Нұр-Сұлтан
Қазір
-13
Ертең
-14
USD
524
-1.41
EUR
551
-1.85
RUB
4.93
0.00

Хәрри Поттер қазақша сөйледі

750

Биылғы жылдың 3 ақпанында Қазақстан баспасөз клубында шытырман оқиғаға толы “Хәрри Поттер және пәлсапа тас” кітабының тұсаукесері өтті. Бір қуанатын жайт, кітап тікелей ағылшын тілінен, түпнұсқадан аударылған екен.

Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ тіліне аударуға бұл бүкіләлемдік бестселлердің үлкен-кішіге бірдей қызық болатыны, Қазақстанда көпшілікке кеңінен танымал екені себеп болған.

Осы баспаның негізін қалаушы және басшысы Райса Сайранқызы Қадыр:

– “Бүкіл әлем білетін, 80 тілде жарық көрген серияның әлі күнге дейін қазақшаға аударылмағанына, 20 жылдың ішінде бұл істі қолға алатын ешкім шықпағанына алғаш таң қалғаным рас. Біздің баспа тәржімаланатын кітаптарды өз қалауына, мақсат-жоспарына, тәжірибесіне  сүйене отырып таңдайды. Сондықтан кезекті жобамыз ретінде осы “Хәрри Поттер” топтамасын қолға алып, аударуға кірісіп кеттік, – дейді. Сондай-ақ, ол қазір

екінші роман бойынша жұмыс жүріп жатқанын, ал негізгі топтамаға кіретін жеті кітаптың 2020-2021 жылдары толық аударылып, оқырмандарға жол тартатынын хабарлады.

Қазақ тіліне аударылған кітаптардың басым көпшілігінің аудармасы сынға ұшырап жатады. “Хәрри Поттер” топтамасының бірінші кітабымен жұмыс істеген аудармашылар тобының жұмысы да сынға ұшырап, талас туғызған пікірлер көп болды.

Әлеуметтік желілерде кітап туралы алғаш ақпарат беріп, жарилағаннан бастап  кітаптың атауы мен автордың аты-жөні, кейіпкерлердің аты оқырман назарына ілікті.

Неге “Гарри” емес “Хәрри”?, “Неге “Роулинг” емес “Роулиң”? деген сұрақтар көп қойылды.

Бұл туралы жобаның жауапты редакторы Назгүл Қожабек:

– Әрине, “Гарри” мен “Роулингке” үйреніп кеткен көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде “Harry” [hæri] болып транскрипцияланады. Ал “ә” дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі “Rowling” деп оқылады, яғни “ң” дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан Біздің нұсқада “Гарри” емес “Хәрри”, “Роулинг” емес, “Роулиң” боды, – дейді.

Кітаптағы Мэнди Броклхөрст (Brocklehurst Mandy), Хәрмиона Грейнжер (Granger Hermione), Уүдкрофтық Хенгист (Hengist of Woodcroft) деген кейіпкерлердің атауы да осы бағытта жазылса керек.

Сондай-ақ аударма авторлары тәржімә барысында адам аттарының, жер-су атауларының көпшілігін түпнұсқадан ауытқымай беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

“Басты мақсатымыз қандай да бір сөзге қазақ тіліндегі дәл, нақты, сайма-сай балама табу болды. Аударманы оқыған адам түпнұсқаны оқығандай әсер алса, аудармашы өз мақсатына жеткені. Жақсы аударма көркем шығарманың бар бояуын, стилін сақтай отырып, аударылатын тілде жазылғандай жатық оқылуы керек. Біз сол мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын, – деді “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас ” кітабының аудармашыларының бірі Динара Мәзен.

Қазақ тілінде кездесе бермейтін ерекше атауларды тәржімалауда аударма авторларының үлкен ұжымдық жұмысы мен  шеберлігі көрінеді. Мәселен, кітаптың жетінші тарауының атауын “Ішірткі шебері” (ағылш. The Potions Master) деп аударған. Мұндағы “ішірткі” сөзі халық емшілері мен молдалардың емдеу әдістерінің бірі. Құранның белгілі бір аят, сүрелерін қағазға жазып, оны суға езіп ішкізіп, науқас адамды сендіру арқылы емдеу әдісі. Қазіргі қазақ тілінде кездесе бермейтін бұл атау ағылшын тіліндегі сөзге мағыналас келеді.

Аудармашылардың бірі Саят Мұхамедияр:

“Қиял ғажайып туындыларда автор кейіпкерлерлің атауын жай ғана бермейді. Кейіпкердің өзіне тән ерекшелігін көрсету үшін қолданады. Мысалы, Longbottom Neville кейіпкерінің атын естігенде ағылшын тілді оқырман “арты жағы ұзын”, ебедейсіз бір бейнені елестетеді. Оның  француз, италян, орыс тіліндегі атауы да осы тектес мағыналары білдіреді. Қазақ тілінде біз оны “Невил Ұзынбұт” деп аудардық. Бұл атау шығарманы оқып отырған адамға еріксіз езу тарттырады деп ойлаймыз”, – деді.

Баспа басшысы кітаптың тілі жеңіл әрі түсінікті екенін алға тартып, оқырман көңілінен шығып үлгерді деген пікір білдірді.

Қазірдің өзінде “Хәрри Поттер” топтамасын сүйіп оқитын қазақстандық жастардың арасында “Поттержандар”, “Поттербастар” фанклубы құрылды.

Осы жылдың 7 ақпанында Жамбыл атындағы қалалық жасөпірімдер кітапханасында “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” кітабының ресми тұсаукесері өтеді.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз