Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Латын әліпбиі жайлы сарапшылар не дейді?

663

Латын әліпбиіне, оның бүгіні мен болашағына және Мәжілісте назарға ұсынылған жаңа нұсқасына қатысты ғалымдар, саясаттанушылар жалпы сарапшылар қауымы не ойлайды? Осы мақсатта әліпбиге қатысты өз көзқарастарын ортаға салған елге белгілі азаматтардың пікірін топтастырып бердік.

 Ербол ТІЛЕШОВ, қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры: 

“БҰЛ ӘЛІПБИ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК”

“Жаңа жазбаны қабылдау бір белгіні екіншісіне ауыстыра салу емес. Ұсынылып отырған нұсқада латын әліпбиінің төл белгілері ғана бар. 
Диакратиктер қазақ тіліндегі өзіне тән дыбыстарды сақтауға кепіл бола алмайды. Мәселен, смартфондар мен өзге де жазба құралдары бізге түрлі елден келеді, онда латынның 26 ғана әрпі бар. Диакритикалық белгілерді жаңа латын әліпбиіне енгізетін болса, оларды сирек қолданатындықтан, қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыстарынан айырылып қалуымыз мүмкін.

Қазірдің өзінде, әсіресе жастардың арасында “ә” әрпін “а”-ға, “қ” әрпін “к”-ға ауыстырып қолдану кең таралған, ал кейбірі тіпті “ғ”, “ң”, “ү”, “ұ” сияқты әріптерді елемейтін болған.

Осының нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді.

Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Ал орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады.

(диграф – екі әріппен таңбаланатын дыбыс, ред.)

Бекболат ТІЛЕУХАНдепутат:

 “МЕН БЫЛАЙ ОЙЛАЙМЫН…”

– Біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт дайындады. Қалта телефонымызға келген СМС хабарлар орыс тілінде келген информацияның өзі латиницамен келіп, солай дайындады.

Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес, әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын деп ойламаймын. 1929 жылы біздің қазақ арабикадан латиницаға бар болғаны екі-ақ жылдың ішінде ауысқан. Содан қиын емес. Ең бастысы ниет керек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ«Егемен Қазақстан РГ» АҚ Басқарма төрағасы: 

“ҚАЗАҚСТАН ДА ЕМЕС, КАЗАХСТАН ДА ЕМЕС, QAZAQSTAN”

– Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтыламыз. Мысалы, қазір мемлекетіміздің атауы 3 түрлі жазылып жүр. Латын әліпбиі арқылы мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз.

Сонымен қатар, жаңа әліпби арқылы шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын әліпбиін қазақ емлесі арқылы қабылдау бұл мәселені бір ізге түсіреді.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

“ШАШЫЛҒАН ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСАМЫЗ” 

– Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру.

«Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз.

Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді.

Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады.

Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі.

Ғарифолла ЕСІМакадемик:

“ӘРІПТІ КӨБЕЙТПЕУ КЕРЕК! 

– Біз өзімізге өзіміз келуіміз керек және өзіміздің кім екенімізді бүкіл  әлемге танытуымыз керек. 

Мұның тура жолы  – латын әліпбиіне көшу. 42 әріпті кирилица – бұл орыстың кирилицасы емес. Егер орыстың кирилицасында болса біз көшпей қалар едік, орыста – 33 әріп. Бізде – 42. Мұндай әріп ешқай жерде жоқ. Біз ешқайда сыймай жатырмыз. 

Мына нәрсені айта кетейін.  Жаңа қазақ әліпбиінде әріпті көбейтпеу қажет. Мына түрік, әзербайжан, өзбек ағайындар әріпті көбейтті. Қосымша астынан, үстінен символдар салды. Мұның бәрі қосымша.

Біз өркениетке өтеміз десек ағылшынның тәртібімен жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын.

