Алматы полициясы Әуезов ауданындағы жол апаты орнынан қашып кетен Toyota Camry жүргізушісін тез тауып алды.
Алматы полициясы жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға сәрсенбі күні Алматы қаласы Әуезов ауданында түн ортасында болған. Полиция мәлімдегендей, жол апатына екі автокөлік кінәлі: Scoda жүргізушісі оқиға орнында қалса, Toyota Camry жүргізушісі қашып кетіпті. Екі көлік те Саин көшесімен солтүстікке қарай беттеп келе жатқан.
“Қашып кеткен жүргізушінің кім екенін бірден анықтадық. Ол Алматы қаласы Жетісу ауданының 1969 жылы туылған тұрғыны. Тұрғылықты мекен-жайына барғанымызда, ер адам үйінде болып шықты. Ол Саин көшесінде итті қағып кеткеніне сенімді болған екен. Қазір біздің бөлімше қызметкерлері Toyota жүргізушісін әрі қарайғы тергеу үшін тергеу басқармасындағы әріптестеріне тапсырды”, — деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімшесі бастығы, полиция подполковнигі Ерік Насырбеков.