Көкпардан ақтық сайыста қазақ жігітін аттар таптап кетті (фото)

Қырғызстанда өтіп жатқан ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан ақтық сайыста Қазақстан мен Қырғызстан командалары күш сынасты.

І-орынға талас додада қазақ спортшысы Əбдуғали Əбжапаров ат астында қалып, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды BNews.kz.

Ойынның бірінші таймында қазақ жігіті көкпарға қол созып таласқанда, аттан сыдырылып түсіп, өзге аттардың астында қалып кетті. Оның миына зақым келген, сынған жерлері де бар көрінеді.

Дәрігерлер көмекке келгенде ол ойыннан шығудан бас тартқан. Алайда екінші тайм соңында ол өзін өте жайсыз сезініп, дәрігерлер оны шұғыл түрде ауруханаға алып кетті.