Грузия үкіметі қазір баламалы қуат көзін дамытуды мықтап қолға алып жатыр екен. Елдің энергетика министрлігі Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқаннан кейін осы бағытта белсенді жұмыс істеп, алға амбициялық мақсат қойған.
Бұл туралы осы елдің балама қуат көздері жөніндегі сарапшы Леван Павленишвили айтты.
Халықаралық шарадан кейін ел билігі энергетика саласына инвестиция тарту жөнінде жоспар құрып, нақты қадамдар жасай бастады. Сарапшылар да Грузияның әлеуеті зор деп отыр.
– Баламалы қуат көзі мәселесінде инвестицияның рөлі зор. Бұл – жел энергиясы. Сонымен қатар жылдан жылға қолжетімді болып келе жатқан күн энергиясын өндіру бағытындағы жекелеген бастамалар да маңызды. Дамыған елдерде, мысалы, Қазақстанда осы саланы қолдайтын көптеген жоба жұмыс істейді. Бұл да біздің елге оң әсерін тигізіп отыр, – дейді баламалы қуат көзі жөніндегі сарапшы Леван Павленишвили.
ЭКСПО-ның ашылу салтанына Грузия президенті Георгий Маргвелашвилидің өзі қатысқан. Ал көрме барысындағы ұлттық күн шарасы кезінде грузиндердің атақты әншілері Нани Брегвадзе мен Тамара Гвердцители ән шырқап, «Рустави» ансамблі биден шашу шашты.