Қаланың жаңа мэрі Раджидің бұл шешімі Ұлттық олимпиада комитетінің жоспарын бұзды. Бұл шараны өткізуге кем дегенде 6 млрд еуро қажет, ал Италия астанасының бұл күндері «қолы қысқа».
Жуырда қалалық кеңес қала мэрінің бұл шешімін толық қолдады. Әлбетте, бұл жаңалық кейбір саясаткерлер мен спортшылардың және тұрғындардың көңілінен шыға қоймады деп хабарлады шетелдік басылымдарға сілтеме жасаған 24.kz.
Енді үміткерлер қатарында қалған Париж, Лос-Анджелес пен Будапешт өз бақтарын сынап көрмек.
Вирджиния Раджи, Римнің мэрі:
– Олимпиада ойындарын өткізу үшін біз тағы да қарыздануға тиістіміз. Ол дегеніміз римдіктер мен жалпы итальяндықтар үшін қосымша жүк. Мұндай шешім қабылдауымыздың себебі де осы. Көп жағдайда ақша итальяндықтардың қалтасынан шығатын салықтан төленетінін көпшілік ескермейді. Әсіресе итальяндықтарға түк пайдасы жоқ жобаларды қаржыландыру жөнсіз.