Түркістан облысында қайырымды жандар игі істің ұйытқысына айналды. Бір топ азамат баспанаға қол жеткізе алмай жүрген отбасыларға тұрғын үй құрылысын бастап кетті. Ел құптарлық бастамаға ауқатты азаматтар мен қарапайым тұрғындар да атсалысып жатыр.
Бұл туралы Еуразия бірінші телеарнасы хабарлады.
Халқымызда “Игі істің басына жақсы келер қасына” деген қанатты сөз бар. Ордабасы ауданында қолға алынған бастаманы ел жаппай қолдап жатыр. Солардың бірі – Сәуле Жаңбырбаева. Алты баланың анасы осыдан он жыл бұрын Өзбекстаннан қазақ жеріне табан тірепті. Отбасымен қоныс аударған жалғызбасты ана әлі күнге баспанаға мұқтаж екен. Қайырымды жандардың игі ісін отанасы жақсылыққа балап отыр.
«Осы үйге кезекте тұрмын. Балаларымның несібесі үшін осы үйді алсақ болар еді. Күйеуім қайтыс болып кеткен. Өзім Өзбекстаннан келдім. Осы 6 баламен пәтерден пәтерге көшіп жүрмін. Осы үйді ертерек берсе. Шаршап кеттім шынымды айтсам осы балалармен» – дейді жалғызбасты ана Сәуле Жаңбырбаева.
«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған Қазақстан ұрпағымыз. Бүгінде Шұбар су ауылында халық көп. Көп болғандықтан жетім-сағырлар мен байларымыз бар. Барлығы да өзіміздікі. Сол себепті осындағы жас-кәріміз бар барлығымыз осындай қайырлы істі қолға алдық» – дейді ауыл имамы Өмірбек Қарабаев.
Бастамашыл топ ең алдымен жер телімдерін сатып алып, оның құжаттарын заңдастырып жатыр. Содан кейін, құрылысын бастайды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, болашақта бұл жер тұтас ауылға айналмақшы екен. Себебі, 70 үйдің құрылысы қатар жүргізіледі.
«Осы үйді тұрғызып жатқан азаматтар керемет жағдайлары жақсы болмаса да, ауылдағы жетім-жесірлер мен мұқтаждарға өз шамалары жеткенше үй тұрғызып жатқаннан кейін біз де қол ұшын берейік деп келдік. Жалпы дүние жақсы адамдардан тұрады. Осындай жақсы азаматтардың бастамасын әрі қарай ауыл болып, ел болып жалғастырып кету керекпіз» – дейді Ордабасы ауданының тұрғыны Құнанбай Мұсаев.
Қазір, асарлатып салынып жатқан үйлердің жаңа иелеріне тізім жасақталып жатыр. Ең алдымен, асыраушысынан айырылған отбасылар мен жетім-жесірлерге басымдық беріледі. Одан кейін, тұрмысы төмен жандар тізімге ілігеді.