Желіде түлектер гранттың басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың оқушыларына беріліп кеткеніне наразы. Олардың айтуынша, төтенше жағдай деген жеңілдігі барлардан жоғары балл алса да, грантқа өтпей қалу әділетсіз деп санайды.
Түлектердің біршамасы жоғары баллмен грантқа түспей жатқан кезде төтенше жағдайдан зардап шеккен аймақтардың түлектері төмен баллмен конкурсқа ілігіп кеткендерін айтады. Наразы ата-аналар мен талапкерлер петиция жариялауға дайын.
«Соңғы деректерге сәйкес, гранттың 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен аймақтың түлектеріне бөлінді. Бұл мүмкіндік расымен талантты және дайындығы мол студенттердің лайықты білім алуына кері әсер етті. Олар емхитанға барынша дайындалып, бар уақытын білімге арнады, бірақ нәтижесіз қалды. Грантты әділетсіз бөлу білім жүйесіне деген сенімсіздік тудырады. Министрліктен грантты бөлу қағидасын қайта қарауды сұраймыз. Төтенше жағдайда қалған аймақтың түлектеріне бөлек грант бөлінсін», – делінген петиция мәтінінде.
«Туризм мамандығына 97 баллмен түспедік, бірақ кейбіреулер 52 баллмен оп-оңай өтіп кетті», «105 баллмен ешқандай мамандыққа грантқа ілікпедім, ал мен қалаған мамандыққа жұрттар 70-80 баллмен өтіп кетіпті, Әділетсіз», «112 баллмен грантқа түспедім, ал менің мамандығыма бәрі дерлік 60-70 баллмен өтіпті», «122 балыммен университетке түсе алмадым, себебі көп аймақты су басты» – деп жазды желідегілер.
«Біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді», – деді Саясат Нұрбек.