Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
16
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Қарағанды облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 тұрғын үй салынып жатыр

Келесі жылы Қарағандының «Панель Центр» шағын ауданында 7 нысан, «Оңтүстік Батыс» шағын ауданында тоғыз қабатты 5 үй салынады. Балқаш қаласының №10 шағын ауданында екі үй салу жоспарланған. Олардың әрқайсысында 45 пәтерден болады. Жезқазған қаласында 30 пәтерлік алты қабатты үй тұрғызылады. Ол Гагарин көшесінде бой көтереді деп жоспарлануда. Қарағандыдағы пәтерлердің шаршы метрі 140 мыңға бағаланса, Балқашта 90 мың, ал Жезқазғанда шаршы метрі 100 мың теңгеден сатылмақ.

«Қарағанды облысында несиеге берілетін 15 тұрғын үйді салу үшін мемлекет бюджетінен 1 миллиард 526,2 миллион теңге, кейіннен қосымша 5,2 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта аталған нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша келесі жылы облыста 2 292 пәтер пайдаланылуға берілмекші», – дейді Қарағанды облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тайхан Қалмаханов.

Пайдалануға берілетін пәтерлердің елу пайызы жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрғандарға беріледі. Бірақ олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары болуы тиіс, яғни қазірден бастап банкте шот ашып, пәтерге қаржы жинай беруі керек. Қалған пәтерлер аталған банктің салымшыларына берілетін болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтер алғыңыз келсе баспана құнының 30 пайызын жинау жеткілікті.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашу үшін банктің кез келген бөлімшесінде кеңесшіден кеңес алуыңызға болады. Депозит ашу үшін минималды сома – 15 мың теңге көлемінде ақша жеткілікті. Қаржыны банктің депозитінде жинауыңызға немесе шотыңызды бірден толтыруыңызға болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 5 пайыздан аспайды», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Қарағанды облыстық филиалының директоры Гүлнар Дабылова.

Гүлнар Дабылованың айтуынша, баспанаға қаржы жинауға банк қана емес мемлекет те көмектесетін болады. Жыл сайын салымшының шотына банк тарапынан 2 пайыздық сыйақы берілсе, мемлекет 20 пайыздық сыйлықақы аударады. Бұл сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 453 800 теңгеден аспайтын депозитке беріледі. Бұл дегеніңіз салымшы жылдың соңына дейін депозитін аталған сомаға толтыра алатын болса 90 760 теңге көлемінде сыйлықақы ала алады деген сөз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз