Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов бүгінгі күннен, 28 сәуірден бастап барлық алматылықтар мен облыс тұрғындары өздерінің қала ішіндегі, немесе оның сыртындағы саяжайларына бара алатынын хабарлады.
Ерлан Қожағапановтың айтуынша, ұсынысты қабылдауда саяжай иелерінің басым көпшілігі егде жастағы адамдар екені және олардың электронды өтініш беруде қиындыққа тап болатыны ескерілді. Сондықтан тексеру үрдісі мен ережелерін барынша жеңілдету туралы шешім қабылданды. Өзімен бірге саяжайдың бар екенін растайтын құжаттың болуы жеткілікті
— Сондай-ақ көптеген саяжайлардың тиісінше пайдаланылмайтынын түсініп отырмыз. Ішінара тексеру жүргізетін боламыз. Егер өрескел бұзушылықтар анықталса, қатаң жаза қолданамыз. Саяжай учаскелері мен олардың құрылысын тексереміз.
Саяжайға өзінің көлігімен баруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, арнайы автобустар қажет еткен адамдарды блокбекеттерге дейін жеткізеді. Ары қарай саяжай иелері Алматы облысының қоғамдық көліктерімен керек жерге жете алады. Жаяу немесе автокөлікпен жүруге рұқсат. Машинада тек үш адамның, саяжай иесі мен тағы екі адам болуы керек.
Құжаттарды өкілетті полиция қызметкерлері тексереді.