Балаларымызға, немерелерімізге, ұрпағымызға жеңіл болсын.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры: 

“ПЕРНЕТАҚТАҒА ЫҢҒАЙЛЫ МА?”

– Біріншіден, латынға көшу – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде даму логикасының бір бөлігі. Өйткені кез келген графика реформасы не отарлау, не елдің азаттық алып, дербес мемлекет ретінде даму процесімен қатар жүретін құбылыс.
Ал талқылауға ұсынылған алфавит жобасына келер болсақ, өз басым

таңдалатын таңбалардың ағылшын тіліне арналған пернетақта (keyboard) аясынан шықпағанын қалар едім.

Қазақтілді мазмұнмен, мәтінмен жұмыс істейтін орта мұны қолдайды деп ойлаймын. Ұсынылған нұсқа осы талапты ескерген.

Латын пернетақтасында 26 әріп пен ‘ (apostrophe) белгісі бар. Осының негізінде тіл нормаларын бұзбайтын әрі қолданысқа ыңғайлы қазақ алфавитін жасауға әбден болады. Ол үшін бір дыбыс – бір әріп қағидасына байлану шарт емес, алайда дифрафтардың санын да тым көбейтуге болмайды. Меніңше, кейбір дыбыстарды бере алатын 3-4 дифрафтан аспаған дұрыс.

 

Ерлан САИРОВ, саясаттанушыКартинки по запросу ерлан саиров

“ЕНДІ КЕШІГУГЕ БОЛМАЙДЫ” 


–  Жер шары халқының 80 пайызы шама-шарқынша латын әрпін пайдаланады. 
Латын әліпбиіне көшкеннен соң қазақ тіліндегі жаңа терминдерге байланысты келеңсіздіктер жойылады. Бұл реформаны қабылдау арқылы біз басқа халықтар сияқты өзге тілдерден алған сөздерді өз фонетикамызға жақындатып алатын боламыз.

Бізге тілімізді модернизациялау қажет, яғни басқа әліпбиге көшу кезінде тілімізді модернизациялау мүмкіндігіне ие боламыз.

Латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы. Кез келген гаджетте, әлемнің кез келген нүктесінен стандарттық QWERT клавиатурасын пайдаланып жаза аламыз. 

Қазақ әдебиеті – әлемдегі ең бай, тегі асыл әдебиеттердің бірі. Бірақ жазушыларымыз бен ақындарымыздың көптеген шығармалары алыс шетелге тарай алмады. 

Парадокс болса да айтайын, оның бір себебі кириллицада жатыр.

Басқа тілге аударған кезде шығарманың барлық мағынасы мен мәнінің 30 пайызы жоғалады. Ал шығармаларымызды әуелі орыс тіліне, сосын ағылшын тіліне аударған кезде оның мән-мағынасы мен құндылықтарының 60 пайызын жоғалтамыз. Сол себептен де әлем кеңістігі біздің шұрайлы тілімізден бейхабар, оның мағыналық және құндылық кереметтілігін білмейді. 

Егер латын әліпбиін ендіру процесінде кешігер болсақ, кері кеткеніміз кеткен…

 

САҒАДИЕВ НЕ ОЙЛАЙДЫ? 

– Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі иниституты екі топ құрып, қазақ тіліндегі латын әліпбиінің варианттарын жасады. Өздеріңіз білесіздер, оны Мәжілісте көрсетті. Енді сол әліпби көпшіліктің талқысына ұсынылды. Уақытымыз бар. Сондықтан оны жақсылап талқылайтын боламыз.

Биыл қазақ тіліндегі жаңа әліпбиді қабылдасақ, кейін әліпбиді енгізу кестесін жасаймыз

Маған жаңа әліпбиде 25 таңба болғаны ұнады. Енді ары қалай халық өз пікірін айтсын.

Мақаланы әзірлеу барысында

Жас Алаш, Егемен Қазақстан, Baq.kz және

басқа ақпарат құралдарының материалы пайдаланылды. 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз