Кеше Қарағандыдағы Гоголь көшесінің бойындағы көпірден секіріп өлмек болған ер адамды полиция қызметкері құтқарып қалған. 41 жастағы ер адам жұмыссыздықтан шаршап, осындай қадамға барғысы келгенін айтқан, деп жазады Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.
«Қарағанды қаласы ІІБ-нің жедел басқару орталығына 15 қараша күні түнгі сағат 23:30-да 1976 жылы туған ер адамның көпірден секіріп кетпек болғаны жайлы ақпарат түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері өзін өлтірмек болған қала тұрғынынан райынан қайтуын өтінген. 41 жастағы ер адам өмірден шаршағанын, оны ешқандай жерге жұмысқа алмайтынын айтып, журналистердің келуін талап еткен», – дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Жұмыссыздық салдарынан өз өмірін қиғысы келген қала тұрғынын дәрігерлер тексерістен өткізу үшін ауруханаға алып кеткен. Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметкерлер ер адамның жұмыссыздық статусы бойынша есепте тұрған-тұрмағанын, оған бұған дейін қандай да бір бос жұмыс орны ұсынылған-ұсынылмағанын анықтап жатыр.