Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
-10
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Кәрімов туралы хабар біздегі ақпарат кеңістігін Ресей билеп-төстеп отырғанын көрсетті

Саяси ғылымдардың докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Facebook-тегі жеке парақшасында осындай мәселе көтерді.

– Біріншісі. Әлеуметтік желіні қолданушылар Ислам Кәрімовтің сырқатын қайғырып қабылдап, өзбек халқына көңіл білдіріп, екі ұлттың тамырлас-бауырластығы, ортақ тарихы мен дәстүрін өзара талқыға салды. Тіпті, Кәрімовтің қандай адам екендігіне келгенде дауласып та жатты.

Мұндай сөзталас бекерден пайда болмайды. Демек, біздің қоғамның әлеуметтік-тарихи мәліметтерге деген сұранысы ақпарат құралдары тарапынан үнемі дер уақытында қанағаттандырылмайды. Бұл, өкінішке қарай, біздегі тұрақты құбылыс.

Екіншісі. Ақпараттық технология қарыштап дамыған ХХІ ғасырда біз өзімізбен іргелес жатқан елде не болып жатқанын біле алмаймыз. Қазақстанның хабар тарату желісінде айналасындағы мемлекеттердің, тым құрымағанда, кабельдік таралымының болмауы масқара жағдай ғой.

Бұл, Қазақстандағы хабар тарату арнасын Ресейдің билеп-төстеп отырғанын тағы бір мәрте ашып көрсеткен жайт болды.

Біздің адамдар көрші елдердің саясаткерлеріне қарағанда, ресейлік арнаның арзанқол бағдарламалары, олардың Бузова сынды, бір грамм мәдениеті жоқ жыртақой жүргізушісі жайлы көбірек біледі. Бұл, әрине, нонсенс.

Мир-ТВ, бұл ретте, өзіне жүктелген міндетті атқара алмай жатыр.

Біздің адамдар қандай да бір елдегі оқиғалар туралы сол мемлекеттің халқының көзқарасы, сол елдің тіліндегі мәлімет арқылы танысқысы келеді. Қаласақ – өзге тілді түсініп аламыз. Ал мәліметтерді әбден сығымдап, бір журналисттің көзқарасымен өлшенген ақпараттың, қазіргі таңда, ешкімге де керегі жоқ.

Негізінен, қазақстандықтар пультті басып, іргелес жатқан барлық елдің телеарнасын көре алатындай болуы керек.

Қазақстанның кабельдік хабар тарату желісіне болашақта Әзербайжанның, Моңғолияның, Ауғанстанның, Иранның, Укаринаның, Татарстанның, Башқұртстанның, Беларусь пен Қытайдың телеарналарын қосу керек деп есептеймін.

Бұл – баяғыдан шешімін таппай келе жатқан мәселе. Кәрімовтің сырқатына байланысты оны тағы бір мәрте қаузасақ артықтығы жоқ деп есептеймін.

Mukhit-Ardager Sydyknazarov, Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазбасы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз