақтасы ретінде көрініп қана қоймай, бүкіл мұсылман әлемі мен Батыс елдері бізге қарсы шығып, өре түрегеледі.

Бұдан соң біз мақтанғанды жақсы көретін көпвекторлық саясатымызбен қош айтыса берсек болады. ҚР сыртқы істер министрі бұл ретте жылдам әрекет етіп, өз көзқарасын жариялау керек. Біз соны күтіп отырмыз, – деді ол.

Ресейдің олай деуге қақысы жоқ

Саясаттанушы Айдос Сарым Сириядағы шиеленіске басын тыққан біз емес, Ресей, ендеше араға Қазақстанды қыстырмай өз мәселесін  өздері шешсін дейді.

Айдос Сарым

– …Путин мұндай ойды Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдермен келісті деп ойламаймын. Бұл мемлекет өзі дегендерді ешқашан аяған емес. Жалпы,

бұл Қазақстан ішіндегі лаңкестіктің жаңа бір толқынын тудыруы ықтимал.

Бөтеннің соғысына қатысты деген айыптың арты жақсылыққа апармайды. Араағайындық рөліміз де жайына қалады. Сунниттермен қарым-қатынас әбден бүлінеді. Батыспен де арамыз бұзылады. Әлемнен оқшауланған Ресеймен бірге шыңыраудың түбіне біз де кетеміз ондайда.

Ресейге ешкім тікелей шабуыл жасаған жоқ, сондықтан ол өз „ойындарына„ бізді араластырып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы міндетімізді ілік ете алмайды.

Жалпы, бұл жауып қоятын тақырып емес, ашық талқылау болу керек бұл арада, деп жазады Facebook-тегі жеке парақшасында.

Көп ұзаған жоқ, жағымсыз хабарға қоғам өкілдері берген реакциядан соң арада 2 сағат өткен соң ресми мәлімдемелер жасалып та үлгерді. Алдымен ҚР Парламенті, одан соң ҚР Сыртқы істер министрлігі ресми ұстанымын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев

Сирияға әскер жіберуді БҰҰ ғана шеше алады

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «Саясат» порталына берген сұқбатында Ресейден мұндай ұсыныстың ресми түрде келіп жетпегенін айтып, бұл мәліметті жоққа шығарды. Дегенмен ол, тіпті Қазақстан әскері Сирияға жіберіліп жатса, не болатынын долбарлап айтып көрді.

«Бұл мәселеге қатысты ешқандай мәлімдеме жасай алмаймын. Өйткені, бізге ресми түрде мұндай  ақпарат келіп жеткен жоқ. Тіпті, сондай ұсыныс болып, Қазақстан әскерилері Сирияға барған күннің өзінде олар қандай да бір тараптың жағына шығып, әскери қақтығыстарға қатыспайды.

Қазақстандық әскерилер БҰҰ қамқорлығының аясында жүріп жатқан бейбіт миссияларға ғана қатысуы мүмкін.

Тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияға қандай да бір елдердің әскерилері бейбіт миссия орындауға барсын деп шешім қабылдаса, сол миссия аясында атқаратын нақты шараларды бекітсе ғана бұл мәселені қарастырамыз. Ал, біздің сарбаздарды аталған соғысқа жөнелту мәселесі әзірге көтерілген жоқ. Біздің елдің заңнамаларына сәйкес, біз әскерилерімізді Сирияға тек бітімгер ретінде ғана жібере аламыз», – деді Әшімбаев.

Қайрат Әбдірахманов

Бұдан соң осы мақала жазылып жатқанда ҚР Сыртқы істер министрлігі де ресми мәлімдеме жасады.

“Астана процесі – біздің еліміздің Сириядағы қақтығысты реттеуге қосып жатқан үлкен үлесінің белгісі.

Қазақстан Сирияға өз әскерін жіберу туралы ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ.

Сириядағы төрт аумақтың қауіпсіздігі мен тиімділігі жайлы мәселе қазір талқыланып жатыр. Бұл туралы және басқа да мәселелер туралы Астанада 4-5 шілдеде өтетін кездесу барысында талқыланады”, – деп мәлімдеді ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ресей Қазақстан мен Қырғызстан әскерилерін Сирияға жіберу туралы ұсыныс айтты деген мәліметке қатысты пікірінде.

Демек, бұл сыбыс болды ғой. Мүмкін жат пиғылдылардың да арасындағы бір әңгіме шығар. Бірақ бұл мемлекеттердің ресми ұстанымын білдірмейді.

Саясаттанушы Ерлан Қарин ақпараттық соғыс жағдайында өте абай болып, өзгенің емес, тек өзіміздің ресми мәліметтерге сеніп, сүйенген дұрыс екенін айтады.

“Мына жағдайда тек қана қазақстандық ресми ақпарат көздеріне жүгінген дұрыс. Кезінде Еуразиялық парламент тақырыбы төңірегінде де солай болған. Ұсынылды, талқыланды деді, ал шын мәнісінде біз тараптан ондай тақырып мүлдем қарастырылмады. Сондықтан, әртүрлі ресми емес акпаратқа сене берудің керегi жоқ”, – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз