Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Қазақ хандығының мәнін кешегі кеңестік шаблондармен түсіндіруді тоқтату керек

Сана мен нәпсіні тірілтетін ұят болса, сол ұят, ар деген қуат басымдыққа ие болуы тиіс. Сол сана мен нәпсі қазақ деген болмысты тұншықтырып жатыр. Өсірмей, біріктірмей, жан-жаққа тартып жатыр.

Оған да білім, таным, сезім, сенім мен іс-амал керек. Білім мен танымды алыстан арқаламай-ақ қояйық, ол біздің жүріп өткен тарихымызда тұнып тұр.

Ал әзірге тарих, танымы мен иесін, жолы мен дәстүрін, тәжірибесін таппай отыр. Тарих ол мәдениеттің бөлінбес қабаты.

Мәдениеттің, ұлттың уақыты мен кеңістігі, тынысы мен тіршілігі, тәжірибесі, мұраты мен еркіндігі. Ал мәдениеттің мазмұнында дін бар. Бізде тарихи таным кешегі марксизммен уланған.

Тарихи сана ол бүгінгі қазақтар. Не ұлт, не халық, не мәдениет екендіктеріне көздері жетпей жүрген. Себебі тарихи тәжірибесі мен тарихи танымы үйлеспей жатыр.

Үшеуі (тарихи сана, тарихи таным және тарихи тәжірибе) үш жаққа тартады. Қазақ болмыс ғылыми танымдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да назардан тыс қалып отыр. 

Тарих, мәдениет, дін және адам осы төрт қабат ұлттың баяндылығы мен болашағының тұғырлары. Оны тарих философиясы тұрғысынан тарихи тәжірибе, тарихи таным, тарихи сенім мен тарихи сана ретінде тұтастандырып қарастырмайынша, мына елдік те, қазақ ұлттығы да, мәдениеті мен намысы да оянбайды. Мұндай ұрпақты кез келген дауыл өз арнасына тартып алып кетеді.

Кеңестік тарих жазу үлгісінде мән, рух болмады. Рухсыз тарих жазу ұрпақты рухсыздандыру болады.

Ол кешегі тарихи материалистік диалектикалық методқа негізделген түсіндірме еді. Сол қалыптан шығу үшін тарихты қайта түсіндіретін методология керек. Ол руханиятсыз, құндылықсыз және болмыссыз мүмкін емес.

Себебі тарих ол рухани әлем. Ал маркстік диалектикалық тарих уағызын мыжып отыру мына қазаққа жасалған қиянат, сатқындық. Тарихқа жаттану.

Бүгін ширек ғасырлық егемендік тарихымызда «жаңа тарих, жаңа көзқарас, жаңа тарихи таным» бағдарын қалыптастыра алмағандығымыз өкінішті. Өзі кез келген танымның бірінші әрі басты функциясы түсіндіру екені мәлім.

Бүгінгі тарихи таным қазақ хандығының мәнін кешегі кеңестік шаблондармен түсіндіруді жалғастырып отырса, онда бүгінгі егемендік, елдік пен ұлттық құндылықтарды негіздеп, «Мәңгілік ел» мұратына бағдар болатын басты ғылыми-танымдық қабат тарих ғылымы саласы сол қалпы сіресіп тұрса, посткеңестік идеологиялық бағдарлардан қалай айығамыз?

Бұл теориялық танымдық проблема қазақ тарихына, мәдениетіне, өркениетіне деген құндылықтық бағдар ретінде күн өткізбей қолға алынуы шарт.

Әлем өзгеріп жатыр, жахандық қысым еселеп артып келеді, елдің ертеңі мен баяндылығы оның құндылықтық негіздеріне байланысты. Ал біздегі тарихи таным сол констант күйінде, кешегі кеңестік сананың жәдігері (тірі экспонаты) іспетті әлі дәріптелуде. Бұл ең алдымен мына мемлекеттілігіміздің құрушысы қазақ ұлтына деген жауапсыздық, бүгінгі еліміздің ертеңіне деген немқұрайлылық болмақ.

Досай Кенжетайдың фейсбуктегі жазбасынан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз