Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Министрлерді сөзбен сойып-сойып алу керек” – Әміржан Қосанов

Ресейге салынған санкция легі Қазақстанды да құрдымға кетіруде

Әміржан Қосанов басымызды сұғып алған Еуразиялық экономикалық одақтан шығуды армандамай-ақ қоюды айтады. Дегенмен бұл үнемі бас шұлғи беру керектігін білдірмейді.

– …Қазақ айтады көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр дейді, яғни көршің соқыр болса, көзіңді қысып жүруге мәжбүр боласың. Сол секілді Ресей қысылса, демек біз де қысыламыз. Үлкен экономикамыздың салалары, меншік формасы жағынан, тауарды сату, логистика жағынан біз Ресейден тыс болсақ, қазір жағдайымыз басқаша болар еді. Ал

Еуразиялық одақ деген бұрын да тонның ішкі бауындай араласып кеткен экономикалық байланысымызды одан сайын ресми түрде бюрократтық тұрғыдан заңдастырып жіберді ғой.

Содан келіп, енді титтей болса да Ресейдің бизнесімен аралас-құраласы бар қазақстандық бизнестің шетелдің қаржы алаңына шығуы екіталай болып қалған. Өйткені Ресей бизнесінің иісі мүңкіп тұрады. Әрине, Ресеймен аралас-құраласы болған соң шетел біздің көп компанияға шлагбауымды қойып тастады.

Қазақстан мен Ресей бір-бірімен келісілген сыртқы саясатты жүргізеді деген бап бар арадағы келісімшартта. Оған Путин де, Назарбаев та қол қойды. Әрине, келісілген сыртқы саясат деген нонсенс. Біз оны кезінде айттық. Қазір біз соның „жемісін жеп„ отырмыз. Әрине, бір әрекет қылу керек.

Біріншіден,

Еуразиялық экономикалық одақтағы бізді Ресей бизнесіне, Ресей экономикасына, тіпті керек десеңіз, Кремльдің саяси шешімдеріне тәуелді ететін баптарды қайта қарауды талап ету қажет. Келіссөз жүргізушілер айтуы керек, кеше жағдай басқа болатын, санкция салдарынан бізде мынандай құлдыраулар болып жатыр, ендеше „Дружба дружбой, но табочок по рознь„ деп орысша ашығын айтып, арадағы баптарды қайта қарайық деп оларды дөңгелек үстелге шақыруы тиіс. Бұған бір батырлықтың керегі де жоқ. Өйткені Трампты жек көруге болады, оған күлуге болады, оны түсінбеуге болады, бірақ Трамптың „отандық бизнесті қолдаймын„ деген идеясы оның бәрін жуып-шайып кетіп отыр. Күш, үлгі деген осы.

Екіншіден,

отандық бизнестің басқа шетелдік нарықтарға жолға шығуы үшін өзге логистикалық бағыттарды қарастыру керек. Шетелге бару үшін Ресей арқылы өтетін жүктеріміз тоқтап қалатындай болмауы тиіс.

Үшіншіден,

біздің сыртқы істер министрлігі Украинаға, Қырымға, Сирияға қатысты позициясын айқындай түсіп, өз ұстанымын ашық жариялауы қажет. Бұл өте ауыр нәрсе. Ол біздің министрліктің қолынан келеді деп айта алмаймын. Әрине, Ресеймен бұл үшін жауласудың қажеті жоқ. Бірақ олар одақтас болған соң біздің жағдайымызды түсінуі шарт. Оны үнемі ескертіп, айтып отыру керек. Бұл бағытта бір нәтижеге қол жеткізсек, онда Батыстың Ресейге салған санкциясы ішіне еніп кеткен қазақстандық бизнесті арашалап алуға болатын секілді, – дейді Әміржан Қосанов.

Ресей Федерациясын ыдыратып тынатын үш себеп туралы

Саясаткер Еуразиялық экономикалық одақтан құтылатын күн алыс еместігін де болжайды.

– Қылышынан қаны тамып тұрған КСРО ішінде жүріп, оның ыдырауын біз мүмкін емес деп ойлайтынбыз. Бірақ ол ыдырады. Оны ғаламдық апатқа да балап жатыр. Ал біз оған қуанып жатырмыз. Ол – бір. Екіншіден, беделді ұйымдар ыдырау туралы болжам айтып жатыр. Қазақтар: „Жел тұрсмаса шөптің басы қимылдамайды„ – дейді ғой. Меніңше, бұл арада үш себеп бар.

Біріншіден, Путин, яғни қазіргі Кремльдегі билік Ресейдің федеративтік құрамын қайта қарап, оны унитарлық мемлекетке айналдыруға тырысуда өз ішінде белгілі бір деңгейде қарсылыққа ұрынуда. Олар, әрине Конституцияға қарсы шыға алмайды. Тіпті,

мемлекет басшылары атын – президент дегенді алып тастап жатыр. Кейбір ұлттық округтарды, мысалы Пермь облысына қосқан секілді қосып жатыр. Енді ол аумақтың атында ұлт атауы аталмайтындай болуда. Демек, қауіп жоқ емес, бар ғой.

Көріп отырғанымыздай, Путин жасаған ішкі қысым пружина секілді кері серпіліс беруде. Әрбір ұлттық құрылым – чукча, евенка болсын, каймыр болсын, бәрібір олардың бір Салават Юлаевтары бар. Ұлттық идея ол ешқашан өлмейді. Сондықтан Путиннің ықпал ететін өңірлерді әкімшілік, репрессивтік жүйемен ұстап қалуға тырысуы наразылықты күшейте береді.

Одан бөлек Путин маңайындағы саяси элитаның наразылығы тағы бар. Сарапшылар мұны ашық айтып жүр.

Лондонда, Вашингтонда бизнесі бар, болашағын бүкілдүниежүзілік қаржы жүйесімен байланыстыратын олигархтар Путиннің қазіргі саясатына қарсы.

Үшіншіден, жаһандану. Мәскеуде отырған шенеунікке Уралдың арғы жағында отырған ұлттық құрылым бір абориген болып көрінер, дегенмен интернет, ютуб бар, үлгі көрсетіп жатқан – Шотландия мен Барселонаны бөліп аламыз дегендер бар. Иә, осындай дамыған мемлекеттерде ұлттық құрылымдарды қайта қарау процесі болып жатқанда неге ол Уралдың арғы жағынан өз көрінісін таппайды?

Сондықтан, меніңше, осы үш себеп міндетті түрде Ресей Федерациясын ыдыратып тынуы мүмкін. Әрине, ыдырау деген өте ауырлау болар, дегенмен Путин ұлттық құрылымдардың өзіне деген симпатиясын енді қайта қайтара алмайды. Ал бұл фактор Ресей мемлекетінің тұтастығына белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді.

Ошақбаев мәймөңкелемеуі керек еді…

Әміржан Қосанов өз сұқбатында Денсаулық министрі Елжан Біртанов пен қоғам белсендісі Рақым Ошақбаевтың теледебатына баға берді. Оның пікірінше,

бұл дебат еліміздегі кез келген салық төлеуші министрге тікелей сұрақ қойып, оған жауап алуға құқылы екенін көрсетіп, қоғам белсендісі деген институттың мәртебесін бір көтеріп тастады.

– Мен бұл дебатты көрдім. Шындығын айтсақ, итжығыс болды. Қалай болғанда да медициналық сақтандыру өркениетті елдерде пайдаланылып жатқан үрдіс. Ол керек нәрсе. Сондықтан Біртановтың айтуының жаны бар. Бірақ…

Ошақбаев айтқандай, оның уақыты, бақылау формасы, қазіргі таңдағы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына сай келмейді. 2,5 миллион халықтың оған бірдей ат салысуға қауқарлы екендігіне қатысты да дүдамал сұрақтар көп. Өз басым,

Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұл процесті қолданысқа енгізуді 2022 жылға дейін шегере тұрайық деуінің жаны бар деп санаймын.

Қоғам төлем төлейтіндей қауқарлы, әл-ауқатты болуы тиіс. Сонда бұл жүйе жұмыс істейді.

Рас, бұл дебат арқылы Ошақбаев қоғам белсендісі деген институттың мәртебесін бір көтеріп тастады. Үкімет мүшесімен иық тірестіріп, өзінің халық атынан сөйлесе алатынын дәлелдеді. Сөзі өткір шықты.

Біртанов та жаман емес. Бірақ ол шенеуніктік шектен аса алмады.

Ал Ошақбаевта ой еркіндігі анық аңғарылды. Алайда ол мәдениеттіліктен аса алмады. Бұл оның осал тұсы болды. Өйткені дебат болған соң ашық айқасқа шығу қажет. Тұқыртатын жерде тұқыртып, салатын жерде сөзбен сойып-сойып алу керек. Ал ол қарсыласына сыйластық танытып, тізгінді үнемі тартумен болды. Дегенмен халықтың ойында жүрген сауалды ол жақсы жеткізді. Бұл болашақ дебатқа шығатындар үшін жақсы сабақ болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл еліміздегі кез келген салық төлеуші министрге ел алдында шығып, сұрақ-жауап ала алатынын көрсетіп берді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз