Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

ХХІ ғасырда бейбітшілік үшін табанды күрес керек

1149

Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестібейбітшілік ақиқатын ұсынған құнды құжат, әрі берекелі бастама. Аталған құжатта халықаралық терроризм мен милитаризм мәселесі қозғалып және олармен күресудің жолдары айтылған. Адамзатты шығынға ұшыратып қана қоймай, жер бетінен жойып жіберетін қауіпті қарудан бас тарту – әлем елдері үшін бейбітшілікке бастар батыл қадам екені де баяндалған.

Еліміз бұл бағытқа баса күш-жігер жұмсауын жалғастыруда және ядролық қаруды таратпау ісіне, толықтай алғанда біздің ғаламшарымыздағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Осы орайда Қазақстан мемлекетінің бірінші болып ядролық қарусыздықты енгізгенін және Украина мен Белоруссия мемлекеттерінің де өзінің жері аумағында ядролық қарудан бас тартқан алғашқы үш елдің қатарына кіргенін де айта кеткен жөн.

«XXI ғасыр: соғыссыз әлем» бағдарламасы бойынша, жаһандық стратегия үш басты қағидатты мазмұндауды талап етеді. Біріншіден, қарудың жаңа түрлерін дайындауға тыйым салу, екіншіден, ядролық қарудың барлық түрін сынақтан өткізуге тыйым салу. Өйткені қару сынақтан өткізілмесе, ол тиімсіз болады. Үшіншіден, қысқартудың мүмкіндігінше ең жоғарғы жиынтық жұмыстарын жүргізу, бір жағынан ядролық қарудың қоры, екінші жағынан аталған қаруларды халықаралық террористік ұйымдар немесе басқа тұлғалардың қолына жетпеу үшін қорғау формасын құру. Өйткені жаппай жою-қаруларын қолданудан тек қана әскери нысандармен қоса азаматтық нысандар да зардап шегуі мүмкін.

ХХІ ғасырда адам айтса сенгісіз ғылыми жаңалықтар ашылып, соңғы үлгідегі заманауи технологиялар жасалып жатыр. Адамзат баласы өз дамуының жаңа сатысына өтуде. Бір сөзбен айтқанда, әлем Төртінші өнеркәсіптік төңкерістіңтабалдырығында тұр. Алайда соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға өтіп үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі шындыққа айналуда.

Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлылары адамдарға болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі жан атаулының бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелділікпен ескерткен еді.

Айта кету керек, алғаш рет атом бомбасы АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерінде сынақтан өткізілді. Іс жүзінде ядролық қару алғаш рет 1945 жылы 6 тамызда қолданылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ ұшағы алғашқы атом бомбасын Жапонияның 350 мың тұрғыны бар Хиросима қаласына тастады, соның салдарынан 140 мыңнан астам адам ажал құшты. Жойқын жарылыс Хиросиманың 90 пайызына әсер етті. Екінші ядролық қару үш күннен соң Нагасаки қаласына тасталған болатын. Жарылыстан 75 мыңға жуық адам қаза тапты.

Кеңес Одағы 1949 жылы 29 тамызда Семей топырағында 22 тонналық ядролық бомбаны сынақтан өткізді. Мамандардың айтуынша, бұл жерде қырық жылда өткізілген сынақтардың ядролық заряды Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе ауыр екен. Бір айта кетерлігі, қырық жылда бұл жерде 470 ядролық қару, оның ішінде – 118-і жер үстінде, 352-сі жер астында сынақтан өткізілген. Бұл әлемдегі барлық ядролық сынақтың үштен біріне тең. Семейдегі соңғы ядролық жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекетке айналды.

2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылып, БҰҰ шеңберінде ірі ядролық державалар тарапынан осы аймақтағы мемлекеттерге күш қолданбау кепілдігі берілді.

БҰҰның 29 тамызды Ядролық сынақтар ға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауы да еліміздің ядролық қарусыздану мен бұл қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің бағалануы деуге болады. Сонымен қатар, 2015 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын ерекше атап өткен жөн.

2016 жылы 31 наурызда Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялағаны көпшілікке белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі бұл құжатты таныстырған соң манифест БҰҰ Бас ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.

Елбасының мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты саяси газетінде де жарияланды. Манифест кезінде Президент жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеудің маңызына тоқталды. Осылайша, жаһандық қауымдастық Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестіндегі үндеуіне құлақ қойып, ғалам елдерінің бар күш-жігері білекпен емес, білім арқылы қоғамның сан-саласы – экономиканы, ғылымды, денсаулық сақтауды, тағы басқаларын дамытуға бағыттады. Бұл шешім еліміздің бейбіт саясатты ұстанатынын төрткүл әлемге танытып қана қоймай, ядролық қаруы бар Франция, Ұлыбритания, АҚШ және Ресей секілді елдердің ядролық сынақтарға мораторий жариялауына әсер етті. Саммит аясында Қазақстан Президентінің авторлығымен шыққан «Әлем. XXI ғасыр» манифесті атауымен мүлдем жаңа құжат-парадигма жарияланып, ол бойынша БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ақ әлемдік ұйым жанындағы барлық мүше-мемлекеттердің Тұрақты өкілдеріне тиісті хат жіберілді. Кейіннен манифест БҰҰ Бас ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Мемлекет басшысының халықаралық қауымдастық алдындағы беделі мен Қазақстанның бейбітсүйгіштік ұстанымы баршаға үлгі болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың осы манифестінде айтылатындай, соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы:

«БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бастамасын ілгерілетті. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Оның барысында ХХІ ғасырда қиратып-бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру әректі жаһандық әлем қарсыластарының ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек. Бұл – шетін мәселе! Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар».

Бұл құжаттың халықаралық құқық тұрғысынан қарағандағы кейбір жекелеген тұстарын Құқық мектебі, Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институты университетінің (ҚМЭБИ) халықаралық және қылмыстық құқық жөніндегі ассистент-профессоры Сергей Саяпин былайша түсіндіреді:

— Мен өзімнің ғылыми және тәжірибелік салама байланысты «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті құжатындағы халықаралық құқық мәселелеріне тоқталайын. Бейбітшілік мен соғыс — факт жүзіндегі құбылыстарға ғана емес, заң жүзіндегі құбылыстарға да жатады. Сол себепті бейбітшілікке бағытталған бастамаларды халықаралық құқықтық құралдар мен тетіктердің көмегімен жүзеге асыруға әбден болады. Кейбір сыншылар мұндай бастамалар өміршең емес, одан іс жүзінде пайда жоқ-мыс дегендей пікірлерді жиі айтады. Ал шын мәнінде ол дәл қазір өмірдің бар саласында жұмыс істеп тұр емес пе: мемлекеттер бір-бірімен тауарлар мен қызмет түрлерін өзара сауда-саттыққа салуда, мемлекеттер арасында жұмыс күші мен капитал еркін көшіп жүр, көліктік коммуникациялар жұмыс істеуде, адамдар турист ретінде, не болмаса жұмыс бабымен не білім алу үшін басқа елдерге сапар шегіп жүр, әлем бойынша миллиондаған халықаралық білім беру және мәдени бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда, мысалы, мемлекеттер халықаралық қылмысқа қарсы, климаттың өзгеруіне байланысты, денсаулық сақтау, адам құқықтарын қамтамасыз ету және өзге де көптеген салалар бойынша ынтымақтасып, ықпалдасып, бірлесе күресіп, бірлесе жұмыс істеп келеді. Мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастық салаларының көптігі соншалық — бәрін тізіп шығу мүмкін емес.

Бұл жердегі ең маңызды мәселе — мемлекеттер арасындағы кез-келген ынтымақтастық халықаралық құқықтармен реттеледі. Сол себепті мемлекеттер екіжақты немесе көпжақты өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық ережелерін орната отырып, содан кейін халықаралық келісімдер түрінде немесе халықаралық дәстүр ретінде, мемлекеттің міндетті деп саналатын тәжірибесі ретінде бекітілген сол ережелерді сақтайды.

Әрине, егер мемлекет халықаралық құқықты бұзса, оған қатысты халықаралық жауапкершілік шаралары қолданылады — саяси немесе материалдық жауапкершілік жүктеледі. Ал енді халықаралық құқықты бұзу бір немесе бірнеше мемлекеттің мүдделеріне қайшы болса, құқық бұзған мемлекеттің халықаралық жауапкершілігі жөніндегі мәселені жаңағы мүдделеріне нұқсан келген мемлекеттер көтереді. Егер де құқық бұзушылық одан да ауқымды болып, барша мемлекеттер қауымдастығының мүдделеріне нұқсан келтірсе, онда мемлекеттер халықаралық құқықты бұзушыға ықпал ету үшін бірлесе күш салады. Онда да тек халықаралық құқықтық құралдар мен тетіктердің көмегімен құқық бұзушы мемлекеттің құқық бұзуын доғаруға, құқық бұзылмай тұрған кездегі жағдайды қалпына келтіріп, келтірілген шығындарды қайтаруға міндеттейді.

1945-ші жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылғаннан кейін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік — халықаралық құқықтармен қорғалатын құндылық деп танылды. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін мемлекеттердің әскери күштерге жүгіну құқығы шексіз дерлік еді. 1919 жылы Ұлттар Лигасы Статутында жазылған шектеулер көбіне формалды сипатта болды да, сол себепті Ұлттар Лигасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдын ала алмады. Ал енді Біріккен Ұлттар Ұйымы өз кезегінде жаңа әлемдік соғыстың алдын алу міндетін айтарлықтай сәтті орындай алды — 1945-ші жылдан кейін де өкінішке орай, ұлы державалардың мүдделері тоғысқан көптеген локалды қарулы қақтығыстар орын алса да, жаһандық соғыс катастрофасы орын алмады. Бұл сөзсіз, БҰҰ-ның белгілі бір жетістігі болып табылады.

БҰҰ Жарғысын құрастырушылар 2(4), 42 және 51 баптарда мемлекеттердің өзге мемлекеттердің территориялық тұтастығы немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы әскери күш қолдану немесе БҰҰ масқаттарына сай келмейтін басқа да жолдармен қоқан-лоққы көрсетуіне құқығы жоқ деп тікелей жария етті, сондай-ақ, осы тыйымға қатысты екі бірыңғай жағдайға рұқсат етті — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша ұжымдық әскери шараларға және мемлекеттерге өзін-өзі қорғау құқығына рұқсат берді. Одан шығатын қорытынды, мемлекет БҰҰ Жарғысына сай емес жолмен басқа мемлекетке қарсы әскери күш қолданған кезде бұл халықаралық құқықтың жұмыс істемейтінін емес, халықаралық құқықтың бұзылғанын білдіреді — содан барып құқық бұзушы мемлекетке халықаралық саяси немесе материалдық жауапкершілік жүктеледі. Ол аздай, БҰҰ Жарғысының бұзылуы сияқты аса ауыр құқық бұзушылық жасалғанын есепке ала отырып, мемлекетті заңсыз күш қолданғаны үшін жауапқа тарту мәселесін әскери шабуылға тап болған мемлекет қана емес, жалпы, кез-келген мемлекет көтере алады — БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың өрескел бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттерді өзара ықпалдастыққа міндеттейді.

Дәл қазіргі заманда халықаралық құқықтың негізгі міндеті осы құқықты «заманауи» ету, оны «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде айтылған қазіргі күнгі қауіп-қатерлер мен болашақ сын-тегеуріндерге төтеп бере алатындай ету. Өйткені кезінде БҰҰ Жарғысын құрастырғандар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, киберқылмыс, кей кездері бүкіл бір мемлекеттерге үлкен қауіп төндіретін халықаралық терроризм, заңсыз қару-жарақ саудасы және есірткі саудасы, сондай-ақ қазіргі заманның мемлекеттері күресіп келе жатқан басқа да көптеген түрлі қауіпті қылмыстық құбылыстардың белең алатынан білген жоқ қой. Негізі, құқықтың туындаған қауіп-қатерлерге қарсы күресті кешігіп барып бастайтыны қалыпты құбылыс, бұл жерде ең бастысы — құқықтың жауапсыз қалмай, өз тарапынан қарымта қорғаныс әрекеттерін кеш болса да жасағаны. Бірақ та шыны керек, қазіргі заманауи халықаралық құқықтың кемшіліктері аз емес. Агрессия көрсету қылмысы үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізу тетігі әлі күнге дейін жұмыс істемей отыр — мысалы, Нюрнберг және Токио процесстерінен кейін агрессиялық соғысқа дайындалу, оны жоспарлау және бастап кеткені үшін ешкім қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.

Оның үстіне, халықаралық құқықта әлі күнге дейін халықаралық терриоризмге қатысты бірыңғай анықтама да жоқ. Қару-жарақтың жаңа түрлері халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкестігіне қатысты тексеруден өтуі тиіс. Экологтер климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны сауықтандыру мәселелерінде бизнес пен мемлекет тарапынан жүйелі қарсыластыққа тап болуда. Қазақстан Республикасының президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде атап көрсетілген осы және өзге дә мәселелер мемлекеттердің тізе қоса ынтымақтасып, бірігіп күш салу арқылы жедел арада реттеуді талап етеді.

Әрине, ол үшін сәйкесінше, тиісті саяси ерік пен ресурстар керек. Әлем бойынша бюджеттер, ақша-қаражатты әскери мақсаттарға жұмсауды азайтып, оны құқық қорғау мақсаттарына көбірек бағыттау қажет. Тек қана қылмыстық-құқықтық шараларды қолдану арқылы халықаралық қылмыспен күресу тиімді бола қоймайтынын түсіну керек — бұл жерде қаражатты экономика, даму мен білім беруге салған дұрыс, сонда ғана қылмыс деңгейі төмендейді. Тұрмыстық деңгейдегі қылмыс та, ұйымдасқан қылмыс та азаяды. Өркениеттер арасындағы және дінаралық диалогты даму керек — сол арқылы адамдар ең алдымен өздерінің адам екен түйсінгені қажет. Осы жерде менің есіме Бернард Шоудың мына сөздері түсіп кетеді: «Енді міне, біз құс сияқты аспанды ұшуды үйренгенде, су астында балық сияқты жүзуді үйренгенде бізге тек бір-ақ нәрсе жетіспейді: жер бетінде адам сияқты өмір сүру». Халықаралық құқықтың осы бір адамгершілік мақсатқа жету жолындағы рөлі тым құнды, өйткені халықаралық құқық — адамзаттың ортақ тілі, керек десеңіз, барша мемлекеттер мен жер бетіндегі барша халықтардың құндылықтар каталогы, оның құндылығының шын мәніндегі маңыздылығы соншалық, тіпті адамзаттың жер бетінде аман қалуы да оған деген құрметке тәуелді.

1899 жылы Гаагада Бірінші әлемдік бейбітшілік конференциясы болып өтті. Онда көптеген мәселелердің ішінде Еуропадағы қарусыздандыру мен халықаралық дауларды реттеу мәселелері қарастырылды. 2019-шы жылы осы бір тарихи оқиғаға 120 жыл толады. Екінші әлемдік бейбітшілік конференциясы да сондай-ақ Гаагада 1907-ші жылы өтті. Меніңше, егер де Қазақстан Республикасы Бірінші әлемдік бейбітшілік конференциясының алдағы жылы болатын осы бір мерейлі датасына байланысты Астанада «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде айтылған келелі мәселелерді күн тәртібіне шығарып, заманауи бейбітшілік конференциясын шақырып, ұйымдастырса, бұл шынымен де халықаралық құқықты дамыту жолындағы және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы шын мәніндегі тарихи қадам болар еді. 2019 жылға қарай Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелігі аяқталмақ. Соған орай, Орталық Азия мемлекеттері ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған ең алғашқы мемлекет ретінде Қазақстан жер бетінде бейбіт әлемді құруға бағытталған бірқатар халықаралық бастамаларды жүзеге асыра алар еді, дейді Сергей Саяпин.

Елбасы манифесі соғыс атаулыдан адамзаттық қорғанысты күшейтуге үндеп, бейбітшілікке қатысты аса өзекті мәселелерді қамтуға бағытталады. ХХІ ғасырдың қорқынышын дөп баса жариялаған мұндай манифестің әлем елдері үшін маңызы жоғары екенін саясаткерлер де мойындады. Ал сарапшылар оны сақтау күллі адамзат пен қазіргі біртұтас әлем үшін аса маңызды екенін алға тартады.

Атап айтар болсақ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев «Елбасының манифесті ең әуелі әлем әлеуетін әрқилы қиындықтарға қарамастан, бейбіт өмір сүруге, рухани, адамгершілік асқақ сезімдерді құрметтеуге шақырған аса маңызды бағдарламалық құжат» екендігін тілге тиек етті.

«Қазақстан – алапат қарудан бас тартқан төрткүл дүниедегі тұңғыш ел ретінде басқалардың да өзінен үлгі-өнеге алуын қалайды. Сондықтан Қазақстанның осындай қайырлы қадамына ешкім күдікпен қарамайды. 25 жыл бұрын Қазақстан басшысының Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Содан кейін ғана әлемдегі басқа ядролық державалар атом қаруын сынауға мораторий жариялай бастады. Былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру жөнінде декларация қабылдады. Сондай-ақ 2015 жылы Қазақстанда Төмен байытылған ядролық атом банкі құрылды. Мұның бәрі еліміздің ядролық қарусызданудағы көшбасшы саясатын, атом қуатын тек қана бейбіт мақсаттарға пайдалануға мүдделі екендігін көрсетеді», дейді Э.Полетаев.

Монтеррей халықаралық зерттеулер институтының ғалымы Майлз Помпер Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы терең мағынасымен, мәні зор дүниелерді қамтығанымен ерекшеленетінін алға тартады.

«Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында өзін белсенді ел ретінде мойындатып келе жатыр. Ядролық қарусыздануға қарсы мемлекет ретінде Қазақстанның әлемге айтары да, бөлісер тәжірибесі де бар. Тұтастай алғанда, жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартқан Қазақстанның бұл әрекеті барлық мемлекеттерге үлгі бола алады», дейді Майлз Помпер мырза.

«Қазіргі заманғы даму институты» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіндегі «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестіне қатысты сарапшылар арасында сауалнама жүргізген болатын. Бұл сауалнамаға жүзге тарта сарапшы қатысқан. Қатысушылардың 95,5 пайызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс – әлемге төнген үлкен қауіп» деген пікірін толық қолдайтындықтарын білдірген. Сарапшылардың 98 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит аясында жариялаған жаһандық ауқымдағы ықтимал соғыс қатері туралы мәселенің қойылуын уақытылы деп біледі. Ал 97,6 пайызы «XXI ғасырдағы аса үлкен проблемалардың бірі – ядролық терроризм қатері, сондай-ақ ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы» дегенімен келіскен. Сауалнамаға қатысқандардың 94,3 пайызы «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт шынымен де өз мақсатын орындамады» деген пікіріне қосылатындықтарын айтқан. Сарапшылардың 96,6 пайызы «ядролық терроризм қатер төндіріп тұр» деген пікірді ешқандай да жоққа шығармайды. Сауалнамаға қатысушылардың 97,7 пайызы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестін құру бойынша Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтындықтарын жеткізген. Ал респонденттердің 92 пайызы осы құжатта ұсынылған үш басты қағидат бүгінгі жаһандық шындыққа сай келеді деп есептейді. Бұдан бөлек, сарапшылардың 95,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларациясы Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі жетістіктерінің бірі», деген ойларын білдірді. Қорыта айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестіәлі күнге дейін үлкен талқыға түсіп жатқан өзекті мәселелердің біріне айналды. Ал Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – барлық қазақстандықтар үшін тарихи акт, қазіргіміз бен келешегімізге серпіліс беретін үлкен бастама болып қала бермек.

Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыров Елбасы бастамаларының аса маңызды екенін айтады. Әлем елдерінің көшбасшылары президенттің «Әлем. XXI ғасыр» манифестінде айқындалған міндеттерге жұмыла кіріскені абзал. Геосаяси мәселелер бұған өз ықпалын тигізбеуі тиіс, дейді сарапшы.

Егер шынымен де үлкен ядролық державалардың бірі ядролық кнопканы басса – ешкімге де жақсылық болмайды. Мысалы, Ресей Америкаға қарсы басса, немесе Америка Ресейге қарсы басса, оның зардабы сол елдерге ғана тимейді, бүкіл әлемге, жалпы адамзатқа орасан зиян тиіп, үлкен қиянат болар еді. Сол себептен әрине, бұл ядролық арсенал қанша жерден үлкен күш болса да, адамзат одан бәрібір де бас тартуы керек. Және де біздер біздің Қазақстан сияқты мемлекетіміздің, оның президентінің әлемді бейбітшілік, тыныштық пен аманшылыққа бастайтын игі бастамаларын қолдауымыз керек, дейді сарапшы.

Соңғы жылдары мұсылман елдерінің арасында да тұрақсыздық туындады. Бұл жағдайға президент Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде кеңінен тоқталған. Сөйтіп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ислам әлемінің тату-тәтті күн кешуін көздейтін Стамбұл декларациясын қабылдаған. «Әлемде ядролық қасірет енді қайталанбауы керек!». Жер-жаһанның саясаткерлеріне осылай деп үндеу жолдаған Елбасы жаппай қырып-жою қаруларының көлемі жағынан төртінші болған еліміз оларды сынау жұмыстарын түгел тоқтатқанын жүрген жерінде насихаттаудан танбай келеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз