Нұр-Сұлтан
Қазір
23
Ертең
18
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Әй, Activ-ай! Олар орысша білмейтін қазақ келсе, қиналып қалады екен!

101

Құдай біледі, бізде өз қызметкерінен мемлекет тілді білуді талап ететін жұмыс беруші, басшы жоқ шығар.

Қазақша “түк қақпай-ақ” мемлекеттік қызметкер бола алатын елміз ғой. Қазақ тілін білмесе де өз жұмысын дөңгелете аларын сезеді, себебі.

Солар қазақша білмейтін қызметкерінің өзіне тиесілі жұмысты толық атқармайтынын біле ме, бірақ?

Мен ұстазбын. Университетте қазақ тілін білмейтін мұғалімдер өздері жасауға тиісті қазақ тіліндегі қағаздарды, қазақ тілді мұғалімдерге жасап беруін өтініп жүргенін күнде көріп жүрмін. Ал, жеке кәсіп орындарында ше?

Кеше телефон нөмірімді қайта қалпына келтіру үшін Activ орталығына бардым. Талон алдым. Шақырды.

– Нөмірімді қайта қалпына келтіріп бересіз бе? Жоғалтып алып едім.

– Орыс тілінде айта аласыз ба?

 – Мен орысша білмеймін, қарындас.

Қазақша түсінбейтін әлгі қыз бір жаққа жүгіріп кетті де қайта оралды. “Күте тұрыңыз” дейді. Бір уақытта келіп, мені басқа терезедегі қазақ жігітке ертіп барды. Қазақ жігіт менің жұмысымды жасап жатқанында, ол жігіт қабылдауға тиісті адам келіп, маған ренжіді.

– Сен неге менің кезегімді аласың? Міне, нөмірім. Кезегім келді. Әне, қызыл жанып тұр? Көрдің бе?, –  деп зіркілдеді.

Міне, қазақ тілін білмейтін қызметкердің кесірінен мен сөзге қалдым. Мені ары-бері жүгіртті. Қанша уақыт жоғалттым. Тағы бір тұтынушысын мен сияқты күттіріп қойды. Жоқ, мен оған қасарысқам жоқ. Мен шынымен де орыс тілін білмеймін.

Демек, қазақ тілін білмейтін қызметкер, кәсіпорынның өзі істемеген жұмысына еңбекақы алады, сонымен бірге жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Ендеше,

кез келген кәсіп иесі өз жұмыс өнімділігін арттырам десе, қызметкерінен қазақ тілін білуді талап етуі керек.

Неге?

Себебі, қазақ тіліне деген сұраныс күн санап артуда. Осыны әрбір жұмыс беруші жақсы түсінетін кезі келген шығар.

Сосын бұл тек Актив компаниясына ғана қатысты емес. Көптеген халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік емес мекемелер дәл осы мемлекеттік тіл мәселесіне көз жұма қарайды.

Жоғарыда мұғалімдер туралы айттым. Мұғалімдерден ректор, проректорлар талап ете ала ма? Әрине, жоқ.

Өйткені олардың өздерінің қазақ тілін білетіні шамалы. Рас, айтамын. Мен бұл ортаны жақсы білемін.  Олардан мемлекет мемлекеттік тілді білуді талап етпегесін, олар да өз қызметкерлерінен талап етпейді.

Проректор, ректорлар – мемлекеттің қызметкері. Ал қазақ тілін білмейтін қызметкер жоғарыдағыдай өз міндетін толық атқармайды деген сөз. Мемлекет өзіне толыққанды жұмыс жасамайтын қызметкеріне артық жалақы бермеу үшін, өз қызметкерлерінен мемлекеттік тілді білуін талап етуі керек. Жеке кәсіпорындар сияқты, мемлекет те өз жұмыс өнімділігін арттыруды ойлайтын кезі келді.

altav39hbi5y5eaiypmf3dxaqlhh4unr6zmvzw1-2zmrak1

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз