Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
3
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында қандай мәлімдемелер жасады

536
Tengrinews.kz

Президент білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласын білдіре отырып, конференцияда ең маңызды мынадай мәлімдемелер жасады.

Алдағы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы 2 есеге өседі

«Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады. Мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сол себепті елдегі 500 мың педагог айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отыр. Мұны тура айту керек», – деген Мемлекет басшысы ұстаздардың қазіргі еңбекақысына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын», – деді Президент.

Педагогтарға қысым болмауы тиіс

«Нақты мысал – 2018 жылы “сертификаттаудың” өткізілуі. Нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы шекті деңгейден өте алмай қалды. Мұғалімдердің дайындық деңгейін бағалаудың оң идеясы салғырттықпен әрі біржақты жүзеге асырылды. Мұндай бейіндегі квазиреформалар мұғалім мамандығы мәртебесінің төмендеуіне алып келеді. Педагогтардың еңбек жағдайлары да бақылаушы құрылымдарға арналған есептердің үнемі ұлғаюынан айтарлықтай нашарлай түседі», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті педагогтар мен оқушыларға жаңартылған білім мазмұны аясындағы білімді бағалау жүйесі де психологиялық жүктеме болып отырғандығын баса айтты.

«Теріс нәтиже болған жағдайда педагог оқу орнының басшылығы тарапынан қысымға ұшырап жатады. Себебі төмен баға мектеп рейтингіне теріс әсерін тигізеді. Бағалау жүйесінің қажет екендігі сөзсіз. Бірақ, бұл жерде салмақты әрі объективті қарау керек. Бұған қоса, педагогтарға қысымды болдырмау қажет. Жергілікті әкімдіктердің өздерінің өкілеттіктерін жиі асыра пайдаланып, білім беру жүйесіне ешқандай қатысы жоқ түрлі шараларға, әкімшілік мақсаттарға мұғалімдерді жұмылдыру тәжірибесі де тиылмай отыр. Үкіметке аталған проблемаларды шешу бойынша шұғыл, тіпті түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім министрлігі ЖОО-ларға қоятын талаптарын қайта қарауы керек

«Әрбір ата-ана баласының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл өте дұрыс қалау әрі құбылыс. Бірақ, бүгінгі күні еңбек нарығындағы келешек түлектің қажеттілігі мәселесі барынша өзекті болып тұр. Ол үшін жоғары оқу орындарында білімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету қажет. Оқу процесінің сапасын көтермей білім гранттарын кезең-кезеңімен ұлғайту игіліктен біртіндеп іске қосылатын «минаға» айналып кетуі мүмкін”, – деді Қазақстан Президенті.

Сондықтан Мемлекет басшысы жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеміз деп жүріп оның девальвациялануына жол беріп алмау қажеттігін ескертті.

“Үкімет мемлекеттік гранттардың бағасы мен олардың қазіргі шынайы өмірге сәйкестігі мәселесін тыңғылықты зерделеуі қажет. Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына қоятын талаптары мен нормативтерін қайта қарауы керек. Мәселен, жоғары оқу орындарының оқытушыларына студенттер санының арақатынасына қатысты талап салдарынан штаттар жасанды ұлғайтылуға мәжбүр”, – деді Қ.Тоқаев.

Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру

«Мемлекеттік емес мектепке дейінші шағын ұйымдарда көп жағдайда тәрбиелік-білім беру процесі жоқ деуге болады. Тәрбиешілер мемлекеттік жалпыға ортақ стандарттарды сақтай бермейді. БАҚ арқылы біз балаларды сабау, олардың жайсыз жағдайда ұстау жайлы жағдайларды естіп жатамыз. Осы ретте мектепке дейінгі білім беру және тәрбие беру сапасын арттыру бағытында Үкіметке бірқатар шараларды, әсіресе заңнамалық шараларды қабылдауды тапсырамын. Бұл – басымдыққа ие тапсырма деп біліңіздер», – деді Президент.

Ағылшын тілін оқытуда ата-аналар қалауы ескеріледі

«3 тілді жүйеге көшу, оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреу болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай бесінші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», – деді Президент.

Суицид жағдайлары алаңдатады

«Балалар мен жасөспірімдер ортасындағы суицид жағдайлары – бәріміз үшін қасірет. «Балалар неге ондай қадамға барады» деген сұрақ бойынша бәріміз ойлануымыз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуы тиіс», – деді Президент Тамыз конференциясында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің ортақ мақсатымыз – оптимистердің жаңа буынын тәрбиелеу екенін атап өтті.

«Жас буынның жігері өткір, өмірлік қиындықтарға бекем болуы тиіс. Басқаша болмауы керек», – деді Президент.

Барлық педагогтардың еңбек демалысы 56 күнге дейін көбейтіледі

«Педагогтардың мәртебесін шынайы көтеруді қамтамсыз ету маңызды. Қазір айтып жатқанымыздың барлығы мұғалімдерге байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін педагогтардың жоғары мәртебесіне сөз жүзінде қол жеткізуіміз керек. Педагог мәртебесі туралы заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Бұл ұстаз жүктемесін қысқарту, ар-абыройының сақталуына кепіл беру, материалдық ынталандыру… Соның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистрлік деңгей үшін қосымша төлем және өзге де ынталандыру шаралары бар», – деді Мемлекет басшысы.

Техникалық және кәсіптік білімді дамыту жайлы

«Тағы бір маңызды мәселе – уақыт пен еңбек нарығының талабына сай арнайы орта білім беру оқу орындарын жаңғырту. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, колледждерде басымдық тек материалдық-техникалық қамтамасыз етумен ғана жұмыстың бәрі шектеліп қалатынын көрсетіп отыр. Бұл – ресурс жағынан шығынға ұшырататын әдіс. Үкіметке техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дамуына кешенді түрде жақындап, колледждерді сенімді басқармаға ауысуында стратегиялық басымдықтарды анықтауды тапсырамын», – деді Президент Тамыз конференциясында.

Бұл ретте Мемлекет басшысы дуальды оқытуды дамыту, түлектерді жұмысқа тұрғызу жұмысына маңыз беруге шақырды.

«Бұл жерде мен жақсы мысал ретінде Атыраудағы мұнай саласының кадрларын дайындайтын колледжді айтар едім. Жұмыс сапары кезінде ол колледжге барып қайтқанмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз