Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Газды ашып, от қойды”. Көкпектіде кәсіпкер үйіндегі қанды оқиғаның мән-жайы белгілі болды

 

Бұл туралы YK-news.kz сайты хабарлады.

Қылмыскерлердің нысанға алған отбасы құрылыс материалдарын сатумен айналысатын оралман-кәсіпкер екен. Қаскөйлер бұл үйге баса-көктеп кіргенде, ешкімді тірі қалдырмаймыз деген ойда болыпты.

Үш күдікті де қарызға белшесінен батқан осы ауылдың жұмыссыз азаматтары екен. Біреуі бұрын сотты болған. Бұл туралы ауыл тұрғындары мен қайғы жұтқан отбасының туыстары айтып берді.

Қарақшылар бетперде де кимепті

„Қайтыс болған Мұратхан Фатиханұлының жеке кәсібі болған. Құрылыс материалдарын сатумен айналысқан. Түн жарымында 34 жастағы Мұратхан Фатиханұлының есігін екі жас жігіт қағады. Үй иесі олардан еш күдіктенбеген. Себебі бұл жігіттер бірнеше мәрте телефон шалып, құрылыс материалдарының бағасын сұрап, сатып алмақшы болып уағдаласқан. Онысы, дүкенге сыймай, үй ауласында жатқан шифер болған. Есік қаққан жігіттер сол шиферді алуға келіп тұрмыз, ақшаны үйге кіріп, санап берейін дейді.

Есікті енді ашып, үйге кіре бергенде, гүмп еткен дауыс шығып, Мұратханның артынан оқ тиеді.

Мылтықтың дауысын естіп, бірінші Мұратханның әйелі сыртқа жүгіріп шығады. Ұрылар қайта оқ жаудырып, әйелдің қолын жарақаттайды. Келіннің артынан Мұратханның әкесі шығады. Ол қарақшының біреуімен алысып жатқанда, екіншісі артынан келіп, оқтаумен басынан ұрып, есінен тандырып тастаған„, – дейді Мұратханның күйеу баласы.

Қарақшылар қартты талдырып тастаған соң, отбасының басқа мүшелерін іздей бастайды.

Тіпті, бетперде де кимеген. Жаралы Мұратханның әйелін, әкесін, анасы мен 7 және 5 жасар екі баланы бір бөлмеге қамайды.

Үлкендерді скотчпен байлап тастап, ақшаның қайда сақталғанын сұрап, қинайды. Бір сағаттың ішінде ақша іздеп, үйдің астаң-кестеңін шығарған. Олар ара-тұра біреуге телефон шалып, ақшаны қай жерден іздеу керектігі туралы нұсқаулық та алып отырған. Сөйтсе, біреуі сыртта көлікте күтіп отырыпты. Әлгілер қарт – Фатиханды қинап, кейін атып тастайды.

Сөйтіп, олар 4,5 миллион теңгені  қолды етеді. Олар қылмыстың ізін жасыру үшін газды ашып, төсекті өртеп жіберген.

Бірақ Құдай сақтап, үйдегілер аман қалады.

Кәсіпкердің дүкені

 

Алдын ала жоспарлапты…

«Құдайдың өзі көмектескен шығар, байлап-матап тастаған жерінен босап шыққан ғой. Мұратханның анасы қол-аяғын шешіп, ас үйдегі өртті сөндіреді. Содан соң, басқа отбасы мүшелерін босатып, полиция шақыртады», – дейді туысы Серік Жеңісханұлы.

Туыстарының куәлік етуінің арқасында қарақшылар көп ұзамай, ұсталады.

«Біреулер ауладан жүгіріп шыққан екі жігітті көріп қалады. Бейтаныс адамдардың түн ортасында жүргені күдік туғызып, олар отырған көліктің нөмірін естеріне сақтап қалған. Барлық бекетке қарақшылар көлігінің маркасы мен нөмірі хабарланады. Осылайша, жедел-іздестіру тобы 3 күдіктіні қолға түсірді. Белгілі болғандай, олар қылмысты алдын ала жоспарлаған. Және бір күдікті бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған екен», – дейді облыстық прокуратурадағылар.

Алдын ала дерек бойынша, ұсталған үшеудің бірі қазақ, біреуі орыс, ал енді бірі татар. Үшеуі де жергілікті тұрғындар, жұмыссыз жүргендер. Қарақшылар жұмыссыз болғандықтан, қарыздары да басынан асады екен.

«Олардың қарыздары көп болған деп естідім. Тіпті, бірнеше миллионға жетеді», – дейді Серік Жеңісханұлы.

“Әлі қорқып отырмыз…”

Көкпекті тұрғындарының айтуынша, Мұратханның әйелі қазір ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр.

«Мұратханның әйелін бірден аудандық ауруханаға жеткізген, бірақ жергілікті дәрігерлер оны облыстық ауруханаға ауыстыру керектігін айтқан. Санавиацияның көмегі керек болды, бірақ ауа райына байланысты тікұшақтың ұшуына тыйым салды», – дейді Мұратханның күйеу баласы.

Сөйтіп, әйелді қалаға туыстары жеткізген.

«Жергілікті билік бізге көңіл айтумен шектелді. Тіпті, мәйітханадан туыстарымыздың денесін өзіміз алып келдік. Адамгершілік танытып, жедел жәрдем көлігін бөліп берсе, болар еді ғой. Отбасы үлкен қайғыны бастан кешіп отыр…»,- дейді ренішін жасыра алмаған ол.

«Балалардың зәресі ұшқан. Олардың көзінше, туыстарын қинап, өлтірген. Қазір оларға психологтардың көмегі қажет», – дейді ауылдастары.

Қарақшылар ұсталғанымен Мұратханның туыстары өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 10-нан 11-не қараған түні Көкпекті ауылында кәсіпкердің үйіне баса-көктеп кірген екі адам үй иесін, содан соң, оның қария әкесін атып өлтіреді.

Содан кейін, „Жасырылған бағалы заттар мен ақшаны шығарыңдар„ деп отбасы мүшелерін қинаған. Қаскөйлер үйде болған екі әйелді байлап-матап, 1 млн теңгеден астам қаражатты алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен Көкпекті ауданының 3 тұрғыны ұсталды. Олар – 1990-1991 жылғы жігіттер. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз