Қарағанды облысында полицейлер бағалы металдарды заңсыз иемденген екі ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Бұл топтар ірі өндірістік кәсіпорыннан тауарлар мен жанар-жағармай ұрлап, оны заңсыз жолмен өткізіп отырған.
Мамырдың ортасында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары арнайы операция жүргізіп, кәсіпорын қызметкерлері мен күзетшілердің сөз байласу арқылы бірнеше ай бойы ұрлық жасап келгенін анықтады.
Айдың соңында полицейлер тағы бір топты құрықтады. Олардан 17 тонна мыс концентраты, өндірістік құралдар, құжаттар мен ақшалай қаражат алынды.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде.