Күн-түн демей жолаушы таситын такси жүргізушілеріне тықыр таяды. Енді олардың қалааралық бағытта 50 шақырымнан артық қашықтыққа жол жүруіне тыйым салынуы мүмкін. Ал қалада сегіз сағаттан артық жолаушы тасымалдай алмайды. Таксилерге талаптың күшейетіні туралы көлік министрі мәлімдеді.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұйқысыз жұмыс істейтін такси жүргізушілері жол апатына жиі себеп болады. Көбірек пайда табуды көздегендер бір қаладан екінші қалаға адам әкеліп, кері қарай жолға шығып кететіні жасырын емес. Ал өзге елдерде белгілі такси платформалары жүргізушілердің қала арасында қатынауына рұқсат бермейді. Сондықтан бізде де жолаушы таситын жүргізушілердің жол жүру қашықтығын шектеу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Жаңа енгізіп жатқан тәсілдердің бірі бұдан бұрын кісі бір кісінің атына тіркейді, сегіз сағат, жаңағыдай ұйықтайтын уақытында белгілі мерзім өткен соң, басқа кісі тағы да сол бірде бір аккуантты қолдануға мүмкіндік болатын жағдайлар болған еді. Сондай жағдайларды болдырмау мақсатында қазір индрайвердің ұсынып отырған шаруасы, телефонға face ID ретінде кіретіндей, әрдір жүргізуші осы индрайверді қолданушы, өзінің жүйесіне кіруден бұрын face ID міндетті түрде өту мәселесін қарастырып жатыр», – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Тағы бір ұсыныс – рөлі оң жақтағы көліктерді Индрайверге тіркемеу. Сонымен қатар, автобустар мен автокөліктер үшін орташа жылдамдықты бекіту. Қазір тиісті норма енгізілген заң жобасы Сенаттың қарауында жатыр.
«Бізде екі қаланың арасында тұрақты қатынайтын автобустар 2020 жылдан соң жоғалып кетті. Өйткені пандемия кезінде көп адам цифрлық технологияға өтті де, соның ішінде Индрайвер күшті болып, қазір халық екі қаланың арасында жүретін автобустарға бармай жатыр. Такси ыңғайлы, өйткені үйінен алып кетеді, одан соң тезірек жеткізеді», – дейді ведомство басшысы.