Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
15
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

“Быт-шыт боласыңдар….”. Кислов не деп көкіді?

1312

Мылтықсыз майданның әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген Кремльдің «шибөрілері» Қазақстан билігін не түлен түрткенін түсінбей дал.

Назарбаев латын әліпбиіне көшетінімізді айтқаны сол екен, ресейлік БАҚ-тың Қазақстанға қатысты бетпердесі ашылып сала берді.

Ресейдің айтқанымен ғана жүрсек, сүйкімді екенбіз. Қалауымызға қарай жүріп-тұратын құқымыз жоқ екен.

Ферғана ақпараттық агенттігінің негізін қалаушы Даниил Кисловтың сөз сарыны соған саятын сияқты.

«Московский Комсомолецке»  сұхбат берген Кислов қалауынша көсіліпті.

“Бұл әліпби Қазақстанды ортағасырларға ысырып тастайды” деп, жаны ашыған сыңай танытыпты. Айтуынша, латын әліпбиі ғылымның, технологияның, коммуникацияның тілі емес. Түкке қажеті жоқ. Қазіргі қолданысқа татымайтын, санаттан шыққан, сұраныста жоқ әліпби.

Сөйдей отыра, қазақтарды сөзіме иландырам деп ойлады ма, әйтеуір, әліпбиден бас тартудың сан түрлі себебін алға тартыпты, әлгі Кислов.

– Қазақ ұлтшылдары тілін тартып сөйлесін. Қазақтар кириллицаға 1940 жылы өткен. Ал латынды 1929-1939 жылдардың аралығында, аз ғана тұтынды. Оған дейін араб қәрпімен жазды. Қызық-ей, бұлар…

Айтқандарын естідім. Жазғандарын оқыдым. Әлгі әліпбидің көмегімен Қазақстанды өркениетті елдердің қосынына қоспақ екен. Қайдағы өркениет? Әлегі көп оның. Керісінше, орта ғасырларға бір-ақ құлдырайды, – депті ол.

Мұнымен шектелсе, бір жөн.

Кислов осы мақсатқа жұмсалатын ақшаға жаны ауырып, күйіп-пісіпті. Дәп бір өзі қалтасынан шығаратындай, шыр-пыр болған екен.

– Ойлап көріңіз, миллион емес, миллиардтар кетеді. Әлемдік әдебиетті латын әліпбиіне көшіру оңай дейсіз бе? Қиын. Өте қиын. Ақша. Уақыт. Күш керек. Ақша таусылады. Уақыт та тапшы. Күш те сарқылады.

Қазақ билігінің уәжін тыңдадым. Иландыра алмады. Болашақ ұрпақ үшін жасамақшы екен. Мына түрімен бұлар елді екіге жаратын түрі бар. Былықтың көкесін сонда көресіз.

Кириллицада хат таныған буын латынша жазатын кейінгі ұрпақтың тілін түсінбей, ми қойыртпақ болады, – депті сәуегейсіген Кислов.

Латынға бізден ілгеріде көшіп үлгерген Өзбекстанды да айналып өтпепті.

Осыдан 25 жыл бұрын әліпби ауыстырған Өзбекстан кириллицадан әлі құтылмаған.

Мемлекеттік орындарда қағаз-құжаттар әлі күнге осы кириллицамен жазылады. Латынша хат таныған кейінгі буын екі ортада қалған. Олар оқыған тілде әдебиет атаулы атымен жоқ. Өзбектің өз әдебиеті де, әлемдік әдебиет те әлі күнге латынға аударылмапты.

Сөй депті Кислов. Сөй деп, сандырақтапты.

Сәлден соң, тағы да Қазақстанға көшіпті. Осы күнге дейін олардың (ресейлік БАҚ-ты айтамыз) Қазақстан президентін сынап жазғанын оқыған да, естіген де емеспіз. Иә, болған да шығар, жазған да шығар. Сонда да болса сирек-тін. Себеп жоқ-тын. Осы жолы бетпердесін сыпырған екен.

Тіпті, Кисловқа сауал қойған тілші бейтараптық сақтаудың орнына, Қазақстан билігінің латын әліпбиіне көшуін «авантюра» деп атапты. Отқан май тамызға түрі шығар деп, болжадық.

Мұны естіген Кислов, тіптен, елірген екен.

– Назарбаев түсінбей отыр. Әліпбидің әуре-сарсаңға саларын аңдағысы жоқ. Ол саяси-идеологиялық шешімдердің тұтқынына түсіп қалды. Жасы біразға келді. Осы күнге дейінгі ғұмырында атақ-марапаттың барлығын алды.

Бірақ, оған бәрібір де аз. Ертең артындағы елі елжіреп еске алатындай тарихта қалғысы бар. Назарбаевтың айналасында «әй, осымыз асығыстық болды-ау» деп айта қояр адам жоқ, – дейді Кислов.

Сөй деп келеді де Қазақстанның латынға көшуінен қауіп көрмейтінін айтады. Оның ойынша, бұл ұлы орыс тіліне, Ресейге, одан қалды Еуразиялық одаққа еш әсер етпейді.

«Интеллектуалдық һәм мәдени деңгейде деградацияға ұшырайтын қазақтар ғана» деп көкіпті.

«Орыс әлемінің» ақпараттық шабуылы осылай басталады. Бұл басы ғана…

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз