Жазғы маусым басталғалы бері «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жылжымалы комиссиясы шамамен 140 құқықбұзушылықты анықтады. Олардың ішінде алты билетсіз жүру дерегі және рәсімделмеген 135 килограмм багажды тасымалдау жағдайы тіркелді.
Мұндай деректер «Алматы-Жезқазған», «Қызылорда-Семей», «Өскемен-Алматы», «Астана-Жезқазған», «Ақтоғай-Аягөз» және «Астана-Көкшетау» бағыттарында анықталған. «Тексерулердің қорытындысы бойынша кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп нақтылады компанияның баспасөз қызметі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясында тексерулер жүйелі сипатқа ие екенін және тасымалдау қағидаларының сақталуын күшейту үшін барлық бағыттарда жалғасын табатынын атап өтті.