Алматы полицейлері орталықта Toyota Camry көлігін тоқтатып, күтпеген олжаға тап болды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ер адам қатты қобалжып, телефонынан бас көтермеді. Жүксалғышта “Байкал” травматикалық тапаншасы, оның патрондарының қорабы, екі жұп автономер, рация және 100 долларлық купюралардың бірнеше бумасы бар.
Оқиға орнына көлік иесі шақыртылды. Ол да, жүргізуші де жүк салғыштағы заттар оларға тиесілі емес екенін мәлімдеген. Кейінірек шетелдік автокөлік есептен алынғаны, тиісті түрде тіркелмегені анықталды.
Жүргізушіге және автокөлік иесінің үстінен әкімшілік хаттамалар жасалды. Ер адамдар Медеу аудандық полиция басқармасына, Toyota — айыппұл тұрағына жеткізілді.
Оқиға бойынша газды қаруды заңсыз тасымалдау туралы қылмыстық іс қозғалды.